Сауда орындарын жалдау ақысы 20 пайызға арзандады
Кеше облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың қатысуымен Өскемен қаласы әкімдігі мен шаһардағы бірқатар ірі толайым сауда орындары арасында арнайы меморандумға қол қойылды.
Аталмыш құжат бойынша сауда орындарын жалға беру құны 20 пайызға арзандатылады. Мұндағы негізгі мақсат – бірінші қажеттегі азық-түліктер мен тауарлар бағасын ауыздықтау және оларды қолжетімді ету.
Сонымен қатар, тұрақтандыру қорының өнімі саудаланатын орындардан жалдау ақысын алмау жөнінде келісім жасалды. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында азық-түлік қоры жеткілікті. Бұл тауарлар облыстың ірі қалалары мен аудандарында көтерме базарлар арқылы сатылады.
Аталмыш меморандумға Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов пен «Заречный», «Дина», «Орталық», «Дос-Нар» базарларының және «Фреш маркет» фермерлік гастрономының басшылары қол қойды.
– Мен облыс басшылығы атынан бүгінгі құжатқа қол қойған супермаркеттер мен базарлар басшыларына түсіністіктері үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл шара бағалардың тұрақталуына дейін сауда нүктелерін жалдау ақысын 20 пайызға арзандатады, нәтижесінде тауар бағасының негізсіз қымбаттауына жол берілмейді, – деді облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев.
«Тала» толайым базары өз сауда орындарын жалдаушы кәсіпкерлерді бағаны көтермеуге көндіріп отыр. Әсіресе, ең қажетті азық-түліктер мен тауарлар құнын ұстап тұру қажет.
– Біздер, базар басшылығы, көптеген арендаторларға жалдау ақысын азайтамыз, сонымен қатар базар аумағына «Ақсай-нан» наубайханасының нан тиелген көліктерін тегін кіргіземіз, – деді «Тала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мұрат Телебаев.
Облыс Әкімі барлық сауда орталықтары бойынша күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырған-ды. Атап өтерлік жайт, осыған орай Өскемендегі Экономика және қаржы колледжінің бір топ студенті де қоғамдық негізде бағаны қадағалау ісімен айналысуға ниет білдіруде. Олар бұл қадамға өз еріктерімен барып отыр.
– Біз өз жұмысымызға бүгін кірісеміз, сабақтан тыс уақытта қаладағы негізгі сауда орындарын аралап, ондағы тауарлардың бағасын бақылаймыз, егер қымбаттағанын аңғарсақ, дереу өз жетекшімізге хабарлаймыз. Одан соң аталмыш ақпарат шара қолдану үшін тиісті мемлекеттік органдарға жөнелтіледі, – дейді аталмыш оқу орнының студенті Ләйлә Дүсіпова.
Ержан Әбіш