Сарып сегізінші жұт болып тұр
Шығыс Қазақстанды сарып індеті кезіп жүр. Жұқпалы дертті пышақ кескендей тыйюға ветеринария саласы қауқарсыз.
Осыдан үш жыл бұрын облыста ветеринария басқармасы құрылғанда ауылдағы ағайын бір қуанып қалған. Ісінен береке қашқан саланың ауған жүгі теңелер деген үміті бар еді ауыл халқының. Қуаныш көпке созылмады, үміт те үзілуге шақ тұр. Ресми дерек бойынша, 2016 жылы облыста 12,4 мың бас сарыптың кесірінен сойылса, былтыр 15 мың малдың көзі жойылған екен. Ал биылғы 10 айда 13 мың бас пышаққа ілінген. Құдды бір сегізінші жұт дерсің.
Жыл басынан бері Жарма, Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім, Аягөз, Көкпекті, Катонқарағай ауданы мен Семей қаласында 18 ауыл мен екі ауылдық округ сарыпқа қарсы шектеуге алынды. Бұған дейін бруцеллезден ада деп саналып келген Бесқарағай мен Абай ауданында да сарып ошақтары тіркеліп отыр.
Індеттің ірге жаюы кімге қажет?
Сарып дегенде ауылдағы ағайынның төбе шашы тік тұратын болған қазір. Малы қара тізімге ілінген елдің ветеринардан еститін жауабы да тым сараң, тым сұйық. Індеттің таралу себебін сұраса, «Бейберекет мал тасыған өздеріңнен көріңдер» дейді. Неге уақтылы қан алынбағанын сұраса, тендердің кешігіп өткенін алға тартады. Осындай түсініксіз жайттар сыпсың сөздердің тарауына себепкер болып тұр. Ветеринарлар ет саудасында жүрген алыпсатарлармен ауыз жаласып алған деп күдіктенетіндер де бар.
-Сәуір айында ауылға мал дәрігерлері келіп, әр үйде қанша малдан сарып анықталғанын атап, сырға нөмірлерінің тізімін көрсетті. Менен үш бас, бір көршімнен жеті бас, екіншісінен төрт бас сиыр ауру боп шықты. Олар кеткен соң 1,5 сағаттан кейін алыпсатарлар жетіп келді. Қолдарында дәл сондай тізім бар. Егер ветеринарлармен байланысы болмаса, олар тізімді қайдан алды? Осы туралы алғаш айтқанымызда прокуратураға шақырып, неге ондай ақпарат таратып жүргенімізді сұрады. Біз айтқандарымыздың өтірік емес екенін түсіндірдік, – дейді Мамай батыр ауылының тұрғыны Гүлнәр Тайбазарова.
Ұлан ауданының Сағыр және Мамай батыр ауылдарында өткен жылдың қаңтарынан бері сарыпқа қарсы шектеу қойылған. Қол созымдағы Өскеменге ағарған сатып күнелтетін ауыл тұрғындары тұрақты табысынан қағылғанына 1,5 жылдан асты. Қорадағы малдың сиреп қалғаны өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, Мамай батыр ауылында әр ошақтан кемінде 3-4 бас мал сойылған. Ал Мұрат Оразаев есімді шаруаның 70 бас сиырының жартысынан астамы пышаққа ілінді.
Сағырдағы жағдай да дәл сондай. Сарып тонамаған қора жоқ. Сәбит Жүнісов есімді тұрғынның «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несиеге алған оншақты бас малынан тігерге тұяқ қалмаған.
-Үкімет мал алып бизнес ашыңдар деген соң, тәуекел еткен болатынбыз. Алған малдың бәрі ауру деп танылып, көзі жойылды. Ал қарыз болса, өсіп жатыр. Қалай қайтаратыным белгісіз. Жағдайымды айтып, операторға барып едім, бизнес бастамас бұрын тәуекелін ескеруім керек болғанын айтты. Аудандық әкімдікке жүгіндім. Одан да қайран болған жоқ, – дейді Сәбит.
Бір айналдырса, шыр айналдырады
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдыратыны шын екен. Мамай батыр ауылының тұрғындары 2009 жылдан бері осымен үшінші рет сарыптың кесірінен шектеуге түскендерін айтады. Не деген құрып бітпейтін құдіретті індет бұл? Мамайдың малы түгел жойылып бітпейінше сарыптың жыры бітпей ме әлде? Ауыл халқының көкейінде осындай сұрақ бар.
-Ауру алғаш анықталғанда-ақ ауыздықтауға болар еді. Бірақ ветеринарлар ошақты жоюға асықпады. Сөйтіп, індет іргесін кеңейтіп, бүкіл ауылға тарады. Жайылым тар болғандықтан, сарып екі ауылға бірдей жайылды. Мәселе ушыққанша нақты әрекет көрген жоқпыз. Мал дәрігерінің міндеті қан алып, ауру малды сойғызу ғана сияқты. Сол кезде вакцина егілсе, қаншама малды аман алып қалуға болар еді. Ал бізге тыйым салды. Не тұтас ауыл болып егіңдер, не екпеңдер деген талап қойылды. Оған қалтасы таяз тұрғындар қайдан көнсін? Сөйтсек, мал егуге ешкім тыйым сала алмайды екен. Оны кейін білдік, – дейді Гүлмира Даумова.
Ал сағырлық Сәбит Жүнісов том-том құжатын қолтығына қысып, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Бірнеше рет сотқа түсіп, жеңіліс тауыпты. Тігерге тұяғы қалмаған соң, үйде омалып отырудың реті жоқ. Қарыз желкеден қысқан сайын, шындық іздеп шырылдайды.
Салада адам түсініп болмайтын қойыртпақ қалыптасқанын ардагер мал дәрігерлер де растайды. Құрамына 500 кәсіби ветеринар кіретін Шығыс Қазақстан мал дәрігерлерінің қоғамдық бірлестігі осы мәселені іштен зерттей бастағанына екі жыл болыпты. Бірлестік төрағасын тауып сөйлестік.
Қойыртпақтың басында малдан қан алудың жаңа ережесі тұрғанын айтады Есен Бәкімбаев. 15 жыл бойы аудандық ветеринарлық станса бастығы болған ардагер маман мемлекеттік сатып алу жүйесі жұқпалы індетпен күреске көп кедергі келтіріп отыр деген пікірде.
-Соңғы 8-9 жылда малдан қан алу жұмыстарын қаржыландыру жүйесі мемлекеттік сатып алу тізіміне кірді. Жаңа ереже бойынша аналық бастан жылына екі рет, бұқадан төрт рет қан алынуы керек. Қаржы соған ғана бөлінген. Одан асып кетсе, зертхана қанды қабылдамайды. Ал бұрын ауру анықталған үйдің малынан теріс нәтиже шыққанша қайталап қан ала беретінбіз. Қазір қайталап алу үшін сол елді мекенге сарыпқа қарсы шектеу енгізу керек. Оның құжат жұмыстарының өзі 2-3 айға созылады. Сөйтіп жүргенде, ауруы жасырын формадағы малдар тұтас табынға індет жұқтырып үлгереді, – дейді маман.
Комитеттің өз уайымы өзінде
Бірлестік өкілдерін ел аумағында сарыпқа қарсы вакциналардың көбейіп кеткені де алаңдатады.
-Бұрын мемлекет бекіткен вакцианалар саны шектеулі болатын. Ексең, міндетті түрде нәтижесі бар. Ал қазір кім қандай дәрі ексе де, ерік өзінде. Егілген малдан алты ай көлемінде қан алынбайды. Вакцина сапасыз болса, алты айдың ішінде ауру мал талайға індет жұқтыратыны айтпаса да түсінікті, – дейді Есен Бәкімбаев.
Сарып ошағы анықталған жерді заласыздандыру жұмысы Семейдегі эпизотикалық жасақтың филиалына жүктелген екен. Ветеринарлар бірлестігі олардың да жұмысына сын айтып отыр.
-Залалсыздандыру жұмыстарын бір орталыққа бағындыру теориялық тұрғыда тиімді болғанымен, іс жүзінде шикі дүние. Әр аудан өз ошағын өзі тазалау керек. Сонау Семейден іссапармен келген маман шалғайдағы ауылда апталап жатпасы анық. Іссапар уақыты бітсе болды, жұмысты шала-шарпы істеп, тайып тұрады. Мамай батырда қайта-қайта сарып ошағының тұтануы осындай салғырттық салдарынан, – дейді ардагер ветеринар.
Саладағы жүйесіздіктен неге ауылдағы ағайын зардап шегуі тиіс? Мәселенің мән-жайы Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты Ветеринария комитетіне жазбаша да, ауызша да айтылған екен. Екі жылда үш басшы ауыстырған комитеттен нақты әрекет түгіл жауап та болмаған.
Осының бәрі малдың қорғаны болуы тиіс ветеринарларға деген елдің сенімін сетінетіп-ақ тұр.
«Восток-Молоконың» сәтті тәжірибесі
2012 жылы «Восток-Молоко» корпорациясының иелігіндегі малдан да сарып анықталып, қолдағы сиырдың тең жартысын өткізуге тура келіпті. Жергілікті ветеринарлардың дәрменсіздігін көрген кәсіпорын Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс эксперименталды ветеринария институтына жүгінеді. Новосібірдегі корпорацияға бруцеллезбен күрес бағдарламасын айқындап, оны Ауылшаруашылық министрлігі бекітеді. Осыдан кейін әуелі аман қалған малға вакцина егіп, іле қан алады. Вакцина егілгенге дейін сау деп таныған сиырдың біразы сарыптың жасырын түрімен ауыратын болып шыққан. Күдікке ілінген жүздеген бас тағы сойылады. Тіпті, бір табынның 38 пайызы сарып жұқтырғандықтан, түгел көзі жойылыпты.
Қазір кәсіпорын малдан жүйелі түрде қан алып, ресейлік институтқа тапсырады. Ал вакцина егу жоспарлы түрде жүзеге асады. 2014 жылы серіктестік түгелдей сарыптан аласталды. Сол жылы Алматыда өткен халықаралық ветеринариялық конференцияда «Восток-Молоко» ЖШС-нің тәжірибесін ілкі жоба деп танып, Қазақстан аумағына тарату ұсынылыпты. Жергілікті органдар бұл ұсынысты елемеді де. Есесіне «Қайрат» шаруа қожалығы сияқты жекелеген құрылымдар Новосібірдегі институтпен байланыс орната бастады. Қолында қаражаты бар ірі қожалықтар осы жолмен малын аман сақтап қалуы мүмкін. Ал қарапайым халыққа қайтпек керек?
Қателік қай жерден кетті?
Малдан қан алу мемлекеттік тапсырыс аясында жасалатынын, оның қандай кедергісі бар екенін айттық. Дертке қарсы вакцина егу шығыны мал иесінің өз мойнына түсуі де жағдайды қиындатып отыр.
«Восток-Молоко» ЖШС бас директорының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Виктор Воробьев қазіргі жүйеде қарапайым халықтың заңнамалық тұрғыда да, мүмкіндік жағынан да қолы байлаулы екенін айтады.
-Көбі Кеңес заманында эпизотикалық жағдай толық бақылауда болғанын айтып жатады. Ол кезде малдың 95 пайызы ортақ меншікте болды. Жеке қолда 5-7 пайызы ғана ұсталатын. Сондықтан қан алу, мал егу шаралары ұйымдасқан түрде, мемлекет есебінен жүзеге асатын. Ал қазір малдың 70 пайызы жеке қолда. Ірі қожалықтар санаулы. Жекеменшіктің малын вакциналаудан мемлекет бас тартқан. Мұндай жағдайда жеке қора немесе аула болып, тіпті ауыл болып сарыппен күресу мүмкін емес. Жоқ дегенде тұтас бір аудан бір мезгілде қан алып, бір ғана вакцинаны малдың жасы мен жынысына, күйіне қарай әртүрлі мөлшерде егу қажет. Бір ауданда бір ғана вакциналық фон болуы тиіс. Вакцина егудің жалпыға ортақ ережесі болуы шарт. Бұл істі мемлекет өз қолына алмайынша, жағдай оңалмайды. Керісінше ушыға бермек, – дейді Виктор Воробьев.
Ол біздегі малды диагностикалаудың тәсілі тиімсіз екенін айтады.
-Ресейлік институт диагностиканы саралап жүргізеді. Вакцина бактериясынан жасырын вирусты, ауру ағзадан сау ағзаны анық айыратын тәсіл бар. Бұл жағынан біздің мамандар он есе артта қалған. Зертхана мамандарының біліктілігін арттыру қажет. Қан талдауын жасайтын құралдардың қай жерде шыққаны да маңызды. Ресейліктер оны Мәскеу түбіндегі халықаралық сертификаттау орталығынан тексертеді. Сондықтан да қолдағы құралдары біздікінен әлдеқайда сезімтал. Дәл сондай жүйені бізге де енгізуге болады. Әкетіп бара жатқан шығыны да жоқ. Тым болмағанда, Шығыс Қазақстан аумағында бірыңғай стратегиялық жоспар жасалуы керек. Сонда ғана 5-6 жылдың көлемінде сарыптың жолын кесуге болады. Облыс әкімінің сол кездегі орынбасарының тапсырмасы бойынша біз өзіміздің өңірге арнайы бағдарлама жасап ұсынғанбыз. Кейін орынбасарлар ауысты да, жоба қолдау таппады, – дейді маман.
Вакцинаның қолданылатын өңірге бейімділігі де көп мәселені шешетін болса керек. «Восток-Молоко» ЖШС қазір «Штам-19» вакцинасын қолданып келеді. Америкалық ғалымдар өткен ғасырдың басында ойлап тапқан екпе Қазақстан мен ТМД аумағында өте тиімді екенін көрсеткен.
-Біздің өлкеге жарамаса да, жарнамасы жақсы жасалған талай вакцина қазір қарапайым халықтың қолында жүр. RB-51 сияқты вакциналар сарып ауруы біздегідей асқынбаған елдерге арналған. Сондықтан біздегі формасын жоюға дәрменсіз. Жарнамаға алданып, тиімсіз вакцианың кесірінен орасан шығынға ұшыраған қожалықтар да бар, – дейді маман.
Виктор Воробьев әлемнің дамыған елдерінде сарып ауруы біздегідей әлеуметтік сипаттағы мәселе емес екенін айтады.
-АҚШ-та, Аустралияда, Еуропа елдерінде, тіпті Украинада да сарып мәселесі біржола жойылған. Ресейдің 90 пайызы бұл індеттен таза. Ал Қазақстанның аумағы тұтастай сарыпқа бейім болып саналады. 2015 жылы малдан қан алудың жаңа ережесі сынақтан өткен болатын. Ол ереже бойынша барлық малдың тек он пайызынан ғана қан алыну керек. Бұл сәтсіз сынақ онсыз да оңбай тұрған эпизотикалық жағдайды құлдыратып жіберді. Бүгін облыстың әр түкпірінен сарыптың ошағы бұрқ-бұрқ етіп жатуы сол «жаңашылдықтың» жемісі, – дейді маман.
Елімізде мал басын арттыруға бағытталған онға тарта мемлекеттік бағдарлама бар. Шетелден мал әкелуге де жағдай жасалып, қолдау тетіктері қарастырылған. Бар малдың өзін дерттен қорғай алмай отырғанда ол бағдарламалардың жеміс беруі екіталай.
Есімжан Нақтыбайұлы