Қоғам

Сарыөлеңде сүт қабылдайды

Сарыөлеңде сүт қабылдайды


Аудан әкімі Дулат Қажанов алғаш қызметке кіріскен бойда аудандағы кенжелеп қалған сүт өндіру саласының жұмысын жолға қоятынын айтып, көп алдында уәде берген-ді. Ол Қаратоғайдағы «Арын» шаруа қожалығы негізінде май зауытының ашылатынын айта келе, көпшілікті алдымен осы зауытты қамтамасыз ету мақсатында Күршім және Сарыөлең ауылдық округтерінде сүт қабылдау пункттерінің ашылатынынан құлаққағыс еткені де есімізде.

Әкім межелеген шаралар көктем шыға жүзеге аса бастады. Жақында Сарыөлеңдегі «Ерасыл» шаруа қожалығында сүт қабылдау пунктінің ашылғанын естіген біз аталған игілікті көзбен көріп қайту үшін әдейілеп жеткен болатынбыз. Шағын ғана будкадан орын тепкен осы сүт жинау модулі күніне екі тоннаға дейін сүт қабылдап, оны 3-4 градустық бірқалыпты салқын температурада ұстап тұруға қабілетті болып шықты. Сонымен бірге, әкелінген сүттің майлылығын, сапасын қолма-қол анықтайтын шағын зертхана да модульдің өз ішінде орналасқан. Бұл ыңғайлы қондырғыны қожалық жетекшісінің ұлы Данияр «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Өскемендегі «Үлбі» модуль компаниясынан сатып әкелген екен.

– Бөшкесіне бір тонна сүт сыятын арнаулы УАЗ автомобилін 8,5 млн. теңгеге, модульдің өзін 5 млн. теңгеге сатып алдық, – дейді «Ерасыл» шаруа қожалығының басшысы Ержан Қойлыбаев. – Шаруашылық ауласына орнатылған осы модульдің дәл жанынан арнайы құдық қаздырып, су тарттық. Бұл шаруаны 200 мың теңге қаржы төлеп, өскемендік «Топаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларына қаздырдым. Өйткені сүтті салқындатып, сақтау үшін міндетті түрде су қажет. Жарық тартылды, су әзір, енді Қаратоғайдағы Баймұхамбетовтердің май зауыты ашылған сәтте сүт жеткізуге даярмыз.

Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Қ.Қарағызовтың айтуы бойынша, Қойлыбаевтар ауыл тұрғындарының сауын сиырларын жинап алып, өздері бағуға келісіп отырған көрінеді. Мұның екі жаққа да тиімділігі зор болып шықты. Ең алдымен, мал бет-бетімен жүрмей, табын болып бірыңғай жайылатын болады. Екіншіден, табын қолдан ұрықтандырылатындықтан, бірде-бір сиыр қысыр қалмайды. Үшіншіден, табындағы сиырлар біртіндеп тегіс асыл тұқымды малға айналдырылады. Осы шараның тағы бір тиімді жағы – мал тегін бағылады, сонымен бірге субсидияға қол жетсе, осының өзі халықпен жұмыс істеп отырған шаруашылыққа үлкен қолдау болмақ.

Сарыөлеңдегі осы бір жағымды жаңалық сүт, май, басқа да аса қажетті өнімдер өндіретін маңызды саланың көп ұзамай аяғын нық басарына жұртты шынымен иландырып отыр.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button