ТОП

Сатып алған затыңыз сапасыз болса не істеу керек?

Айжанат Бақытқызы

Біз күнделікті әртүрлі тауарлар мен қызметтерді сатып аламыз, дегенмен олар әрдайым сапалы бола бермейді. Кей жағдайда сатушылар тұтынушыға жалған мәлімет немесе өнім сапасына сәйкес келмейтін техникалық сипаттамаларын ұсынған кезде де сатып алушының құқығы бұзылады. Сондықтан тұтынушының өз құқығын білуі маңызды.

Мұндай жағдайларда азаматтардың заңды мүдделерін өңірдегі Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті қорғайды. Департамент басшысының міндетін атқарушы Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында департаментте тұтынушылардың 211 өтініші қаралған. Олар жазбаша түрде, телефон және Telegram-бот арнасы арқылы  келіп түскен.

– 165 тұтынушыға олардың құқығын қорғау мәселелері бойынша жазбаша түсініктеме бердік, 19 өтінішті өздерінің құзыреті бойынша қарап, шара қолдану үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолдадық. Тұтынушылардың 28 өтініші оң шешімін тапты, – деп атап өтті департамент басшысы. 

    Тұтынушыларға шамамен 2,5 млн. теңге, оның ішінде бөлшек сауда саласында 1,7 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл жағдайларда негізінен тұтынушылардың тауарларды айырбастау және қайтару, сапасыз тауарларды сату бойынша құқығы бұзылған. Ал қалған мәселелер тұрмыстық қызмет көрсету, байланыс қызметтері, медициналық, туристік қызметтер және электронды сауда салаларына қатысты.

Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, тұтынушылардың құқығын бұзу фактілерін азайту мақсатында департамент мамандары қоғамдық бірлестіктермен және ірі кәсіпкерлік субъектілерімен жүйелі түрде жұмыс істейді. Азаматтардың құқығын қорғау саласындағы проблемаларды  талқылап, заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіреді және тұтынушылардың құқығын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі туралы айтады.

Қазір облыста тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша алты қоғамдық бірлестік жұмыс істейді.  Олар: Өскеменде «Аманат», «Сіздің құқығыңыз», «Азат», «Тимур», Риддерде «Риддер қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы», Семейде «Қорғаушы».

Өңіріміздің барлық қаласы мен ауданын  толық қамту үшін тұтынушылардың құқығын қорғау бағытындағы фронт-офистер құрылуда. Бірнеше ай бұрын Үржар ауданында осындай кеңсе ашылып, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, Үржар ауданының әкімдігі және «Қорғаушы» қоғамдық бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Семей әкімдігі «Қорғаушы» қоғамдық бірлестігімен тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша тегін консультациялық көмек көрсету туралы келісімге келді. Енді қала әкімдігінің ғимаратында апта сайын қоғамдық бірлестік өкілдері тұтынушыларды қабылдайды. Дәл осындай келісім Риддер қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамымен де жасалды.

    Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін департамент арнайы акция өткізіп, оның аясында облыстың сауда орындарында «Тұтынушы бұрышын» ашу жоспарланып отыр. Онда тақырыпқа сәйкес қажетті  материалдар, азаматтар құқықтық кеңес алуға жүгіне алатын уәкілетті мемлекеттік органның және тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің байланыс телефондары мен мекенжайлары көрсетіледі.

– Бізде арыз-шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Онда даудың тақырыбына және қызмет көрсету саласына байланысты шағымдардың стандартты үлгілері орналастырылған. Енді кез келген тұтынушы e-tutynushy.kz сайтына компьютер немесе ұялы телефон арқылы тіркеліп, өз құқығын қорғау үшін өтініш жолдай алады, – деді  Қанат Жеңісбекұлы.

Осы айдарда

Back to top button