Қоғам

Саржалдың қымызы сары бал

Саржалдың   қымызы сары бал


Семейден 150 шақырым шалғайда жатқан Саржал ауылының атын алыс-жақынға әйгілеп отырған – оның қымызы. Саржалдың сары қымызы дегенде таңданбайтын, тамсанбайтын жан жоқ. Қазіргі таңда саржалдықтардың 80 пайызы қымыз өндірумен шұғылданады екен.

Арудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті сары бал
Қымыздан асқан дәм бар ма? – деп Ақтамберді жырау айтқандай, қазақ үшін қашан да қымыздың орны бөлек. Балдай дәмі тіл үйіретін қымыздың қадір қасиетін қазекем ертеден-ақ жақсы білген ғой. Қымыз дегеніңіз шөлдегенде сусын ғана емес, бойдағы дертті жұлып алатын дәрілік қасиетке де ие. Тіпті сөзімізге дәлелді алыстан іздемей-ақ, осы Саржал ауылын мысалға келтірсек те болады. Бір кездері Семей ядролық сынақ полигонының дәл іргесінде орналасқан ауылдардың бірі дәл осы Саржал болатын. Ендеше бұл ауылдың тұрғындары қырық жыл бойы ажал сепкен атом дейтін аждаһаның аузынан қалай аман қалды дейсіз? Бәрі де осы – Саржалдың сары қымызының арқасы екені сөзсіз. Жылқы еті мен сүтінің адам бойындағы радиацияны бәсеңдететінін байқаған саржалдықтар сол кездерден-ақ үйір-үйір жылқы ұстапты. Олар қасиетті қымыздың ғана жандарын сақтап қалатынын жақсы білген. Бүгінде қырық жыл бойы саржалдықтардың соры болған атом дейтін аждаһаның аузына құм құйылғанына да жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Бірақ бұл ауылдың тұрғындарының басты кәсібі бұрынғыдай – қымыз өндіру. Саржал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жұмабай Асқаровтың айтуынша, 420-дай түтіні бар бұл ауылда бие байламайтын үй жоқ. Бүгінде саржалдықтардың 80 пайызы қымыз өндірумен шұғылданады. Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі де – осы қымыз. Бір күнде орта есеппен алғанда 4-5 тоннадай қымыз өндіріледі екен.

Шаруашылықта 180-дей жылқы бар, оның 80-і – бие. Биыл 50 биені байлап отырмын. Төрт сауыншым бар. Олар айына 45 мың теңге айлық алады, – дейді «Бек» шаруа қожалығының жетекшісі Еділ Жақиянов.

Ауылдағы ірі қымыз өндірушілердің бірі де осы «Бек» шаруа қожалығы екен. Аталған шаруашылық «Құрмет» шаруа қожалығымен бірігіп, арнайы қымыз өндіретін цех ашқан. Қазіргі күні олардың арнайы құтыға құйылған қымызын арысы Астана, Алматы, Қарағанды қалалары, берісі Семей мен Өскемен шаһарларының дүкендерінен табуға болады. Тіпті аталған шаруашылықтар қымыздың литріне 60 теңгеден субсидия да алып, мемлекет қолдауына ие болып отыр.

– Қымыздың нағыз маусымы – мамыр-қыркүйек айлары ғой. Екі шаруашылық қосылып, қазір күніне 300 литр қымыз өндіріп отырмыз. Негізі сұраныс болса, өндірілетін өнім көлемін арттыруға қабілетіміз жетеді, – дейді «Бек» шаруа қожалығының жетекшісі Еділ Жақиянов.

Саржал ауылында қымыз өндіретін шағын цехтар жетерлік. Солардың бірі – «Әсен» фермерлік қожалығы. Қымыз өндіретін цехтың қожайыны Әсен Әлімжанов біз барғанда үйінде болмады. Бір жұмыстармен қалаға кетіпті. Десе де, барлық шаруаның жайын жары Нұршат Төлеубекқызы да жақсы біліп тұр. 2010 жылы небәрі бес биеден басталған шаруашылық қазір ұлғайып, қанатын кеңге жайып келеді. Қазір шаруашылықта жылқының басы да көбейіп, 140-қа жеткен.
Нұршаттың өзі мінезі ашық-жарқын, әңгімешіл келіншек екен.

– Біздің үйден қымыз қысы-жазы үзілмейді. Жай туған биелерді қыстай сауамыз, – дейді жымиып. Бір жылдары оған дәрігерлер асқазаныңда жара бар деп, қара бұлтты төндірген көрінеді. Сөйтіп, ол асқазанындағы сол жараны осы қымызбен жазып алыпты. Кейін қайтадан барып қаралғанында, асқазанында аурудың ізі де қалмаған екен. «Биенің сүті – ананың сүтімен бірдей ғой» дейді ол.

Нұршаттың қымызының дәмі де ерекше. Құпиясын сұрағанымызда, сабаны тобылғымен ыстайтынын айтты. Тобылғы түтінінің ысы әбден сіңген сабада сақталған қымыздың емдік қасиеті де арта түседі.

– Осы қымызбен жан сақтап отырмыз. Жылда тендерлерге де қатысамыз. Бір жылдары Семейдегі туберкулезге қарсы диспансер, психоневрологиялық диспансер жариялаған тендерлерге қатысып, ұтып алып, өзіміздің арнайы көлігімізбен қымыз жеткізіп беріп тұрдық, – дейді ол.
Нұршат қымыздың литрін 500 теңгеден сатады. Өзінің тұрақты сатып алушылары бар.

Жаңа ғана қалаға қымыз жібердім. Менде қымыз қалмайды, – дейді Нұршат ағынан жарылып.
Иә, қымызға жетер сусын бар ма екен? Тек сол қымыздың қадіріне әлі де жете алмай жүргеніміз өкінішті-ақ.

Мейрамтай Иманғали
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button