Алтай ауданында жүргізілген рейд барысында коронавирус инфекциясына қарсы шараларды бұзудың 28 фактісі анықталды.
Ауданның атқарушы билігі мен қоғамдастық өкілдері бірлесіп базарларда, халық көп жиналатын жерлер мен Бұқтырма су қоймасының жағасындағы демалыс базаларының қауіпті дертке қарсы шараларды ұйымдастыру барысын тексерді. Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың басшылығымен шыққан топ сатушылармен, демалушылармен профилактикалық әңгіме өткізіп, Ashyq жобасын енгізуге байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Аудан әкімі Қалиқан Байғонысовтың тапсырмасына сәйкес, атқарушы билік, қоғамдастық өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлерінен құрылған топ Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан демалыс базаларының коронавирус инфекциясына қарсы ұйымдастырған шараларын тексерді. Өкінішке қарай, бірқатар жерде демалушылардың маска тағу, арақашықтықты сақтау режимі бұзылғаны байқалды. Бірінші кезекте бұл шаралардың өздері үшін істеліп жатқанын демалушылардың түсінгені дұрыс, – деді Жанна Асқарова.