Қоғам

«Сапфир» операциясы: уран саудасы

«Сапфир» операциясы: уран саудасы


1994 жылдың 19 қарашасында Өскеменнен уран тиеген АҚШ ұшағы құпия түрде аттанды. Үлбі металлургиялық зауытының директоры болып жүрген Виталий Меттенің қызметі осы операциядан кейін сатылап өсе берген.

«Күлшелі бала»

Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдер қару саудасының қара базарына айналды. Әсіресе Еуропаға жақын Украина мен Белорус елінен шығарылған әскери ұшақтар мен тікұшақтар, әйгілі Калашников автоматтары тиелген керуендер Ұлы Жібек жолын еске салатын. Мұндай жәрмеңке ядролық қаруы бар алпауыт елдерді қатты алаңдатты. Сауда қыза келе, қара базарға Кеңес Одағынан қалған ядролық арсенал түсуі мүмкін еді.
Ресми дерек бойынша, Ақмола облысының бір ғана Державин дивизиясында 54 зымыран шахтасы жасырынған болатын. Әр зымыранға 12 ядролық оқтұмсық тиесілі-тұғын. Ал Семей маңында бір стратегиялық зымыран дивизиясы, бір стратегиялық бомбылау дивизиясы сақадай сай күйінде тұрды. Осы базамен-ақ Қазақ еліне ядролық алпауыттардың алғашқы төрттігіне кіруге болатын. Атом қаруы дейтін аждаһаның тізгіні қолында қалған Қазақ еліне алғашында «күлшелі баладай» қараған елдер мен ұйымдар тым көп еді. АҚШ-тың қолқалауымен елдегі 104 дана СС-18 зымыраны, 240 дана қанатты зымыран Ресейге жеткізілді. Америка қазақ жерін атом қаруынан аластауға 84 млн. доллар шығындады. Ал өтем ретінде оқтұмсықтардағы уранның құны ғана берілді. Есесіне, алпауыт державалар жас мемлекеттік аумақтық тұтастығына кепілдік ұсынды.

Бір қызығы, аталмыш тізімде Өскеменнің Үлбі металлургиялық зауытында жатқан 600 келі байытылған уран кірмей қалған болатын. Одақ тұсында ҮМЗ тікелей Мәскеуге бағынғандықтан, ондағы өнімнің құрамы мен мөлшерін жергілікті мамандар да білмейтін. Қазақстанның Ресей Қорғаныс министрлігіне аталмыш зауыт туралы ресми сауал жолдайтыны осы тұс. Ол жақтан «ҮМЗ-де ешқандай уран қалдығы жоқ» деген жауап алады.

«Ұмыт қалған» уран

Үлбі бойында «ұмыт қалған» уран туралы ақпарат АҚШ-қа Қазақстандағы елшілік қызметкері Эндрю Уебер арқылы жеткен болатын. ҮМЗ директоры Виталий Метте елшілік өкіліне аталмыш уранды АҚШ-қа сатқысы келетінін ептеп жеткізеді. Ақпараттың анықтығына көз жеткізу үшін Э.Уеберге В. Меттемен кең отырып кеңесу қажет еді.

1994 жылдың ақпанында АҚШ өкілі Алтайда аң қуып жүрді. Қазақтардың қонақжайлығына, Алтай моншасының буына тамсанған Э.Уеберді қатты тіксінткен бір оқиға болды осы сапарда. Қызыққа әбден берілген сәтте ұрымтал тұстан бұлан атып шығып, аңшыларға тап береді. Қазақстандықтардың бірі бұланды Макаров тапаншасымен-ақ атып сұлатады. Әлгі мергеннің ҰҚК қызметкері екенін ол кезде Уебер сезген жоқ. Шай үстінде ол: «Бұланның өзін тапаншамен аулайтын болсаңдар, сендермен істес болу оңай шаруа емес екен», – дейді әзіл-шыны аралас. Айтқанындай, сатушы тараптан жібі түзу ақпарат алу оңайға түспейді. Э.Уебердің тіке сұрақтарына В.Метте сырғытпа жауап айтып, біраз әурелейді.

«Бір күні маған таныс полковник жолығып, Алматыны жаяу аралап қайтуды ұсынды. Қазір ол – Қазақстанда үлкен кәсіпкер. Таза ауаға «құмар» серігім өзін Виталий Леонидович жібергенін айтып, қолыма бір тілім қағаз ұстатты. Ашсам, «U-235, 90, 600» деп жазылыпты. «Уран-235» өнімін 90 пайызға байытса, кәдімгі атом бомбасына айналып шыға келеді. Мөлшері – 600 келі. Бірден елшілікке тарттым», – деп еске алады Эндрю Уебер.

Картада жоқ зауыт

Бұл хабар Пентагонның назарын картада жоқ Үлбі зауытына еріксіз бұрғызса керек. Оның үстіне, «Өскеменге Иран елінің өкілдері берилий алуға барыпты» деген бейресми ақпарат тарайды. 600 келі қарулық ураннан 140 мың адамның өмірін қиған Хиросима бомбасының 24 данасын жасауға болатын. Америка ақпаратты тағы бір тексеру үшін өз сарапшысын жіберу қажет деп тапса керек. Таңдау Oak Ridge ұлттық ғылыми-зерттеу зертханасының физигі Элвуд Гифтке түседі.

Екі езуінен күлкі кетпейтін жайдары физик ҮМЗ-ге аяқ басқан тұңғыш шетелдік екен. Жұмысшылар «оңтүстік алаң» деп атайтын №8 цехтың темірмен құрсауланған ағаш есігінен ит басындай қара құлып алынған сәтте америкалық ғалым біраз аңтарылып қалады.

«Бетон қабырғалы ғимараттың еденіне ештеңе төселмепті. Топырақ көрініп жатты. Бидон ыдыстарға салынған уран өзектер кірпіш тұғырларға бір-бірінен 3-5 метр аралықта тізіліпті. Одан жақындаса, ұласпалы реакция жүріп, соңы алапат апатқа ұшырауы кәдік еді. Ғайыптан су тисе де, уран ашуына мініп шыға келу мүмкін», – деп баяндайды Э.Гифт.

«Сапфир» операциясы: уран саудасы

Ғалым қолына сегіз өзек алып, екі түрлі тәсілмен тексереді. Өзектің ішінен уран мен берилийдің ұнтағы ауаға шыққанда, отшашудай шатырлап жана бастайды. Бағанадан бері сырттай бақылап тұрған Э.Уебер: «Құдайым-ай, Элвуд, мынауың жанып жатыр», – деп айғайлайды. «Саспа, уран ауамен жолыққанда, осылай божиды», – деп күледі ғалым.

Материалдың 90 пайызға байытылған қарулық уран екеніне көзі жеткен физик сынаққа алған сегіз өзекті ұстап, еліне қайтты. Виталий Меттеге АҚШ өкіліне мұнша қарудың зауытта қайдан пайда болғанын түсіндіру керек еді. Брежневтің тұсында №8 цех сүңгуір қайықтың реакторына қажет ядролық жанармай өзектерін шығара бастайды. Ал зауыт ұжымы мұнда «южный» атты ерекше металл жасалады деп ойлайтын. 1980 жылы бұл жоба күрт тоқтайды да, бүкіл өнім уақытша консервіленеді. Кейін сұраныс болмаған соң, консервіленген өнім қозғаусыз жата берген. «Ұмыт қалған» уранның құрамы мен мөлшері туралы ақпаратты америкалық сарапшы растаған соң, 1994 жылдың жетінші қазанында Президент Билл Клинтонның жарлығымен 31 адамнан тұратын «Tiger tеаm» атты құпия жасақ құрылады.

Құпия рейс

Күзгі Өскемен. Әуежай қызметкерлерінен маза қашқан. Сол заманда әлемдегі ең алып әскери жүк ұшақ саналатын Lockheed C-5 Galaxy әуе кемесі түс әлетінде жасырын түрде қонуы керек болатын. Америкалық пилот қону жолағы мен қосымша жолды шатастырып, жердегілерді біраз састырады. Алып лайнерден АҚШ-тың экономика, қорғаныс, сыртқы істер министрліктерінің, сыртқы барлау, қауіпсіздіқ қызметінің өкілдері мен ғалымдардан құралған 31 адам түседі. Олардың екеуі нәзік жандар еді. Одан кейін 130 тонна жүк түсіріледі. Сөйтсе, америкалықтарға Қазақстан өнімдерін тұтынбау қатаң
тапсырылған екен. Автономды электр генераторы, спутниктік байланыс, гигиеналық заттар, тіпті су мен азық-түлікті де өздерімен бірге ала келген.

Құпия жасақ 600 келі уранды әуе тасымалына дайындау үшін алты апта бойы күніне 12 сағат еңбектенеді. Кейін Эндрю Уебер Пентагонға берген есебінде екі америкалықтың ішімдікті көп тұтынғаннан денсаулықтары сыр беріп, бір күн қонақүйде қалғанын баяндаған. Бұл кезде С-5 ұшағы АҚШ-тың Түркиядағы әскери базасында өз кезегін күтіп жатты. Жүк мөлшері 600 келі емес, 2,2 тонна екені мәлім болады. 90 пайызға байытылған ураннан бөлек, оны өндіру кезінде артылып қалған қалдықтар бар болып шығады.

16 қараша. Өскеменде ауа райы нашарлап, әуе қатынасы қиындайды. Түркиядан келуі тиіс үш ұшақ осылайша үш күнге кешігеді. АҚШ-тың құзырлы органдары Э.Уебердің «Алтайға қар түспей тұрып үлгеруіміз керек» деп шырылдауының себебін сонда ғана түсінсе керек.

«19 қараша. Таңғы сағат 3.00. Түні бойы жаңбыр құйды да, кейін аяз түсті. Жердің беті көк мұз. ҮМЗ-ден уран тиеп шыққан көліктер тасбақаша ілбіп әрең жетті. Жүкті ұшаққа тиеу үшін үш сағат жоғалттық. Сағат 6.00-де бірінші ұшақ көкке көтерілді», – деп еске алады Э.Уебер.

Қалған екі ұшақ араға бір күн салып аттанған екен. Өскемен мен Делавэр штатының арасына тоқтаусыз ұшқан С-5 ұшақтары АҚШ әскери әуе күштерінің тарихында ең ұзақ сапар жасайды. 9000 шақырымнан астам қашықтықты бағындыру үшін алып лайнерлерге әуеде жанармай құюға тура келген.
600 келі қауіпті уран ұлттық зертханаға шашаусыз жеткен сәтте ғана Э.Уебер терең тыныстапты. Кейін оның есімі орталық барлау басқармасындағы аңыздардың қатарына қосылған. ҮМЗ директоры В.Метте де үлкен шаруаны тындырып, тоқмейіл күйге түседі.

Сауда сыртында

Операцияның құпиялық мөрі 600 келі уран Делавэр штатына жеткен күні-ақ алынған болатын. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі Орта Азияда тарихи операцияның сәтті аяқталғанын айдай әлемге жар салды. Қазақстан тарапы да бұл ақпаратты растап, брифинг берді. Дегенмен «Сапфир» операциясының жай-жапсары тек 2009 жылы Washington Post газетінде жан-жақты жазылды. Осы мақаладан кейін отандық телеарналар да жаппай «Сапфир» туралы деректі фильмдер түсіре бастады. О бастан бұл операцияның тізгіні екі ел Президенттерінің қолында болғанын сол деректі фильмдерден білді жұрт. «Сапфирден» бастау алған екі елдің қарым-қатынасы кейінгі ширек ғасырда сенімді әріптестікке айналды.

P.S. Мақала деректері мен суреттер Тұңғыш Президент қорының қолдауымен «Хабар» ақпараттық агенттігі түсірген «Сапфир» операциясы» деректі фильмінен және express-k.kz сайтынан алынды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button