Қоғам

Сарытау мен Шыңғыстауда сабаншы жүр

Сарытау мен Шыңғыстауда сабаншы жүр


Күршім ауданы мен Аягөз, Абай өңірлеріне қойылған фототұзақтарға табиғатта өте сирек кездесетін сабаншы аңы түсті. Үш жылдан бері Шығыс Қазақстанның далалық алқаптарының экожүйесін зерттеп жүрген Новосібір аймағының «СИП Экоцентр» қоғамдық бірлестігі эколог, биологтарының фототұзақтарының біріне биыл күзде бұл аңдар алғаш рет ілігіпті.

– Мысық тектес жабайы жыртқыш сабаншы Еуразия құрлығында өте сирек кездеседі. Қызыл кітапқа енген аң біздің өңірде өте аз, небары 15 шақты ғана. Сөйтсе де, соңғы жылдары Шығыста сабаншылардың саны артқаны байқалады. Бұдан бірер жыл бұрын Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында да сабаншы фототұзаққа түскен болатын. Бұл жолы сабаншылар ресейлік әріптестердің Күршім ауданындағы Сарытау, Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерлеріне қойған фототұзақтарына түсті, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Есентаев.

Үнемі жасырынып өмір сүретін сабаншылардың түнгі тіршілігін ресейліктер видеоға да түсіріп алыпты. Жандарына балаларын ертіп алған олардың жайбарақат жүрісінен мамандар Сарытау мен Шыңғыстау маңында аңдардың саны бірнешеу болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Шығыста сабаншымен қоса соңғы үш төрт жылда елік, марал, қабан шошқа, бұлан, аю көбейіпті. Аюдың саны 10 пайызға өсіп, қазір шамамен 2300-ге жеткен. Түз тағысы қасқыр тіптен көп. Облыс аумағында шамамен 1000-1200 қасқыр бар көрінеді. Тарбағатай, Көкпекті, Ұлан, Абай аудандары сияқты малды өңірдің тұрғындары қасқырдың жайылымдағы малға шауып, ұсақ малды тамақтап кетіп жататынын жиі айтып жүр. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары жыл сайын бірнеше жүздеп атылып, саны реттеліп отыратын қасқырларды аулауға, атуға биыл да аудандардағы аңшылар одағы арқылы арнайы рұқсат қағаздары, жолдамалар беріліп жатқанын айтады. Биыл әуесқой аңшылар 348 қасқыр, 22 бөлтірік атып алған. Қасқырларды аулағаны үшін аңшыларға жыл сайын сыйақы, бір қасқыр үшін 12 000 теңге, бөлтірік үшін 6000 теңге ақша беріліп келеді. Бес жылдан бері өзгермеген сыйақы мөлшері келешекте жоғарылауы мүмкін екен.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button