Сақтандыруға салғырт қарайтындар бар
Шығысқазақстандықтар міндетті медициналық сақтандыру қорына 6,4 млрд. теңге аударған. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде айтылды.
Биыл облыс бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 189 мың адам міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне өтуі тиіс болған. Әзірге соның тек 80 мыңы ғана белсенді сақтандырушы ретінде тіркелген. Қалған 109 мың адаммен түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізілуде. Тұрақты еңбекақысы жоқ, табысын түрлі кәсіптен тауып жүрген жандарды жаңа жүйеге тарту үшін мемлекет әлеуметтік жұмыс ұсынып немесе жұмыссыз ретінде тіркеуге алуы тиіс. Бұл санатқа кірген адамдарға сақтандыру жарнасын мемлекет төлеуі тиіс. Алайда, тіркеуге алынбаған 109 мың адамның 21 мыңы мемлекеттің көмегінен бас тартқан.
-16 мың адам міндетті медициналық сақтару ісінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен әріптестіктен бас тартып отыр. Сондай-ақ, тіркелмеген 25 мың жұмыссыздың бес мыңы сақтандыру жүйесіне қандай да бір жолмен қатысудан бас тартты, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс тұрғындарынан сақтандыру қорына 6,4 млрд. теңге жарна түскен. Бұл облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінетін бір жылдық бюджеттің 10 пайызына тең. Міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылғалы бері салада жекеменшік жеткізушілердің белсенділігі артқан. Саладағы мемлекеттік сатып алу конкурстарын осы қор өткізуде. Жыл басынан бері медициналық қызмет көрсету және жабдықтау бойынша 247 келісімшарт жасалса, соның 61-і жекеменшік компанияларға тиген.
Медициналық мекемелерді қаржыландыру жүйесі жан басына белгіленген норматив бойынша есептеле бастағаны белгілі. Ол норматив бойынша әрбір ауыл тұрғынына 719 теңге бөлінуі тиіс. Осының әсерінен ауылдардағы медициналық мекемелерді қаржыландыру көлемі қысқарыпты.
Қаржыландыру жүйесіндегі өзгеріс психикалық-неврологиялық және наркологиялық диспансерлерді де қамтыған екен. Мұнда да қаржыландыру былтырғы көрсеткіштен төмендеген. Бұл мәселені шешу үшін қарыжалдыру тарифін емханадағы төсек саны мен науқастың жатқан күніне қарай есептеу қажет. Өйтпеген жағдайда медициналық мекемелердің кредиторлық қарызы көбеюі мүмкін.
-Қазірдің өзінде 13 аудандық аурухананың кредиторлық берешегі 50 млн. теңгеге жетіп отыр. Тарифті қайта қарамаса, бұл сома әлі ұлғая түсуі мүмкін, – дейді Марат Шоранов.
Бұл мәліметті міндетті медициналық сақтандыруы қоры облыстық филиалының директоры Болат Әлиев те растады. Аймақ басшысы жағдайды әлі толық зерделеу қажеттігін ескертті.
-Бір жылда сақтандыру қорына 6,4 млрд теңге түсіпті. Ол саланың қай жыртығын жамауға жететінін есептеулеріңіз қажет. Тарифті қайта қарау туралы ұсыныстарыңызды дәлелдермен негіздеп, Үкіметке ұсыныс дайындаңыздар, – деді облыс басшысы.
Даниал Ахметов медициналық сақтандыру ісінде мемлекеттің көмегінен бас тартқан тұрғындардың мәселесіне де алаңдаушылық білдірді.
-Сіздер олардың бас тартқанын алға тартып, істі жылы жауып отырсыздар. Ертең солардың бірі науқастанып, ауруханаға түскенде жарна төлемеген болса, далада қалуы мүмкін. Ал халықтың амандығына біз жауаптымыз. Сондықтан көмектен бас тартқан тұлғаларға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің нақты ұстанымын айқындап алу қажет, – деді облыс әкімі
Жиын барысында Семейде жедел жәрдем көліктерінің жетпей жатқаны да айтылды. Осының салдарынан жедел жәрдем ауруханалары жеке көліктерді жалға алуға мәжбүр. Облыс әкімі бұл мәселені Өзбекстанмен бірлесіп шешуге болатынын атады.
-Жедел жәрдем көліктерін қанша керек болса, соншасын сатып аламыз. Бірақ ол Ресейдің техникасы болмауы қажет. Ондай ескі үлгідегі көліктер Катонқарағай мен Тарбағатайдың таулы аумақтарына ғана жарамды. Таулы жерде оларға тең келер көлік жоқ. Ал жазық жерде оларды Өзбекстанда жапон технологиясы бойынша құрастырылатын Isuzu көліктерімен алмастыру қажет, – деді аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы