Қоғам

Сарыөлеңде өткен тағылымды турнир

Сарыөлеңде өткен тағылымды турнир


Шоқан Уәлиханов атындағы Сарыөлең орта мектебі ұжымының, онымен тығыз байланысты жанашыр азаматтардың мұрындық болуымен ауылда тағылымды да сауапты бір шара өтіп, мұның өзі аудан көлеміндегі айтулы мереке болып танылды.

Сарыөлең мектебінде денешынықтыру пәні әуел бастан дұрыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде бұл мектептің оқушылары аудан, облыс көлемінде өтіп жататын спорт жарыстарында үнемі топ жарумен келеді. Бұл бағытта осы киелі шаңырақта ұстаздық еткен спортшы мұғалімдердің сіңірген еңбектері ұшан-теңіз.

Аталған шаңғы жарысы осы мектепте әр кездерде денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген, нағыз ұстаз бола білген аяулы азаматтардың құрметіне ұйымдастырылды. Өмірден мезгілсіз өтсе де, соңдарында жақсы аттары мен ұмытылмас естеліктер қалдырған, көптеген шәкірттері спорт шеберлігіне қол жеткізіп, ел құрама командасына енген Орынтай Қабылтаев, Мұрат Жақыпов, Мұхит Хайруллин сынды үш ұстаздың аруағын бір аунатып тастауды көздеген жиын еді.

Айтулы бәсекені Ерболат Мәжібаев басқаратын Сарыөлең ауылдық округінің әкімдігі мен Жанат Сәдуованың жетекшілігіндегі Сарыөлең орта мектебі, сондай-ақ, аталған ұстаздарын құрмет тұтатын түлектер ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді. Ауданның көптеген ауылдарынан әдейілеп жеткен 100-ге тарта спортшы 9-сыныпқа дейінгі, 9-11 сынып оқушылары, 18 жасқа дейінгі, 18-30 жас, 30-45 жас аралығындағы, 45 жастан жоғары деген топтарға жіліктеліп, тартысты бәсекеге түсті.

Жарысқа бүгінде Алматы қаласында тұратын осы мектептің түлегі, спорт шебері Нұрлы Маяқпаев, Ербол Сейітәшімов, Өскеменде тұратын Қайрат Сұраужанов, сонымен бірге, белгілі өнерпаз, спортшы Есен Мәженов бастаған 1981 жылғы түлектер демеушілік жасап, Дүйсенғазы Айтбаев пен Жайлау Кенжин сынды облыстық олимпиадалық резервтер колледжінің ұстаздары елеулі қолдау көрсетті.

– Марқұм Орынтай ағайымыз: «Шаңғышы боламын деген адам қайсар да қажырлы, жігерлі де төзімді, психологиялық жағынан табанды болуға тиіс, әйтпесе оның жеңіске, табысқа жетуі мүмкін емес», – дегенді жиі айтатын еді, – деп еске алады Е.Мәженов. – Мәселен, палуан, боксшы, волейболшылар жылы жерде, дуылдаған жанкүйерлердің ортасында сынға түседі. Ал шаңғышы қыстың қақаған аязына, боранына қарамастан ен далаға шығандап шығып, табиғаттың, ауа райының жағдайына тәуелді күйге түседі. Бүгінгі сайыстың алға қойған мақсаты да сол – алдымен ұстаздарды еске алу, содан соң кейінгі уақытта кенжелеп қалған шаңғы спортының маңызын жас буынға ұғындырып, оларды спорттың осы түріне қызықтырып, жетелеу.

Қызу да тартысты өткен шаңғы жарысының қорытындысында 30-ға тарта жүлдегер анықталып, олар арнайы медальдармен, аудан әкімінің грамоталарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жастармен қатар өздерінің әлі де бабынан таймағандығын дәлелдей білген бір кездегі белгілі спортшы, Орынтай ағамыздың зайыбы әрі шәкірті Гүлбаран Қабылтаева мен жетпіс жастағы ардагер Есманбек Ақтекенов жүлделі орындардан бой көрсетті.

Жарыс аяқталған соң, осындағы дәмханада марқұм ұстаздарға арналып қатым түсіріліп, 300 адамға ас берілді. Бұл шараға Асхат Хайруллин бастаған марқұмдардың туыстары жұмылып, бар шығынды көтеріп алды.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button