Сарыбелдегі жұмбақ сарқырама
Адамдар білмейтін ғажап жер көп. Бүкіл ғұмырыңды бір мекенде өткізсең де, оның бар сұлулығын зерттеп, білу мүмкін емес. Әсіресе бұл мекен Шығыс Қазақстан секілді тамаша табиғат пен көрікті жерлерге бай болса.
Самар ауданына қарайтын Сарыбел ауылында ғажайып сарқырама бар. Оның барын облыс тұрғындарын қойып, самарлықтардың өзі білмеген, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Сарқырама Сарыбел ауылының іргесінде орналасқан. Сырт көзге бірден байқалмайды екен. Себебі суы жердің астына қарай құлдилап ағады. Содан болар, осы уақытқа дейін оны көп ешкім байқамаған.
Тағы бір айта кетерлігі, сарқыраманың ресми атауы жоқ. Оның үстіне, бұл сұлулықты тамашалайтын уақыт та шектеулі екен. Жаздың ортасында суы тоқтап, құрғап қалатын көрінеді. Оның сыры неде?
– Негізі, бұл – ауылдың шетіндегі бұлақ. Көктемде суы молайып, сарқырама болып ағады. Жаздың ортасына қарай суы азайып кеткенде сарқырама да тоқтап қалады. Бірақ мұндағы көрініс керемет. Өзіміз Сарыбел сарқырамасы деп атап алдық, – дейді Самар ауылының тұрғыны Таунар Қайратұлы.
Айтпақшы, Сарыбел ауылы болашақта үлкен туристік мекенге айналмақ. Мына жұмбақ сарқырама да туристерді тартатын бір көрініске айналар ма екен?