Қоғам

Саратовка ауылының сиқы кетіп тұр

Саратовка ауылының сиқы кетіп тұрОсыдан 20-30 жыл бұрын қаладан еш кемдігі болмаған облыс орталығының іргесіндегі Саратовка ауылының бүгінгі ахуалына қарасаң, қарадай қарның ашады. Олай дейтініміз, 1200 орындық мектеп үйі мен 1200 студенті болған Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылық колледжінің бүгінгі жайы сын көтермейді.
Мектеп үйі жылдан астам уақыт бос тұрса, колледжге құжат тапсыратындардың саны не бәрі 35 талапкер, мемлекеттік тапсырыс- 105 орын. Ауылда береке-бірлік, түсіністік жоқ.

Өткен жылы 205 пәтерлі, жаңа типті бес қабатты тұрғын үй бұзылды. Биыл кезінде толық жөнделіп, пайдалануға дайын тұрған балабақша бұзылуда. Сонда осы ауылдың келешегінен, өсіп-өркендеуінен күдер үзіп отырған ауылдың әкіміне не жорық. «Ауылдағы ғимараттардың бір кірпішін де бұзуға болмайды» деген қағида қайда? Бұзылып алынған құрылыс материалдарының қайда кетіп жатқанын білмейміз Сапасыз салынып жатқан құрылыс нысандары осындай тозған, арзанқол материалдарды қолданғаннан пайда болса керек.

Ауыл көңілсіз, көпшілік мәдени іс-шаралар өз деңгейінде өтпейді. Тек ән салып, өлең айтатын әжелер тобы ғана бар.

1-4 сынып оқушылары қыста сақылдаған сары аязда, 3-4 шақырымдағы мектепке қатынап оқиды.

Ауыл тұрғындарының бір жиынында 1-4 сынып оқушыларын ауылда оқыту керектігі айтылған болатын. Ауыз су мәселесі де көтерілген. Бұл шаруа тікелей ауыл әкіміне міндеттелген еді. Сәуірден бастап ауыл тұрғындары «ішуге жарамайды, тұзы көп техникалық су» деген қорытынды шығарылған суды ішуде. Ал су кешкі сағат сегізден таңғы сегізге дейін берілмейді. Ауылда не балабақша, не клуб, не монша, не мешіт үйі жоқ. Игілікті істерді өзіміз бастауға ниет етсек те, қолдаушы жоқ.

Әлібек Нұрмұхамедов,
Ұлан ауданы

Осы айдарда

Back to top button