Сарбаздар үйлеріне қайтты

Өскемендегі 27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті.
– Аз ғана уақыт ішінде әскери саланың қыр-сырын біліп, түрлі техника мен қару-жарақты меңгеріп, міне, туған жерлеріңізге мақтанышпен қайтып барасыздар. Енді сіздер еліміз бен жерімізді қалай қорғау керек екенін білесіздер. Қызметтеріңіз осымен тоқтап қалмайды. Келешекте де азамат ретінде тыныштық жолында күресе бермексіздер, – деп бөлім командирі, подполковник Мұрат Мүсірәліұлы салтанатты шараны бастады.
Арнайы шақырылған мейман – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлер кеңесінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша төрағасы, запастағы подполковник Төкен Жүнісұлы да өз тілегін білдірді.
Алаңда 340 жауынгер тұр. Бұл – олардың әскер қатарындағы соңғы рет сап түзеуі. Түгелінің жыл бойғы атқарған жұмысы мен жеткен жетістігі ескеріліп, әскери шен табысталды.
– Командирлеріміз күн демей, түн демей білім мен машыққа үйретті, Отанды шексіз сүюге тәрбиеледі. Біз олардың ерен еңбегін аузымыздан тастамай айтып жүреміз. Іс-шаралар мен оқу жаттығуларынан әзірленген фотоальбомдар мен бейнежазбалардың электронды нұсқасын естелік ретінде өзімізбен алып бара жатырмыз. Бұл бір тамаша сыйлық болды, – дейді Абылай Амантайұлы есімді сарбаз.
Салтанатты рәсімнің соңында бөлім командирі сарбаздарға алғыс айтты.
– Еліміздің алға ұстаса – айбары, қолға ұстаса найзасы сіздерсіздер! Отан қорғау жолында қызмет етіп жүрген офицерлер мен сержанттардың да еңбегінің жемісі өздеріңізге байланысты. Сіздерге сол үшін рақмет!
Тасқын Болатұлы