Сақтандыру қоры қандай жағдайда қорғайды?

Айна Ескенқызы
Жұмыс істейтіндер үшін жұмыс берушілер «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына» ай сайын әлеуметтік төлем жасайды. Алайда бұл қордан қандай жағдайларда, кімдерге өтемақы төленетінін және оны қалай алуға болатынын көпшілік біле бермейді. Біз мақаламызда «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалы мамандарымен осы мәселелерді талқыламақпыз.
Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Бұл – жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың бір түрі. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) қызметкердің табысының 3,5% мөлшерінде ай сайын әлеуметтік аударымдар төлейді. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар да өз пайдасына әлеуметтік аударымдарды алатын табысының 3,5% мөлшерінде өз бетінше төлейді.
Мамандардың түсіндіруінше, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарды төмендегідей алты әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қорғайды:
1) еңбекке қабілеттіліктен айырылу;
2) асыраушысынан айырылу;
3) жұмысынан айырылу;
4) жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу;
5) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу;
6) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу.
Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік сақтандырумен елімізде 6,6 млн. адам қамтылған. 2021 жылы бір миллионнан астам қазақстандыққа 340 млрд. теңгеге жуық соманың төлемдері төленді. 2005 – 2021 жылдар аралығындағы төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгені құрайды.
Әлеуметтік төлем ұзақ мерзімді
«МӘСҚ» АҚ облыстық филиалының заңгері Медет Сейпилов еңбекке қабілеттілігінен айырылғанда төленетін әлеуметтік төлемге қатысты төмендегідей мысал келтірді.
А. есімді азамат 2011 жылға дейін медициналық мекемеде медбике болып жұмыс істеген. 2011 жылы медициналық тексеруден өткен кезде басында қатерлі ісік бар екені анықталады. Ота жасағаннан кейін дені сау, жұмыс істеп жүрген адам екі көзі көрмей, 1-топ мүгедегі болып калды. Мұндай жағдайда азаматқа мемлекет тарапынан мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындалатыны белгілі.
– Бұған қосымша әлеуметтік жүйенің қатысушысы ретінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқылы. Әлеуметтік төлем ұзақ мерзімді және бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін. Мысалы, ол адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіргенге дейін немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жүзеге асырылуы мүмкін (төлем ұзақтығы 45 жылға жетуі мүмкін), – деп атап өтті заңгер.
Маман сонымен қатар мұндай ұзақ мерзімді төлемдер инфляцияның салдарынан құнсызданбауы үшін жыл сайын олардың мөлшерлері МӘСҚ активтері есебінен арттырылып отыратынын айтты. Мысалы, биыл бұл төлемдердің мөлшері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 5%-ға және екінші рет ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 4%-ға, жиыны 9%-ға өскен. Нәтижесінде 5179 шығысқазақстандықтың әлеуметтік төлем мөлшері арттырылды.
Әлеуметтiк төлемнің мөлшерi соңғы 24 айдағы кірістің орташа айлық мөлшерiн ең төмен жалақы мөлшерінің 55 пайызы шегерілген, еңбекке қабілеттіліктен айырылудың және қатысу өтілінің тиiстi коэффициенттерiне көбейту жолымен айқындалады. Төлемді тағайындау туралы өтініш медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде беріледі.
Жұмыссыз қалсаңыз да төленеді
Медет Сейпилов азаматтардың басым бөлігін жұмысынан айырылған кезде төленетін әлеуметтік төлемге қатысты сұрақтар қызықтыратынын айтады.
– Жұмысынан айырылған адамдар көп жағдайда құжаттарын кеш рәсімдейді, кейде тіпті жәрдемақы алуға талпынбайды да. Олар өз еріктерімен жұмыстан шығып кетсе де немесе оларды шығарып тастаған күнде де, төлемдер төленетінін біле бермейді. Адам жұмыс істеді, ол үшін әлеуметтік төлемдер ай сайын аударылып тұрды, сондықтан да кез келген себеппен жұмыссыз қалса, мекеме қайта құрылсын немесе мүлде жабылып қалсын, не өз еркімен жұмыстан кетсін, бәрібір оған жұмысынан айырылғаны бойынша төлем төленуге тиіс, – деп нақтылады заңгер.
Маманның түсіндіруінше, жұмысынан айырылған адам жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуге міндетті. Осы сәттен бастап оған жаңа жұмыс іздеуде көмек көрсетіледі, басқа мамандықты меңгеруіне, не қайта оқуына жәрдемдеседі. Сонымен қатар оған алты ай көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 24 ай ішіндегі табыстың орташа айлық мөлшерін табысты ауыстырудың тиісті коэффициенттеріне және қатысу өтілінің коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.
Төлем тағайындауға өтініш халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген кезде беріледі.
Үш-ақ құжатпен рәсімдей аласыз
Медет Сейпилов жүктiлiкке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайларында төленетін әлеуметтiк төлемге де тоқталды.
– Мұндай төлемді әйел адам еңбекке уақытша қабілетсіздік туралы парақта көрсетілген күннен бастап бір жыл ішінде рәсімдей алады. Бүгінгі таңда декреттік төлемдерді тағайындау үшін басы артық құжаттардың барлығы алынып тасталған. Еңбекке уақытша қабілетсіздік туралы парақты, жеке бас куәлігін және жиырма сандық банк есепшотын көрсетсе жеткілікті, – деп жалғастырды заңгер.
Маман осындай әлеуметтік төлемдерді алу үшін ай сайын міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерін аударып отырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Өйткені болашақта төлемдердің мөлшері соларға тікелей байланысты болады. Әрбір жұмыс істейтін азамат ай сайынғы әлеуметтік жарналардың төленіп-төленбей жатқанын қордан немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарынан біле алады. Сондай-ақ «МӘСҚ» АҚ облыстық филиалының мамандары кез келген сұрақтарға жауап беруге дайын.
Ескерте кетейік, құжаттарды “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне қағаз түрінде беруге болады. Бұл төлемдерді ресімдеуге қатысты SMS-хабарлама ұялы телефонға келіп түскен кезде проактивті форматта тағайындалуы мүмкін, оған келісіммен жауап беру қажет.