Қоғам

Саржалға өзге де аудандар жәрдемдеседі

Саржалға өзге де аудандар жәрдемдеседі

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Абай ауданы мен Семей қаласындағы төтенше жағдайдың алдын алу іс-шараларының жоспарын бекіту туралы өкімге қол қойды.
Қыс қаһарын биыл қарашаның басында-ақ көрсетіп үлгерген болатын. Толассыз жауған қар мен сақылдаған сары аяз әсіресе алыс қыстақтағы малшыларды әбігерге салды. Абай ауданының басшылығы қыстақтағы адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмектері уақтылы жеткізіліп тұрғанын айтқан. Алайда, күн райының қиындығы төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қол қойған өкіміне сәйкес жауапты мемлекеттік органдар қыстақтарға апаратын жолдардың қарын күреп, шаруаларға жемшөптерін жеткізуді ұйымдастырулары тиіс. Үш ауданның әкімдігі Абай ауданындағы қыстақтарға апаратын жолдардың қарын тазалау үшін үш ауыр техника жіберулері керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы төрт ауданның әкімдігімен бірлесіп, қар құрсауында қалған шаруа қожалықтарына 1500 тонна шөп пен 537 тонна жем жеткізуді ұйымдастыруы қажет.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы басқармасы Семей қаласы мен Абай ауданының әкімдіктерімен бірге ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарымен келісіп, әлсіреген малды өткізуді ойластырып көргендері жөн.
Саржал ауылдық округінде қарашадан бері 50 сантиметрден астам қар түсіп, артынша жаңбыр жауды, аяздатты. Сөйтіп, жер бетіне мұз қатып, жылқылардың тебіндеуі қиындай түскен.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button