Қоғам

Сатушысыз дүкенде бәрі сатылады

Сатушысыз дүкенде бәрі сатылады

Өскемендегі «Нұр Орда» халықаралық мектебінде өткен жылдың қазан айынан бастап сатушысы жоқ дүкен жұмыс істейді. Бұл идеяны жүзеге асырудағы мақсат – өскелең ұрпақты адалдыққа, шыншылдыққа, мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелеу.
Тәуелсіз еліміздің мемлекеттігін нығайту үшін өлшеусіз үлес қосып жүрген республикамыздың білім беру ордаларында жүргізіліп жатқан реформалардың табыстары мен жетістіктері болашаққа бағдар беретін игі іс.
Дүкенді ашу бастамасын білім ордасының директоры Джошкун Сабан ойлап тапқан. Білім ордасының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әрі тарих пәнінің мұғалімі Жанар Әбілхайырованың айтуынша, әр отбасында берілетін тәрбие баланың келешекке нық сеніммен қадам басуына көмегін тигізеді.
– Егер жанұяда балаға дұрыс тәрбие берілсе, ол оның сыртта жүргенде де бойынан байқалады. Айталық, өнегелі тәлім көріп өскен бала қоршаған ортасына, айналасындағы адамдарға шынайылығы мен адалдығын көрсетеді. Қолға алынған бұл акция әр оқушыға адамгершілік қасиеттерді барынша сіңіруге септігін тигізеді, – дейді Жанар Әбілхайырова.
Дүкенді ашуға тоғызыншы сынып оқушылары мен ата-аналары қолдау көрсеткен. Осы орайда тоғызыншы сынып оқушысы Мұхамедияр Қадыров бұл бастама жөнінде өз ойын былай білдірген еді: – Менің ойымша, бұл акция оқушылардың адал болуына, өтірік айтпауына әсер етеді. Себебі, дүкенде сені ешкім бақыламайды, яғни, ақшаның толық сомасын салып, қажет затыңды ала аласың. Басында әрине, үйренбегендіктен біраз қиынырақ болды. Кейін уақыт өте келе оқушылар алған затының толық төлемін жәшікке салып кетуге дағдыланды. Бұл – біздің оқушыларымыздың адал әрі шыншыл екендігінің дәлелі. Ал осыдан түйген жеке пікірім, адам бірінші өзін сыйласа, соған орай ол ортаға да сыйлы болады дер едім.
Сондай-ақ, дүкенге мектеп маңында орналасқан «Керуен» атты сауда үйінен үнемі заттар әкелініп отырады. Мұнда қарапайым сусындар мен шоколадты өнімдер сатылады, әрі олардың бағасы сыртында жазылып тұрады. Әрбір оқушы өзіне қажетті затты алып, ақшасын қорапшаға салып жүре береді. Бастапқыда қорапта тиісті ақшаның 75%-ы ғана жиналса, кейіннен толық сомасы жиналатын болды. Бұның өзі өскелең ұрпақтың адал болып тәрбиеленуіне өз үлесін қоспақ. «Адамға ең керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі», – деп әл-Фараби айтқандай, тәрбие тал бесіктен, яғни, мектеп қабырғасынан басталады.

Гүлден Шәкәрімова

Осы айдарда

Back to top button