Қоғам

Сақтық шараларына кіріскен дұрыс

Елімізде коронавирусқа қатысты эпидахуал бәсеңситін емес. Өткен тәулікте республика аумағында  2 684 жаңа жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте облысымызда тағы 20 адамнан коронавирус анықталды, науқастардың барлығында ауру белгілері анық білінеді. Олардың 18-і Өскемен қаласында, бір-бір жағдайдан Глубокое мен Самар аудандарында тіркелді.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, өсім қарқыны тәулік ішінде 15,7%-ға жетіп отыр.

Статистикалық мәліметтер бойынша, облыстың алты аумағында шілде айының басынан ғана ковидтің 148 жаңа жағдайы анықталыпты. Мамандар өңірде бір тәулік ішінде коронавирус инфекциясының 22 ошағы анықталғанын айтады. Тағы 108 ошақ пен науқастармен байланыста болған тоғыз адам әлі де дәрігерлердің бақылауында.

Мамандар жұқпалы дерттен сақтану үшін коронавирусқа қарсы екпе салдыру және ревакцинация жасау қажеттігін тағы да еске салады. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көліктерде, адам аяғы қалың жерлерде сақтық үшін бетперде тағу ұсынылады.

Бұған дейін республика бойынша 20 958 адам әлі де ковидтен емделіп жатқаны хабарланған болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, облыста 444 653 адам ревакцинация жасатуға тиіс. Дәл бүгінгі күнгі мәліметтерге сәйкес, олардың 85,8%-ы немесе 381 304 тұрғын қайта ревакцинация салдырған. Аудандардан түскен ақпаратқа сенсек, барлық өңірлерде ревакцинация жасатуға тиіс адамдар 100 пайыз қамтылған.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button