Қоғам

Сақтардың тұңғыш қонысы табылды

Сақтардың тұңғыш қонысы табылды


Былтыр жазда Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауынан Алтын адам табылған еді. Енді міне, облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы аумағындағы Ақбауыр үңгірінің жанынан сақтардың қонысы табылып отыр. «Бүгін, сайлау күнінде белгілі археолог Зейнолла Самашев облыс әкімі Даниал Ахметовке осындай сенсациялық жаңалық ашылғанын хабарлады» деп сүйіншілей жазған-ды 9 маусым күні облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Сақтардың тұңғыш қонысы табылды

Кеше қоныс табылған мекенге арнайы барып, археологтармен пікірлесіп, қазба орнын көзбен көріп қайттық. «Бұл – ежелгі сақтардың қонысы. Мұндай ескерткіш Шығыс Қазақстан аумағынан тұңғыш рет табылып отыр. Өте құнды ескерткіш. Құндылығы, бізде сақтардың қоныстары жоқ қой. Елдің бәрі сақтарды көшпелі, анда-мұнда көшіп жүрген деп ойлайды. Сондай стереотип қалыптасқан. Қытай, батыс Еуропа тарихшылары жазғандай, сақтар оңды-солды көшіп жүрмеген. Оның айқын дәлелі – мына қоныс. Ескерткіш сақ халықтарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертетініне сеніміміз мол. Өйткені соған дәйек болатын түпнұсқа материал табылып отыр. Бұл ескерткіш олардың тек мал шаруашылығымен ғана емес, отырықшы болғандығын, егіншілікпен шұғылданғандығын көрсетіп отыр. Қазба барысында бидайды ұнтақтайтын құралдар табылды. Олардың мекен еткен дөңгелек үйлерінің орындары шықты. Бұл – үлкен қоныс. Біз соның бестен бір бөлігін бастап қазып жатырмыз. Екі-үш күннен кейін «Елеке сазына» кететіндіктен мұндағы қазба жұмыстарын келесі жылы жалғастырамыз. Бұл қонысты асықпай, 6-7 жыл қазып, зерттеп-зерделеу қажет. Ескерткіштің уақыты – шамамен темір дәуірінің ең соңғы, ерте сақ дәуірінің алғашқы кезеңі. Бұл – малшылықпен, қолөнер ісімен бірге егіншілікпен, кен өндіру ісімен шұғылданған сақтардың бір тобы. Табылған құмыра сынықтарының өзі мыңнан асады. Онымен қатар жебе, пышақ секілді өткір құралдарды қайрайтын қайрақтар, үй және жабайы жануарлардың сүйектері табылды. Ең құнды жәдігер – дәнді-дақылдарды ұнтақтайтын диірмен. Қазақтың диірмені дөңгелек пішінді болса, бұл текше», – дейді қонысты тауып, анықтаған археолог Зейнолла Самашев.

Сақтардың тұңғыш қонысы табылды

Археологтың айтуынша, бұл ескерткіштің табылуына облыс әкімі Даниал Ахметов себепкер болыпты. Ол кісі былтыр археологқа «осы жерді қазып, тексеріп көрші, астында бірдеңе бар секілді» деген екен. «Қазсақ, сақтардың қонысы болып шықты. Ғажап» деп таңданады археолог.

Зейнолла Самашевтың тұжырымдарымен Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қ.) Николай Боковенко да келіседі. «Менің пайымдауымша, б.э.д. 1 мыңжылдықта сақ мәдениеті осы жерде пайда болған. Кейін Моңғолияға, Солтүстік Қытайға, Байкалға, батыста Каспийге дейін жайылған. Бұл – үш мың жыл бұрынғы қоныс. Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ежелгі сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақты тастарды атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек. Сақтар бұл жерді тұрақты қоныстанып, шаруашылықпен кешенді, жан-жақты шұғылданған. Теріні де, матаны да өңдеген», – деген археолог экспедицияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Қазба жұмыстарына Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары мен студенттері де атсалысқанын айта кеткеніміз абзал. «Зейнолла Самашев жетекшілік еткен ғылыми экспедицияға жоғары курс студенттері қатысты. Еліміздің аумағында бір кезеңнен екінші кезеңге ауысу кезеңіндегі ескерткіштер өте аз. Жоқтың қасы деуге болады. Бұл ескерткіш – сондай сирек ескерткіштердің бірі. Осы маңдағы ықтау жерлердің бәрі қоныс болуы мүмкін. Бұл жерде жерлеу ескерткіштері де бар. Келесі жылы соны зерттемек ойымыз бар», – дейді осы оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Елдос Қариев.

Орайы келгенде айта кетейік, өңірде бірнеше жылдан бері облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен археологияны дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сенсациялық жаңалыққа баланып отырған бұл қоныс алдағы жылдары осы бағдарлама аясында кешенді түрде зерттелетін болады.

Азамат Әбілұлы
Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button