Қоғам

Сапердің қателесуге қақы жоқ

Сапердің қателесуге қақы жоқ

Сапердің қателесуге қақы жоқ. Сосын сапердің тым батырға айналуы да қауіпті. Оның бойындағы қорқыныш сезімі сейіліп, сақ жұмысқа еті үйрене бастаса, оған өз мамандығын тастау керек деген тәмсіл де бар екен.
Өскемендегі 5518 әскери бөліміндегі бірінші жедел мақсаттағы батальон сарбаздарының жаттығу шараларының өзі үлкен жауапкершілікті талап етті. Сапердің басты міндеті – өзгелерге жол ашып беру, басқаларды аяқ астындағы жасырын жарылғыш заттардан қорғау. Сол үшін де олар өз өмірлерін бәске тігеді. Аталмыш бөлімдегі жедел мақсаттағы батальонның топ басшысы Әміржан Шалабаевтың айтуынша, сапер мамандығына ең мықты, ең сабырлы деген сарбаздар ғана таңдалып алынады екен. Оның үстіне сезімталдық, ұқыптылық және шыдамдылық сияқты қасиеттерді тағы қосыңыз. Сонымен қатар, сапердің жалғыз жұмыс істей алуы, өз бетінше аса жауапты шешімді жылдам қабылдай білуі де маңызды.

Сапердің қателесуге қақы жоқ

Бейбіт уақыттың өзінде де сапер жұмысы тоқтаған емес. «Жау жоқ деме, жар астында» деген нақылды берік ұстанатын олар кез келген уақытта жедел тапсырмаға шығуға дайын. Үлкен елді мекендерде халық көп шоғырланатын мәдени-бұқаралық немесе спорттық шаралар өтетін жерлердегі қауіпсіздік те осы жігіттердің мойынында. Айтпақшы, осы жедел топтың басшысы Әміржан Шалабаевтың өзі кезінде талай от пен судан, оқ пен минадан өткен жауынгер екен. 90-шы жылдардың басындағы тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан ол миналардың түр-түрін залалсыздандырған.

Сапердің қателесуге қақы жоқ

– Бұл – өте қауіпті жұмыс. Әрине, дайындық барысында сапердің әдемі экипировкасын киіп, заманауи электрондық құрылғылармен жарылғыш заттарды залалсыздандыру бір басқа да, шынайы тапсырмада ажалмен бетпе-бет келу деген бір басқа. Біріншіден, мұның киімі зілдей болады. Өзім сапер экипировкасын бұрынғы ата-бабаларымыздың сауыт-сайманына ұқсатамын. Қолында қылыш-найзасы жоқ дегені болмаса, жауынгер бастан-аяқ жарықшақтан қорғанатын броньды кеудеше, шлем-маска киеді, ауыр аяқ киім бар, қолына «Шабуыл» деп аталатын кәдімгі болат қалқан ұстайды. Операцияға шығарда саперді бірнеше адам киіндіріп, жабдықтауы қажет. Бұлардың жұмысына кәдімгі зергерлік шеберлік қажет. Аса төзімді материалдар қоспасының негізінде жасалған ауыр киімнің ішінде маңдайынан шып-шып тер шыққан сапердің қателік жіберуге еш қақысы жоқ. «Сапер – бір-ақ рет қателеседі» деген әскери нақыл да сол себептен шыққан,-дейді Әміржан Шалабаев.

Сапердің қателесуге қақы жоқ

Қорғаныш костюмі мина жарықшақтарынан қаншалықты сақтағанымен, қателік жіберген сапердің қайта сапқа тұруы неғайбыл көрінеді. Жарылыс толқынының өзі жауынгерді мүгедек қылуы мүмкін.
Жедел топ басшысы айтады: – ХХІ ғасыр сапері болу тіптен қиын. Бұрын кәдімгі металға дыбыс беретін кәдімгі мина іздегіш құрылғымен ұрыс алаңын тазалай беруге болатын болса, қазіргі жарылғыш қару күн санап түрленіп келе жатыр. Бүгінгі күннің «олжалары» өткен ғасырдағы үлгілеріне қарағанда әлдеқайда инновациялық өзгерістерге ұшыраған. Сондықтан жаңа заман саперларына тереңірек инженерлік білім және заманауи техника қажет,- деп.
5518 әскери бөлімінің сапер-жауынгері Эльдар Қорғанбеков азғана уақыттың ішінде өз ісінің маманына айналған. Ол әлі аса қауіпті операцияларға шыға қоймаса да, жаттығу жұмыстарында жақсы нәтижелер көрсетіп үлгеріпті. Қолындағы «Омега» мина іздегіш құрылғысы арқылы жерге көміліп жатқан қауіпті жарылғыш затты тауып, оны залалсыздандыру, минаны «Фонтан-1» деп аталатын арнайы жәшікке салып қауіпсіз жерге жеткізу, тазаланған жерлерге арнайы жалаушалар орнату, қаруластарына жол ашу сияқты қатаң талаптарды бір кісідей орындап тұр.
Мамандардың айтуынша, минаны залалсыздандыру жұмыстарында айтарлықтай күрделілік жоқ. Ең бастысы, сапердің жарылғыш заттардың түрлері мен оның іске қосылу жолдарын жақсы білсе болғаны. Қолдың ептілігі, техникалық қауіпсіздік және шыдамдылық сияқты қасиеттер жауынгерді қауіпті аймақтан аман алып шыға алады. Ал радио толқындары арқылы басқарылатын фугас залалсыздандырылған жағдайда, қауіпті аймақ қоршалып, белгіленген жердегі радиотолқындар тұншықтырылады екен. Бұл жерде иттің де көмегі тиетін көрінеді. Табылған минаны арнайы құрылғы арқылы абайлап қазып алатындар осы саперлер.
– Бұл өте жауапты мамандық болғандықтан біздің жауынгерлер мәңгілік абитуриент болып саналады. Өйткені, сапердің әрбір тапсырмасы сынақ пен емтихан сияқты. Қойылатын үздік баға да біреу ақ, ол – тірі қалу, – дейді жедел мақсаттағы батальонның басшысы.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button