Сапасыз жол салса, жауапкершілікке тартылады
Енді кез келген азамат олардың сапасы туралы хабарлап, ақаулары мен кемшіліктерін жоюға өз үлесін қоса алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп 2022 жылғы 15 тамызда республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастады.
Науқанның басты мақсаты – қоғамда жемқорлыққа төзімсіз ортаны қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген салаларды, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Бірінші кезекте автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.
2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған-ды. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылы автожолдарды салу және жөндеу саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының өсуі байқалады. Мәселен, егер 2021 жылы республика көлемінде Антикор өндірісінде 18 сотқа дейінгі тергеу болса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Олардың көпшілігі ұрлау, билікті теріс пайдалану, парақорлық және қызметтік жалғандықпен байланысты.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев осы іс-шараға орай өткізілген брифингте Агенттіктің автомобиль жолдары комитетінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдау нәтижелерімен бөлісті.
– Біріншіден, техникалық қадағалау қызметі өз деңгейінде жүргізілмейді. Құрылыс материалдарының сапасына сынақтар жүргізетін зертханалардың болуы талап етілмейді. Соның салдарынан арзан, сапасыз аналогтарды қолдану байқалады. Екіншіден, жолдарға орташа жөндеу кезінде не авторлық қадағалау жүргізілмейді, не МСҚБ жоқ, не техникалық қадағалаудың болуы міндеттелмейді. Нысандарды пайдалануға беру кезінде қолданылатын нормативтік тетіктер орташа жөндеу объектілеріне қолданылмайды. Жұмыстарды қабылдау актілеріне мердігер мен тапсырыс беруші ғана қол қояды. Үшіншіден, үкіметтік қарыз қаражатын игеру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Төртіншіден, автожол құрылысының материалдары мен технологиялары ескірген, – деп атап өтті Талғат Мамырбекұлы.
Мысалы, 36 нормативтік-техникалық құжат Кеңес Одағы кезінде, басқа 46 құжат 1998-2005 жылдары қабылданыпты.
Нормативтік-техникалық құжаттамада осы уақыт ішінде пайда болған жаңа технологиялар көрсетілмегендіктен, жобаның сметалық құны көтеріледі, құрылыстың нақты шығындарын есептеу мүмкін емес екен.
Талғат Башевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша Автомобиль жолдары комитетіне ұсынымдар жолданған, олардың орындалуын Агенттік бақылайтын болады.
«Әділдік жауынгері»
Жоғарыда көрсетілген іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі – «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында 2020 жылғы 18 қарашада құрылған болатын. Аз уақыт ішінде ұйым сыбайлас жемқорлыққа және оның барлық көріністеріне қарсы күресте жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
– Қазақстанда жол саласы сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдар – адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апаттарының, көлік тасымалымен айналысатын бизнес-қауымдастығының өзекті проблемасы болып отыр. Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. Биыл республика бойынша 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Бұл зұлымдыққа тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды жемқорлыққа қарсы күреске барынша жұмылдыра отырып қана төтеп бере аламыз, – деді бірлестіктің облыстық филиалының басшысы Әділ Пшенов.
Әділ Серікұлы автожолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы арыз-шағымдарын тұрғындар Adildik.kz веб-сайтына қосылып, 1463 Call center бойынша хабарлай алатындарын ескертті. Келіп түскен барлық ақпарат жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесінің» отырыстарында талқыланады. Уәкілетті органдарға салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру туралы сындарлы ұсыныстар жолданады.
– Науқанның қорытындысы, сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады, – деп нақтылады бірлестіктің облыстық филиалының басшысы.
Күршім көпірі мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраровтың мәліметі бойынша, биыл өңірде жолға қатысты 75 жоба қолға алынған, аймақтың 245 шақырым жолы мен көшелері жөнделіп, бес көпір салынуға тиіс. Қазір олардың 45 жобасы аяқталып, 134 шақырым көше жолдары жөнделген, бұл барлық жобалардың 55 пайызы. Қазан айының соңына дейін тағы 20 нысан аяқталады, қалғандары – келесі, одан арғы жылдарға созылатын жобалар. Шығысқазақстандықтар үшін ең маңызды көпір – Күршім ауданындағы Бұқтырма су өткелінің құрылысы. Көпір құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 2024 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған.
– Көпірдегі жұмыстар кестеге сай жүргізіліп келеді. Қазір 22 тірек бағананың 16-шысын қағып жатыр. Көпірдің құрылыс алаңын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды, электр желісі тартылған, Күршім жағалауынан әкелетін 1,70 шақырым жол салынып бітті, тек асфальт төсеу қалды. Вахталық әдіспен еліміздің түкпір-түкпірінен келген жұмысшылар мен мамандар үшін 250 орындық жатақхана салынды. Білікті мамандарды мердігер компанияның өзі тартады. Бүгінгі күні құрылыста 118 адам вахталық әдіспен жұмыс істеп жүр. Құрылыс алаңы 128 әртүрлі техника және құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Сонымен қатар екі бетон дайындайтын зауыт бар, бір ауысымда біреуі 1000, екіншісі 1,5 тонна бетон дайындайды. Егер қаражат тапшылығы болмаса, құрылыс 2023 жылы аяқталуы да мүмкін, – деді Нұрлыбек Ерланұлы.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Глубокое ауданында екі, Риддерде екі көпір салынуы тиіс, бұл жобалар биыл аяқталады, оларға қатысты ешқандай проблема жоқ екен.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге үш миллиардтан астам қаржы қарастырылған. Қазір бес жоба бойынша жұмыстар қызу жүріп жатыр. Өскемен – Тарғын – Самар бағытының 75-80 шақырымы, тұрғындардың сұрауымен Алматы – Өскемен жолындағы Шар – Бақыршық учаскесі, Бородулиха – Шемонайха жолының 7-16 км аралығына орташа жөндеу жұмыстары жасалып жатыр, Барлық – Арасан шипажайынан Алакөл жағалауына баратын жолдың 0-16 шақырым арасы жөнделуде.
– Аудандық маңызы бар тағы алты жолды жөндеу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен облыс бюджетінен қосымша 583 миллион теңге бөлінді. Өңірде туризмді дамыту үшін су жағалауындағы демалыс базаларына апаратын жолдарды жөндеуге басты назар аударылып отыр. «Мұзтау» мен «Жанат» демалыс базаларының кіреберіс жолдарын жөндеу қолға алынды. Келесі жылы Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы базаларды, Сарыбелдегі демалыс орындарын дамыту, жолдарын жөндеу жөнінде тапсырма берілді, – деп атап өтті басқарма басшысының міндетін атқарушы.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 97 шақырым көше жөнделеді, Тарбағатай ауданындағы Жаңатілеу, Қабанбай ауылдарының кіреберіс жолдары жөнделіп жатыр, қаржы жеткілікті.
Нұрбек Ерланұлының айтуынша, көше жолдарын жөндеу жұмыстарына 5 миллиард 609 миллион теңге бөлінген, жұмыстардың 80 пайызы аяқталды. Алтынбел, Ақбұлақ, Қасым Қайсенов ауылдарындағы жұмыстар қыркүйекте аяқталуы тиіс.
Нұрбек Тұраров жолдардың сапасын қадағалауда әрбір тұрғын өз азаматтық ұстанымына сай, байқаған кемшіліктері туралы басқарманың колл-орталығына хабарлауды, не болмаса әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазбаша шағым-өтініш қалдыруды өтінді.
– Сарыбелдегі демалыс орындарына барушылар Тарғын – Самар бағытындағы жолмен жүреді, қазір бұл жолмен тәулігіне 2-2,5 мың көлік өтеді. Жолаушылар мен жүргізушілер жолда ақауларды байқаса, бізге колл-орталыққа, не инстадағы парақшамызға ескертулерін қалдырса, оңды болар еді. Түскен әр арыз-өтінішті қарап, шара қабылдаймыз. Қазір ол жерде «Өскеменспецкоммунтранс» деген компания жұмыс істеп жүр. Жол белгілерін дұрыс қоймағаны үшін жуықта компанияның шебері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі, – деді Нұрбек Ерланұлы.
Айна Ескенқызы