Қоғам

«Сартау» қолдау көрсетеді

   Күршімдегі «Сартау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы құрылған болатын.  Содан бері 17 жыл бойы бұл серіктестік ауылдағы тіршілік жасауға талаптанған көптеген адамдарға көңілге қонымды пайыздық қайтарыммен несие беріп, жекеменшік субъектілері мен шаруа қожалықтарына сенімді сүйеніш болып келе жатыр.

Қазіргі кезде  серіктестікпен 60 шаруа қожалығы, екі жеке кәсіпкер тығыз байланыс жасап, тиімді қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Бүгінде бұл мекемеге білікті маман Рауан Ақылбекұлы жетекшілік жасайды.

–  Шаруалардың көпшілігі, кейбір жеке кәсіпкерлер бізбен жұмыс істеуге шынымен ынталы, –  дейді Рауан Ақылбекұлы. –  Бұған себеп жеткілікті. Біздің серіктестікке тиісті жарнаны төлеп, мүшелікке кірген заңды тұлға мемлекеттің осы бағытта берілетін несиесін біршама жеңілдікпен ала алады және құжаттарын рәсімдеген кезде біз мұндай адамдарға барынша көмектесіп, қолдау жасап отырамыз. Ал серіктестікке мүше адамдардың қажет болса бір емес, бірнеше мәрте несие алуға мүмкіндігі бар. Осы несиелердің арқасында тірліктерін оңдап, шаруашылықтарын жолға қойып алған ауылдастарымыз баршылық. Шаруалар мал сатып әкеліп, егін салатын диқандар тұқым алып, алуан түрлі техникаға қол жеткізіп, айтарлықтай пайда көріп отыр.

Біз арқылы алған адамдарға несие 16 пайыздық үстемемен беріледі. Бірақ осы несиенің 10 пайызына мемлекет субсидиясы бөлінетін болғандықтан,  төленуге тиіс үстеме небәрі 6 пайызды құрайтын болады. Ал мұндай несие тек ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуге ниет білдірген жандарға ғана беріледі. Несие алатын адамның міндетті түрде кепілге қоятын мүлкі болуға тиіс. Барша құжаттары дұрыс болған жағдайда несиені қанша мөлшерде аламын десе де беруге біз әрқашан дайынбыз.

Рауан Ақылбекұлы осы ұжымдағы 4 адамның ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айтады.

–  Сырт көзге елеусіздеу көрінетін осынау шағын ғимаратта қандай істердің жолға қойылып жатқанынан көлденең жұрт бейхабар,  –  дейді Рауан. –  Әйтпесе бізге түрлі мақсатты көздеген адамдар толассыз келіп жатады. Біз ұсынатын несиелердің барлығы Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Мұның өзін ауданға келіп жатқан инвестиция деп ұғынған жөн.

Ел Президенті Қасым -Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының «Бірінші бағдар. Жаңа экономикалық саясат» атты тарауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау, жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға ерекше көңіл бөлу жайы барынша айқын баяндалған. Мемлекет басшысының осы тапсырмаларының көңілдегідей орындалуына біздің де сүбелі үлес қосып отырғанымыз шындық. Мәселен, Жолдаумен жақын танысып, ондағы тапсырмаларға сәйкес өз беттерінше тірлік бастауға ниеттенген жастар бізге келіп, несие алу жолдарымен танысып жатыр. Сөйтіп, олар үлкен қадамдарға тәуекел етуге талаптануда. Ондай ынталы жастарды тиімді несиемізбен қолдап, ақыл-кеңесімізбен қолтықтарынан демеп, тиісінше жәрдем жасау  –  біздің негізгі міндетіміз.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button