Қоғам

Сары май

Адамның кейбір кездері – Көңілде алаң басылса...

Соңғы кезде апам қолдың сары майын сағынып жүр. Үстел басына шайға отырған сайын базардан әкелген сары майға қарап:

– Әттең, жастық шағым-ай, дастарқанымнан сарымай үзілмеуші еді, – деп бір күрсініп қоятынды шығарды. Апамның бұл сөзіне бәріміз таңғалып, таңырқап отыратын болдық. Шешем – апамның кіші келіні. Апамның бұл сөзін құптағандай үнсіз ғана отыратын болды. Жалпы, біздің үйдің дастарқанында базардан сатып әкелген сары май үнемі тұрады, бірақ апам соны шайға салып сапырғаны болмаса, қасықтың ұшымен анда-санда тоқашқа жағып қана жейді. Бұл сырын білу үшін бір күні шай үстінде қарияны әңгімеге тарттым.

– Апа, жастық шағым, дастарқанымнан сары май ажырамайтын еді, деп мынау тұрған сары майды жақтырмайтын болыпсың ғой. Не болды, майдың-майдан жорғасы бар ма еді?! Сіз деп базардан келісін 4500 теңгеден әкеп жүрміз ғой. Несі жақпайды? – деп сұрадым. Апам бір күрсініп, кесесіндегі шайын бір сапырып, дастарқандағы сары майға қарап:

– Қарағым, мен не сары май жеп жасарайын деп жүр деп пе едің. Тоқсаннан астым. Алланың берген жасы, тәубе. «Кәрілік алдымен көзіңді, сосын аузыңдағы сөзіңді, одан кейін өзіңді алады» деп отырушы еді бұрынғының қариялары. Сол кәрілік маған да жетті. Қандай шай ішсем де, тамағымды қыратын болыпты. Соған сары май сапырып ішсем, шайым жақсы өтеді әрі дәмді, – деп кеседегі ыстық шайынан жаймен ұрттады.

– Апа, сары май шайыма жақсы дейсің. Ал өзің майсыз ішіп отырсың ғой. Неге? – деп қазбалай түстім. Апам дастарқандағы майды ыдысымен алдыма итерді. Басқа үстел басында отырғандарда үн жоқ. Барлығының білгісі кеп жүргені де осы екен.

– Міне, қара! Базардан қолдың сары майы деп әкелесіңдер. Кесеге салып сапырсаң, мәргәриннің дәмі шығады. Аузыңа салсаң да сол. Түрін қарасаңшы, сырты сары болғанымен іші ағарып тұр. Таза мәргәрин араластырған саудагер сабазыңның айласы ғой, – деп бір күрсінді апам.

Расымен де, майға қарасам ортасы біртүрлі болып тұр. Бұрын бұған мән бермеуші едім. Сол сәтте анам да үн қатты:

– Соңғы жылдары сары май деген осылай болып кетті ғой. Алыпсатар да пайда көрсем дейді. Олда бір тиынын қалай екеу қылсам, мынау нарықта бала-шағамды қалай асырасам деп жүргендер ғой, – дегені сол еді, апам қабағын сәл түйіп:

– Таразы мен жолдан жеген оңбайды. Адал асты арамдағанға жаның ашымасын. Сендер жассыңдар, темір кеміріп, тас шайнап, қара су ішсеңдер де қуаттысыңдар. Біз бойдан қуат кеміп, кәріліктің кепиеті ұрған мүсәпірлерміз. Сендерге қалай жесеңдер де жарасады бұл майды. Маған жақпайды. Сағынғаным да сол. Бұрынғының адамында ұят болатын. Қандай зат сатса да, сапалысын, өнімінің тәттісін адалынан сататын. Ал қазір ше?! Құлқын үшін боқ қосып сатса да, ұялмайтын болды ғой. Таза ас, таза өнім өзің үшін ғой. Бүгінгінің қай асы болмасын бойға қуаты шамалы, тек қарынды алдағаны болмаса. Жас пен баланың жиі-жиі ауырып қалуы да, әлжуаз болуы да астың құнарсыздығында. Түрлі химия қосып, аяғы осындай сапасыз қоспалар қосуында. Сары майды мәргәринмен араластырған соң не дейін, – деп шайын тағы да ұрттады.

Сол күннен бастап мал ұстап, май сатқан ағайынның үйін аралап, жағдайды айтып, таза май алатын болдым. Апам да бұрынғыдай емес, шай сайын кесесіне май сапырса да, тоқашына жағып жесе де, сары майды сатқан үйдің тілеуін тілеп: «Құдайға қарағандар-ай, жүз жасаңдар», – деп ақ батасын беріп отыратын болды.

Еркебұлан Зағыпаров

Зайсан ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button