Қоғам

Сарқылмас энергияны Токамак өндіреді

Сарқылмас энергияны Токамак өндіреді


Курчатовтық ғалымдар Елбасының бейбіт атомды дамыту тапсырмасына орай көптеген құнды жаңалықтарды ғылыми орта назарына ұсынып отыр. Соның бірі – «Токамак» термоядролық материалтану реакторы.

Ол алдағы уақытта өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты экспонатының бірі болмақ. Материалтану реакторының негізі – термоядролық реакция. Бұл ғылыми тілде термоядролық синтез деп аталады. Яғни, миллиондаған градус температурада жүзеге асатын ядролық бірігу реакциясы болып табылады. Ғалымдар бұл реакторды жасау үшін 2003 жылдан бастап 14 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалыпты. Құрылғы 2017 жылдың жаз айында іске қосылады деп күтілуде.

– Астанаға келушілердің негізгі назары осыған аударылады. Бүгінде бүкіл әлем ғалымдары жаңа энергияның көзін ойлап табуға барлық күш-жігерін жұмсап жатыр, – дейді Ұлттық ядролық орталық директоры Эрлан Батырбеков, – өйткені, жер бетінде көміртекті отын мен ураннның қоры шектеулі. Сондықтан да энергиямен қамтамасыз етудің бірден-бір қайнар көзі – термоядролық синтез. Бұл түгесілмес материал болып табылады. Тіпті, жердегі жасанды бір күн көзі десек те әбден болады.

ҰЯО директорымен болған маңызды кездесу жиынды «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев жүргізіп отырды. Ал ҰЯО директоры Эрлан Батырбеков слайд түрінде атқарып жатқан шаруаларды кезек-кезегімен таныстырып өтті.

– Әлем ғалымдары қазақстандық ғылымның экономикаға үлес қосуға атсалысып жатқандығына ерекше назар аударып отыр, – деді Эрлан Ғаділетұлы сөзін жалғап, – сондықтан да Токамактың қабырғалық кешенін Астанада өтетін көрмеге ұсыну – біз үшін үлкен жетістік. Мұнда ресейлік ғалымдармен де бірлесе жұмыс атқарып отырған бөлімдер бар. Сонау 2003 жылдан бастап біздің ғалымдар «Қазақстандық Токамак термоядролық материалтану реакторын құру және оны пайдалануға ғылыми-техникалық қолдау (Токамак КТМ)» атты бағдарламаны жүзеге асырып келеді.

2010 жылдың 5-қыркүйегінде Токамак КТМ-ның алғашқы қанатқақты жобасы іске қосылды. Сөйтіп, қуаты 25кА болып табылатын алғашқы плазма алынды. Ал, 2012 жылы мамыр айында ТМД елдерінің АТОМ-ТМД комиссиясы болашақ термоядролық реакторлардың вакуумды камераны және ішкі камералық бөліктерін іске қосуға болатындығын нақтылады. Эрлан Батырбековтің айтуынша, шет елдердегі халықаралық термоядролық қоғамдастықтың қазақстандық Токамак КТМ-ға қызығушылығы арта түсуде. Бұған әлемдегі ең ірі ғылыми орталықтармен жасалған меморандумдар айқын дәлел. Ресейдің Курчатов институтын, INEA-ны (Италия), \”СIЕМАТ-ты (Испания), JAEA-ны (Жапония) солардың қатарынан атауға болады. Алдағы уақытта Токамак КТМ-ды қолданушылардың халықаралық коалициясын құру жөнінде де ұсыныстар түсіп жатыр.

– 2016 жылы біз Токамак КТМ жобасының құрылысын жүзеге асыруда біршама табысқа қол жеткіздік, – деді Эрлан Ғаділетұлы, – оған бюджеттен қаржы дұрыс бөлінуі үлкен септігін тигізді. Қаражат осы жобаның сәтімен аяқталуына мүмкіндік берді. Бірақ Қазақстан заңдарындағы өзгерістерге орай біз бұл жобаның бас мердігері бола алмайтын болдық. Дегенмен, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да біздің тікелей бақылауымызда, қадағалауымызда болады. Қосымша көптеген тәжірибелер мен жұмыстарды да Астанадағы ЭКСПО көрмесінде халық назарына ұсынамыз.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің ұраны «Болашақ энергиясы» деп аталады. Мұнда адамзаттың сұранысына лайық, экологиялық жағынан таза, нағыз қуат көзі болып табылатын термоядролық синтезді энергия алу басты тақырыпқа айналмақ. Осы тектес жобалардың барлығы көрмеде таныстырылатын болады. Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзі энергия өндіруде көмірге, мұнайға және табиғи газға 85 пайыз тәуелді. Талдаулардың көрсетуінше, мұның 200 жылға ғана жететін түрі бар.

Міне, сондықтан да Қазақстан мемлекеті «ЭСКПО-2017» көрмесінде термоядролық зерттеулерін Токамак КТМ жобасы арқылы халық назарына және игілігіне ұсынбақ. Мұны жердегі екінші күнмен пара-пар деуге әбден болады, қуаты шетсіз-шексіз. Қазіргі таңда энергияға деген тәуелділік күн сайын артып келеді.Үйіңізде электр энергиясы тұрақты болуы маңызды, себебі, компьютер, теледидар қосылады. Ал зауыттарда өндіріп, өңдеу үшін де электр энергиясы қажет. Қуат көзінсіз жүріп-тұру мүмкін емес. Ендеше адамзат өркендеп-өскен сайын энергияға деген қажеттілік арта түседі. Биыл жазда Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Курчатов қаласында орналасқан реакторды іске қосады. Содан кейін «ЭКСПО-2017» көрмесінде бүкіл халық Токамактың не, күш-қуаты қандай екендігін көзбен көре алады. Бұл – біздің еліміздің жоғары жетістігі.

Раушан Нұғманбекова
Курчатов қаласы.

Осы айдарда

Back to top button