Қоғам

Сауда орындары қатаң бақылауда

Азамат Темірбеков

Зайсанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайыздан асырған сауда нысандары анықталып, олармен  тиісті жұмыстар жүргізілді.

Зайсанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстар жыл көлемінде үздіксіз жалғасып келеді. Аудан әкімінің орынбасары Ринат Тауасаровтың хабарлауынша, ауданда құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, партия өкілдері, азаматтық белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енген  12 мобильді топ құрылып, аптасына екі рет дүкендер мен толайым сауда орындарын аралап, бағаны бақылауға алған. Олар толайым сауда орнынан сатып алу бағасы көрсетілген жүкқұжаттарды қарап, бағаны 15 пайыздан асырған сауда иелеріне ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, жыл басынан бері аталмыш мобильді топтар 2028 рет рейд өткізіп, төрт мыңнан астам сауда нысанын қамтыған. Нәтижесінде 224 сауда нысанының негізгі азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайыздан асырғаны анықталып, бағаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

  • Бағаны тұрақтандыруға байланысты аудан аумағындағы ауылдық округтерге қарасты шаруа қожалықтарының көкөніс сақтау орындары жұмыс істейді, – дейді Ринат Тауасаров. – Аудандағы жұмыс істеп тұрған төрт көкөніс сақтау орнында 480 тонна картоп, 300 тонна қырыққабат, 357 тонна сәбіз сақталған. Сонымен қатар бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нанның бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұру мақсатында «Азық-түлік корпорациясы», «Ай-Ар» кәсіпорны және наубайхана иелері арасында меморандумға қол қойылды. Осының нәтижесінде бірінші сұрыпты 60 тонна ұн арзандатылған бағамен ауданның наубайханаларына жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар жыл басынан бері ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты 45 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Әр аптаның сенбі күндері Зайсан қаласындағы «Караван» базарында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде азық-түлік өнімдері нарықтық бағадан 15 пайыз арзанға саудаланды.

– Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 211 тоннадан астам ет, 5400 литр сүт, 250 тонна картоп, 220 тонна сәбіз, 160 тонна қырыққабат, 180 тонна пияз және 400 тоннаға жуық басқа да өнімдер саудаланды. Алдағы уақытта да бағаны тұрақтандыру мақсатында әр аптаның сенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері үздіксіз өткізілетін болады. Сонымен қатар «Жасұлан» көтерме сауда орнында құрылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бөлімінде көкөністер мен жеміс-жидектер базар бағасынан төмен сатылып жатыр. Атап айтсақ, картоп – 140 теңге, сәбіз – 130 теңге, пияз – 110 теңге, қырыққабат  100 теңгеден саудалануда, – деп қосты Ринат Тауасаров.

 

Осы айдарда

Back to top button