Сақылдаған сары аязда тропикалық маймылдар қалай тіршілік етіп жатыр?

Қыста сақылдаған сары аяз қысып тұратын Семей қаласында тропикалық маймылдар өмір сүретінін білесіз бе? Сонымен қатар бұл жерде қыстың ортасында павлиндердің әдемі көрінісін тамашалауға болады. Осындай кереметтерді балалар биологиялық орталықта көреді. Бұл бірегей табиғи орталықтың және онда өмір сүретін жануарлардың өз тарихы бар.
Ертеректе, егер нақтылай айтатын болсақ, 1938 жылы Семейде Урицкий көшесіндегі №17 үйде, жалпы ауданы 75 шаршы метр алаңдағы екі бөлмелі орын-жайда жас натуралистер стансасы ашылды. Бұл қасірет пен аштықтың ауыр жылдары еді. Осыған қарамастан, 1940 жылы биологиялық стансада жануарлардың бірнеше түрі болды, штатында 13 адам жұмыс істеді, олардың ішінде төрт педагог ботаника, зоология, геология және археология үйірмелеріне жетекшілік етті.
Соғыс жылдарында жұмыс тоқтатылды, тек 1946 жылы ғана биостансаның жұмысы қайта жанданды. Төрт жыл бойы 72 шаршы метр алаңдағы орынжайда, материалдық базаның нашарлығына қарамастан (жануарларға арналған 10 тор, бір микроскоп, екі аквариум) жас энтузиастар еңбек етіп, өз істерін жалғастырды. Мектеп оқушыларына экологиялық тәрбие беруге ұмтылды. Бүгінгі күні Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей мектептен тыс мекеменің бұрын кішкентай ғана жас натуралистердің стансасы болғанына сенбейсіз. Оның мекенжайы бірнеше рет өзгерді. Ал Бейбітшілік аралына биологиялық орталық сол уақытта қаланың бірінші басшысы болған, Семей қаласының Құрметті азаматы Н. Ульяновтың бастамасымен көшірілді.
Жүзден астам жануар бар
Биологиялық орталықта қазіргі уақытта резус-макакасын және яван-макакасын, гамадрилді және лапундерді, Пржевальский жылқысын тамашалауға болады. Орталықта 100-ден астам хайуанат өмір сүреді, олардың әрқайсысының өздеріне тән қызықты тарихы бар.
Алтын қырғауыл, тіпті қарапайым тиін (ол халықаралық кітаптар реестріне енген) енді жоғалып бара жатқан хайуанаттың түріне жатады. Орталықта Қызыл кітапқа енген, Шығыс Қазақстан және Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар Африка, Австралия, Америка материктерінде мекендейтін, сирек кездесетін және реликті он жеті түрлі жануарлар көбеюде.
Мұнда табиғатты сүйетін және оны қорғауға құштар адамдарды тәрбиелеу ғылыми негізде жүргізіледі. Орталық ұжымы оқудың үш сатылы әдісін құрған, бұл балалар мен жастардың жасы мен қызығушылықтарына сәйкес іс-әрекетпен айналысуына мүмкіндік береді. Орталық педагогтары білім берудің бірінші және екінші кезеңдерінің экологиялық-натуралистік бейіні бойынша 57 үйірме мен секцияда сабақ жүргізеді. Үшінші кезеңде оқушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылады, қоршаған ортаны білуге құштарлықтарын дамытады. Маңызды аспект – биологияға, экологияға, медицинаға бейімі бар дарынды балаларды анықтау. Ұзақ жұмыстардың нәтижесі ретінде оқушылардың «Дарын» республикалық орталығында, «Экология және балалар» конференцияларында өз ғылыми жобаларын қорғауын айтуға болады. Орталықтың көптеген тәрбиеленушісі мамандық таңдағанда көбіне дәрігер мен мұғалімді, биология, агрономиямен байланысты мамандықтарды таңдайды.
Биологиялық орталықтың әдістемелік қызметіне тоқталмай кетуге болмайды. Бұл жерде биология мұғалімдері үшін семинар-практикумдар өткізіледі, жас мамандарға оқушылармен мектептен тыс және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша көмек көрсетіледі, табиғатты қорғау бойынша жүйелі түрде іс-шаралар ұйымдастырылады.
1987 жылғы шілдеде жаңа басшының келуіне байланысты, мекеме директоры Валерий Дядовтың басшылығымен ауқымды жұмыстар басталды. Жас натуралистер стансасы сол уақытта Қазақстанның 19 облысы ішінде 17 орында тұрды. Басшылық тарапынан қолдау алған жас натуралистер мен ұжым 1989 жылы республикалық гүл құрастыру байқауында І орынды, бір жыл өткеннен кейін республикалық жас натуралистер байқауында І орынды жеңіп алды.
1994, 1998, 2006, 2012 жылдары орталық қала, облыс және республика деңгейінде мектептен тыс ұйымдар арасында жүлделі орындарды иеленді. 2008 жылы орталық балалардың жазғы лагерьлерін ұйымдастыруда ең үздік мектептен тыс мекеме атанып, Гран-приді иеленді. 2011 жылы «Білім ұясы» республикалық байқауында орталыққа Білім және ғылым министрлігінің дипломы тапсырылып, Гран-при жүлдегері атағына ие болды және «Қазақстан Республикасының ең үздік мектептен тыс мекемесі» кубогын еншіледі.
Орталықта жыл сайын 800 оқушы мамандандырылған үйірмелерде білім алады. Күзгі, қысқы және көктемгі демалыс уақыты кезінде 1500 оқушыларға арналған мақсатты бағытталған демалыстар ұйымдастырылуда. Жазда балалардың демалуына және табиғат туралы экологиялық білімдерін толықтыруға мүмкіндік бар.
ҚОНЖЫҚТЫ БІР ШӨЛМЕК АРАҚҚА АЙЫРБАСТАМАҚ БОЛҒАН
Орталықтағы жан-жануардың кейбірін сыйға тартса, кейбірі қиын жағдайға тап болып, орталыққа әкелінген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстаннан әкелінген Лорд атты қиыр шығыс леопарды немесе Өскемен хайуанаттар бағынан әкелінген Боря атты аю. Боряның анасын аңшылар өлтірген, ал қонжық хайуанаттар бағына түскен. Боряға дейін қалалықтардың сүйіктісі Гриша атты аю болды. Оның өз тарихы бар, Гриша қонжық кезінде анасынан айырылды, ал оны Семей маңындағы ауылдардың бірінің тұрғыны алып кетіп, кейіннен бір шөлмек араққа айырбастамақ болған. Жанашыр тұрғындар полиция шақырып, тәртіп сақшылары қонжықты биологиялық орталыққа тапсырды. Аюға ат беруді бүкіл қала болып талқылады. Осыдан 30 жыл бұрын әлеуметтік желілер болмаса да, қала тұрғындары қонжықтың тағдырын біліп жүрді. Гриша былтыр күзде өлді.
Көбінесе орталыққа қиыншылыққа тап болған және жабайы табиғатта өмір сүре алмайтын жануарлар әкелінеді.
Биологиялық орталықтың өз дәстүрлері бар. Олардың бірі – жаңадан келген мекендеушілерге лақап ат беру. Тағы бірі – күзгі демалыстардың бірінші күнінде Аю күнін өткізу. Бұл күні балалар салтанатты түрде аюларды тәтті тағамдармен тамақтандырады. Жыл сайын күзде қала тұрғындары Биологиялық орталыққа өздерінің бақтарында өсетін жеміс-жидектер мен көкөністерді әкеледі. Сонымен қатар орталықтың өз учаскесі бар. Ол жерде балалар түрлі көкөністер өсіреді. Жас юннаттардың еңбегі зая кетпейді, балалармен бірге жаз бойы өсірген көкөністер жинап алынып, орталықты мекендеушілерге азық ретінде беріледі.
Биологиялық орталық қызметкерлерінің айтуынша, Валерий Дядов болмағанда, осының бәрі болмаушы еді. Себебі ол кісі осы табиғат бұрышын өз үйіндей көрді. Екі жыл бұрын Валерий Николаевич өмірден өтті, ол қалыптастырған дәстүр бүгіндері де жалғасуда.
Өткен аптада әлеуметтік желілерде семейлік Дінмұхамед Төлебаев биологиялық орталыққа Валерий Николаевичтің атын беруді ұсынды.
«Дядов Валерий Николаевич аталған мекеменің негізін қалаушысы және директоры болды. Оның тұсында жас натуралистер стансасы Семей мақтана алатын орталыққа айналды! В.Дядов басшылық еткен ұжымның еңбегінің арқасында орталық үйірмесінде білім алған жүздеген бала ұзақ жылдар бойы еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту және қоршаған ортаны қорғау саласына қажетті мал дәрігері және мал өсіру, агроном мамандықтарын таңдады. Қиын-қыстау заманда осы орталықты сақтап қана қоймай, сонымен қатар оны кеңейтіп, Семейден тыс жерлерде танымал ете білген адамның ел мен қала тарихына қосқан үлесіне әділ баға берілуін сұраймын», – деп жазды семейлік тұрғын.
Валерий Дядов – еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының білім беру үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, биологиялық орталықтың бұрынғы директоры. Биологиялық орталықты 30 жылдан астам уақыт басқарды. Ұжымының айтуынша, Валерий Николаевич дарынды, адал, қарамағындағы қызметкерлермен жылы қарым-қатынаста болған, тез тіл табыса білетін басшы еді. Сондықтан әріптестерінің арасында беделі зор болған.
Флора Левина
Семей.