Саусақ ұшындағы әлем

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Инклюзивті білім беруді дамыту» жобасын жүзеге асыру аясында Өскемен қаласындағы №19 қосымша білім беру мектеп-орталығында зағип және көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы сынып ашылды. «Дара» жеке қайырымдылық қорының және меценаттардың қолдауымен ашылған сыныптың оқушылары тегін ыстық тамақпен де қамтылатын болды.
Облыстағы тұңғыш тифлокабинет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір елімізде зағип және көзі нашар көретін 3500 бала тіркелген. Ал облыста кәмелет жасына толмаған 27 зағип бала бар. Өскемен қаласында 14, Семей қаласында сегіз, Курчатов қаласында екі және Абай, Жарма, Шемонайха аудандарында бір баладан бар.
Көзі көрмесе де, ақыл-ойы түзу балалардың білім алып, ары қарай дамуы үшін тиісті жағдай жасалу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Көп жағдайда мектеп жасына келген зағип балалар отбасынан ажырап, өзге қалалардағы интернатқа баруына немесе үйде оқуына тура келетін. Мәселен, осы уақытқа дейін Өскеменде көру қабілетінен айырылған балаларға білікті көмек көрсететін сынып болған жоқ. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқу үшін Семейдегі арнайы мектеп-интернатқа баратын. Кейде онда орын болмай қалады. Енді осы ашылған сынып жаңа оқу жылынан бастап мүмкіндігі шектеулі тоғыз баланы қабылдайтын болды.
Мектепте кедергісіз орта қалыптастырып, сыныпты күрделі жөндеуден өткізу үшін Өскемен қаласының әкімдігі 10 миллион теңге бөлгендігін айта кеткен жөн.
«Дара» қайырымдылық қоры жалпы құны 8 миллион теңгенің арнайы қондырғыларымен, оқу құралдарымен жабдықтады. Сыныпта емдік-дене шынықтыру бөлмесі, балалардың білім алуына қажетті құралдар, Брайль басып шығару машинасы, бедерлі графиканы басып шығаруға арналған құрылғы, дыбысты калькулятор, тренажерлар, магнитті шыны, арнайы оқу-әдістемелік және көркем әдеби кітаптар мен дәптерлер сатып алыныпты. Олардың көмегімен балалар Брайль әліпбиі бойынша оқып, жазуды, заттарды ажыратуды үйренеді. Брайль әріптерін игеру үшін балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту қажет. Сыныпта осы бағытқа арналған Монтессори құралдары да бар.
Қазірдің өзінде сыныпқа оқушылар келіп, сынақ сабақтарына қатысып жүр.
– Биылғы ақпан айынан бастап сыныпта төрт оқушы білім алып жүр. Бейімделу кезеңі жеңіл өтті. Балалар бірте-бірте мектепке үйреніп, бір-бірімен танысып, жаңа достар тапты. Оқып-білуге, жаңа нәрсені үйренуге деген құлшыныстары керемет, – дейді мектеп басшысы Қайрат Киікбаев.
Сыныптағы маңызды құралдардың бірі – әлеуметтік-тұрмыстық бейімделу аймағы. Мұнда балалар күнделікті тұрмыста қажетті шкаф, плита, ыдыс-аяқтарды пайдалану арқылы тіршілікке бейімделеді. Сонымен қатар балалар емдік-денешынықтыру бөлмесінде жаттығады.
Мектеп директорының әлеуметтік жұмыстар жөнідегі орынбасары Елена Бисерованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға жалпы білім беретін пәндерден бөлек арнайы сабақтар өтеді. Онда мектепте, көшеде қалай жүріп-тұру керектігін, айналада болып жатқан іс-әрекеттерді дыбыс арқылы айыра білуді үйренеді және қолдың ұсақ моторикасын дамытады.
Мұғалімдер Брайль әліпбиін үйренді
№19 мектептің 28 мұғалімі мен басшылығы Нұр-Сұлтан және Семей қалаларында арнайы курстан өту барысында Брайль әліпбиін меңгеріп, арнайы құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп қайтты. Енді біліктілігін арттырған мамандар балалардың тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, білім алуына көмектеседі.
Өскемендегі зағип балаларға арналған сынып – «Әлемді ашамыз» жобасы аясында ашылған еліміздегі бесінші сынып. Осындай сыныптар бізге дейін Астана, Ақтау, Ақтөбе және Қостанай қалаларында ашылған.
Мамандардың айтуынша, зағип балалардың басым көпшілігінің ақыл-ойы дұрыс болып туады. Алайда адам бүкіл ақпараттың 90 пайыздан астамын көз арқылы қабылдайтындықтан, уақыт өте баланың дамуы тежеле бастайды. Ата-аналар арнайы білімі болмағандықтан, өз күшімен бұл мәселені шеше алмайды. Сондықтан да зағип балалар қатарластарымен бірдей дамуы үшін білікті мамандардың уақыт жоғалтпай, ерте араласуы өте маңызды.
«Дара» қоры қолдауды жалғастырмақ
– «Дара» қайырымдылық қоры ерекше білім беруді қажет ететін балалардың және балалар үйі тәрбиеленушілерінің мүмкіндіктерін арттырып, өмір сапасын жақсартуға және еліміздегі инклюзияны дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. «Әлемді ашамыз» жобасының шеңберінде зағип балаларға арналған сыныпты ашуға серіктестеріміз – «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры, «Анвар», «Актеп», «Дастан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Рокос» компаниялар тобы, Дипломатиялық бизнес клубының өкілі Әсел Салжанова, Македония республикасының Қазақстандағы бұрынғы елшісі Илья Псалтиров және меценат Аделия Ахметова жәрдемдесті. Өскемендегі осы сыныпқа қол ұшын беруді әлі де жалғастырамыз.
Барлық бала білім алуға және дамуға құқылы. Жалпы білім беру мектебінде көзі көрмейтін балаларға арнайы сынып ашу сапалы, толыққанды білім алу кеңістігін кеңейтеді және қолжетімді етеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға өзінің күш-жігеріне сеніп, болашақта әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаева.
Оның айтуынша, көру қабілеті нашар болғанымен, мұндай балалардың жетістіктері аз емес. Олар олимпиадаларға, байқаулар мен сайыстарға қатысып, жүлделер де алып жүр.
Зағип балаларға арналған сыныптың №19 мектепте ашылуы да бекер емес. Мұнда 2002 жылдан бері тірек-қимыл аппараты зақымдалған балалар білім алады. Яғни ұстаздардың инклюзивті білім берудегі тәжірибесі мол.
– Бұл сыныптың ашылғанына өте қуаныштымыз. Көптен бергі арманымыз орындалды. Балаларымыз мектеп партасына отырады. Мұнда мамандар көп нәрсеге үйретеді. Балалардың бір-бірімен араласуы да маңызды. Қазір осы сыныпқа қабылданған бір қыз бала ауданнан келгендіктен, «Ақ ниет» интернатына орналасты. Сыныпты ашқан азаматтарға, «Дара» қорына, осы іске қолдау көрсеткен қала әкімі Жақсылық Мұқашұлына, ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін, – дейді ата-аналардың қуанышын жеткізген Мадина Сансызбайқызы.
«Дара» қорының әу бастағы мақсаты елдегі инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға, дамытуға қол ұшын беру болатын. Бірақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың мектепте кездесетін қиындықтарын көрген соң, балаларды алдымен мектепке, инклюзивті білім алуға дайындап алу қажеттігін түсінген. Облыс орталықтарында түзету сыныптарын ашу жобасының идеясы осылайша туындады. Түзету кабинетінде мүмкіндігі шектеулі балалар ары қарай дамуына қатысты мамандардың кешенді көмегін алады. Жалпы білім беретін мектепте оқуға дайындалып, әлеуметтендіріледі. Қор бүгінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе, Өскемен, Шымкент, Тараз, Петропавл, Орал, Семей қалаларында он түзету кабинетін ашқан. Мұндай психолог-педагогикалық түзету кабинеттерінде ерекше балалармен дефектолог, психолог, логопед, физиотерапевт, массажист, тифлопедагог сияқты білікті мамандар жұмыс істейді.
Әр баланың қабілетіне қарай дамыту, білім беру жоспарын мұғалім әріптестерімен, баланың ата-анасымен өзара ақылдаса отырып талқылайды.
Луи Брайль зағип жандарға оқуға және жазуға мүмкіндік беретін шрифті 19 ғасырдың басында ойлап тапты. Ол 1809 жылы қолөнершінің үйінде дүниеге келді. Жаңадан жүруді үйреніп жүрген кезінде көп уақытын әкесінің шеберханасында өткізетін. Үш жасында шеберханада көзін жарақаттап алады. Бес жасында баланың көзі мүлдем көрмей қалады. Ата-анасы баласына білім беруге және оның дамуы үшін қолдарынан келгеннің барлығын істеуге тырысты. Луи ауылдық мектепке барды. Өзінің ақылы мен ерекше есте сақтау қабілетінің арқасында жақсы оқыды. Әкесі оған тақтайға шегелерді қағу арқылы әріптердің кескінін шығарып, оқуды үйретті. 10 жасында әртүрлі жастағы балалар оқитын Париждегі зағиптарға арналған Корольдік институтқа жіберді. Луи Брайль 12 жасынан бастап зағип жандарға арналған алфавитті әзірлеу үшін тәжірибелерін бастады. Күндіз сабаққа барып, ал кешке өзінің жүйесін ойластырды. 15 жасында бұл жұмысын аяқтады. Луи Брайль үштен екі бағанада орналасқан алты рельефті нүктенің әртүрлі комбинациясынан өз алфавитін құрастырды. «Оқырман» мәтінді оқу үшін басылған жолдарды саусақтарының ұшымен жүргізеді. Кейін Брайль жүйесін тыныс белгілерімен, сандармен және ноталармен толықтырды. Оның рельефті-нүктелі шрифтінің соңғы нұсқасы 1837 жылы пайда болды. Бүгінгі таңда Брайль әдісі бүкіл әлемде қолданылады.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ