Сарып ауруы сансыратып тұр
Күршім ауданы ежелден-ақ мал өсіруге маманданған ауыл шаруашылығы аудандарының қатарына жатады. Кезінде жайқалған егіні мен мыңғырған малы қатар өркендеген өңір бүгінде бірыңғай мал өсіруге ден қойып отыр.
Мал өсіру деген сөз айтуға ғана оңай, әйтпесе бұл саланың шығыны мен тауқыметінің шаш етектен екенін күнделікті көріп-біліп жүргеніміз де ақиқат. Мал баққан шаруаны қинайтын ауыртпалықтар жеткілікті, бүгінгі таңда оның ішінде жұртқа әсіресе қиын тиіп тұрғаны – малдың сарып ауруы. Соңғы жылдары бұл дерт төтенше көбейіп, қазіргі кезде ауданымыздың сарып бойынша жайсыз өңірлердің қатарында тұрғанын жасырудың жөні жоқ. Аталған мәселелердің барлығын сарапқа салып, осы туралы нақты мағлұмат алу мақсатымен біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Күршім аумақтық инспекциясының есігін қаққан болатынбыз.
– Шынында да, біз осы дертке байланысты жайсыз аудандардың қатарында тұрмыз, – дейді инспекция басшысы С.Әшіманов. – 2021 жылы аудандағы 8 нысанға (шаруа қожалықтары мен елді мекендерге) шектеу қойып, алдын алу шараларын жүзеге асырдық. Бұл шектеудің пайдасы зор болды. Биыл тағы да 4 шаруа қожалығы мен Үшбұлақ ауылына шектеу қойып отырмыз. Шектеу қойылған жерге мал дәрігерлері 15 күн сайын барып, қан алып, анықталған ауру малдарды жойып отырады.
Дерттің түбегейлі жойылмай тұрғанына көбінесе мал иелерінің өздері кінәлі болып табылады. Ауру мал анықталып, енді оны дереу сойып, аластау керек болғанда, «көктем уақыты ғой, арық мал не жеуге келмейді, не ақша шығармайды, біраз семірсінші» деп оны талайға дейін жасырып, қорада ұстап отырады. Ал бұл уақытта дертті түлік ауруын төңірегіндегі малдарға жұқтырып үлгереді. Сондай-ақ аурудың таралуына маңайдағы қаптап жүрген иттер мен мысықтар да басты себепкер болып табылады. Сойылған малдың ішек-қарны мен қалдық еттерін жеп, айналаға тасу арқылы осы хайуанаттар эпизоотикалық ахуалға үлкен залал келтіреді.
Серікхан Тоқанұлы сонымен бірге мал сою алаңдары мен өлекселер тасталатын мал қорымдарындағы жағдайдың да мәз емес екеніне тоқталып, бірқатар мәселеге шолу жасап өтті.
– Ауданда 17 мал сою алаңы бар, – дейді ол. – Бұлардың барлығы бірдей жекеменшіктің қолындағы нысандар. Сол себепті лажсыз мал союды бір ретке келтіре алмай отырған жайымыз бар. Мемлекет есебіндегі коммуналдық қасапхана жұмыс істеп, ауырған түлікті дереу мал таситын көлікпен жеткізіп, қолма-қол сойып отырса, жағдай әлдеқайда оңтайлы болар еді. Оған әзірше қолымыз жетпей жатыр.
Инспекция басшысы көпшілігі 2011 жылы салынған мал қорымдарының да әбден тозып, дерттің қайнар көзіне айнала бастағанын қынжыла баяндап өтті. Оның айтуынша, аудан көлеміндегі 42 қорымның барлығын талапқа сай етіп, қайтадан салу керек. Әйтпесе ондағы өлекселер бара-бара жердің бетіне шығып, ит-мысықтың аузымен, құстың тұмсығымен айналаға дерт болып таралуда.
Бүгінгі таңда ауданымыздағы Күршім мен Марқакөл ауылдық округтерінде 657 бас сарып ауруына шалдыққан мал бар. Шектеу қойылып, мұндағы ем-дом шараларының барлығы жіті назарға алынған, дегенмен жоғарыда айтылған жайлар себеп болып, бұл қатерлі дертті біржола жоюдың сәті түспей жатыр.
– Айтылған талаптардың барлығын бұлжытпай орындап, қажетті шараларды мұқият жүзеге асырған Сарыөлең ауылдық округіндегі жағдай өзгелерге үлгі боларлықтай, – деді С.Әшіманов. – Онда арнайы санитарлық табын ұйымдастырылып, дертті малдар бір жерге шоғырландырылды. Бұл табын жайлау төрінде де өзге малдардан оқшау бағылып, сол жайлауда қажет уақытында қан алынып отыратын өткелек салынды. Қатты қарап, қадағалаудың, 2021 жылы басталған ем-дом шараларының нәтижесінде кезінде 360 дертті ірі қара шыққан Сарыөлең ауылдық округі сарып ауруынан ада-күде тазарды. Бұл бағытта барша жұмыстарға қатаң назар салып, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенген ауылдық округ әкімі Серік Ақсартовтың еңбегін бөле-жара атаған дұрыс болады.
Серікхан Тоқанұлы бұдан соң қазіргі кездегі кадр мәселесіне тоқталып, осы саланың келешегіне қатты алаңдаушылық білдіретінін айқын сездірді. Ауданда мал басы баршылық, ал мал дәрігерлік қызмет саласы ветеринария мамандарымен небары 70 пайыз ғана қамтылып отыр. Жұмыс ауыр, еңбекақы төмен болғандықтан жастар бұл салаға келуге құлықсыз.
– Қазіргі уақытта осы салада тер төгіп жүрген мамандардың барлығы дерлік кешегі кеңес өкіметі кезінде зооветинститут, техникумдарда білім алған «ескікөздер», – дейді инспекция басшысы. – Бірер жылда солардың қалғандары тегіс зейнет демалысына кетеді. Сонда ауылдардағы малды кім емдейді, кім осы салаға басшылық жасайды? Міне, бізді түнде ұйқымыздан «шошытып оятатын» басты мәселе осы болып тұр. Ал ветеринария саласы халық өміріндегі ең басты салалардың бірі десек, қателесе қоймаспыз. Осыдан бір ғасыр бұрын әйгілі академик Павлов: «Медицина адамды емдейді, ал ветеринария адамзатты емдейді!» – деп кесіп айтқан болатын. Бұл көріпкелдік сөздер өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ, жоймайды да. Ендеше, осынау маңызды мәселенің шешімін тез арада таппасақ, орны толмас өкінішке ұрынарымыз хақ.
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.