Сапарбай АЛТЫБАЙ, «Сәт» тобының мүшесі: – Егер жанымызға демеу болатын қызды кездестірсек, үйленуге дайынбыз
Соңғы кезде көпшілік арасында «Сәт» триосы тарап кетіпті, жігіттер ержетіп, үйленіпті» деген қауесет жиі айтылып жүр. Осы әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатынын білмек ниетпен және топтың жақында Өскеменде өтетін концерті қарсаңында қазақ елін әлемге паш етіп жүрген «Сәт» тобының мүшелері Сапарбай Алтыбай және Азат Әбілдаевпен арнайы жолығып сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Биыл біздің үлкен сахнаға шыққанымызға бес жыл толады
– Сауалымызды алдымен сіздердің топтарыңыздағы мүшелеріңіздің бірі Тұрар Тұрмысов деген жігіттің көрінбей кетуінен бастасақ…
Сапарбай: – Тұрар денсаулығына байланысты ән айтуды әзірге тоқтатты. Әрине, Тұрардың ортамызда болмағанына қатты қынжыламыз. Денсаулығына байланысты ол осындай ұйғарымға келді. Дегенмен, біз Тұрар ортамызға қайта оралып, ән айтуын жалғастырады деген ойдамыз. Сондықтан да «Сәт» тобы болып қалдық. Осы ретте топтың тарап кетпеуіне бар күш-жігерін жұмсап, біздің болашағымызды ойлап, күндіз-түні шапқылап жүрген Нұржан ағамызға айтар алғысымыз шексіз.
– «Сәт» тобының құрылғанына қанша уақыт болды және репертуарларыңыздағы жаңалықтар туралы айтып өтсеңіздер.
Азат: – Осыдан бес жыл бұрын продюсеріміз Нұржан аға топ құру туралы шешімін айтты. Біз бірден келісімімізді бердік. Өйткені, «өнерден қол үзіп қаламыз ба?» деп қорықтық. Уақытымыздың тығыздығына қарамастан, бір айдың ішінде 12 өлеңге ән жаздырып, екі клип түсірдік. Өнерде жүрген аға-әпкелеріміз жақсы түсінеді, мұны рекорд десем қателеспейтін шығармын. Әли Бектаев ағамыздың сөзіне жазылған «Нұр-Аға» әніне және Айжігіт Асановтың «Аққан жұлдыз» әніне бейнеклип түсіруді бастап кеттік. Болашақта имандылық тақырыбында «Мінажат» атты ән мен өзіміздің Сапарбайдың сөзіне жазылған «Сүйіп өтем» деген әнге бейнеклип түсіруді жоспарлап отырмыз. Әрине, егер жаны жомарт, қолы ашық жандар табылып, бізге қолдау танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Сіздер біраз уақыттан бері көрінбей кеттіңіздер. Бұған не себеп?
Сапарбай: (күліп) – Бізді жанкүйерлеріміз арнайы іздесін деп әдейі көрінбей кеттік. Әрине, бұл – қалжың. Көрінбей кеткенімізге ауыз толтырып айтатындай бәлендей себеп жоқ. Алла жазса, тыңдармандарымыз енді бізді ешқашан жоғалтпайды. Қазіргі уақытта шығармашылық жұмысымызға толық кірістік десек те болады. Сабақта жүргендіктен, Астана мен Алматы қалаларындағы бізді арнайы шақырған көптеген бағдарламаларға бара алмадық. Енді барлық телеарналармен жұмыс істейтін боламыз. Жанашыр жанкүйерлеріміз бізді көгілдір экраннан жиі көріп тұрады деген сенімдеміз.
– Биыл қай сыныпты бітірдіңіздер және алда қандай жоспарлар бар?
Сапарбай: – Алла жазса, біз 9-шы сыныптың куәлігімен Сарыағаштағы «Арыстан баб» колледжінің музыкалық өнер эстрадасы факультетіне құжат тапсырамыз. Осының бәріне қолдау көрсетіп, тыным таппай жүгіріп жүрген продюсеріміз Нұржан ағамызға рақмет, бала-шағасының рақатын көрсін. Биыл біздің үлкен сахнаға шыққанымызға 5 жыл толады. Бізді жанкүйерлеріміз «Көнеміз ғой» әнімен әлі күнге дейін кішкентай бала ретінде елестетін шығар. Құдайға шүкір, бүгінде, міне, зіңгіттей үлкен жігіт болып қалдық (Күліп). Алдағы жоспарымыз – топтың 5 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірін аралап, концертімізді қою. Содан кейін продюсеріміз Нұржан аға Ресейдің эстрада жұлдызы Диана Гурцкаямен келісіп жатса, күзде Астанада сол әншімен бірігіп, 5 жылдық концертімізді үлкен дәрежеде өткізсек пе деген арманымыз бар. Бәрі ойдағыдай болса, Астанада тұрақтап жұмыс істесек, өнерімізді дамытсақ деген жоспарымыз да жоқ емес.
Егер жанымызға демеу, көңілімізге медеу болатындай қызды кездестірсек, үйленуге дайынбыз
– Азат Әбілдаевтың сөзі мен әуеніне жазылған «Қош, махаббат» атты әнге бейнеклип түсіріпсіңдер. Осы әннің шығу тарихына тоқталып өтсеңіз. Тағы бір сауалым, Азат, сіз өлеңді бұрыннан жазасыз ба?
Азат: – Бұл – менің жазған алғашқы өлеңім, бейнеклипті көрген жанкүйерлеріміз әннің шығу тарихын түсінген болар. Жақында «Сезім» деген әнім жарық көреді. Егер әндерімді халық бағалап жатса, маған одан артық марапаттың да, құрметтің де керегі жоқ. «Қош, махаббат» әніне өзіміздің замандастарымыз қызығушылық танытып, «сәтті шыққан туынды» деп алғыстарын айтып, қошемет көрсетіп жатыр. Клиптің жарық көргеніне ай толмай жатып ғаламтордағы көрермендеріміздің саны күннен-күнге артып келеді. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында жүргізілген апталық шолуда бірінші орынды алып та үлгердік. Әрине, мен бұған өте қуаныштымын. Бұл ән заманауи стилде, сондықтан жастар арасында жоғары рейтингке ие болып тұр.
– Осы әннен кейін жанкүйерлеріңіз сіздер рэп стиліне кетеді деген ойда болуы мүмкін. Оған не айтасыздар? Екінші сауал, «Нұрсәт» орталығында сендерден басқа қандай өнерпаздар жұмыс істейді және олармен қарым-қатынастарың қандай?
Сапарбай: – Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Біз замандастарымыздың сұранысы бойынша аздап рэп айтуымыз мүмкін. Бірақ негізгі бағытымыз эстрадалық әндер болады. Қазақтың домбырасын күмбірлете отырып, мәдениетіміздің өркендеуіне атсалысамыз. Ал орталыққа келер болсақ, өмірде де, өнерде де бірге жүрген Ақниет Олжа деген құрдасымыз бар. Ақниет те біз бағындырған халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдесіне ие болған, өте талантты әнші қыз. Ақниетпен қосылып, бірнеше әндер жазып жатырмыз. Оның биік белестерден көрінетініне біз сенімдіміз. Абду деген ағамыз да сол орталық арқылы көпшілікке танылып келеді. Абдуды туған ағамыздай сыйлаймыз. «Нұрсәт» шығармашылық орталығында бәріміз бір отбасының балалары сияқтымыз. Нұржан аға да бәрімізге бірдей қарайды.
– Алдағы уақытта семья құру ойда бар ма? Әлде, бұған продюсерлерің Нұржан ағаның рұқсаты керек пе?
Азат: – Менің осы клипімнен кейін жұрт арасында «бізді үйленіпті» деген сөздер тарап кетіпті. «Егер өмірлік жарларың табылса, той жасап беруге дайынмын» деп отыр әрі әкеміз, әрі продюсеріміз Нұржан Ерсұлтанұлы.
Сапарбай: – Егер жанымызға демеу, көңілімізге медеу болатын инабатты қызды кездестірсек, біз қуанышпен үйленер едік.
«Бес мың доллар береміз» деп тойға шақырған кісілер де болды
– Қазіргі уақытта әншілердің негізгі табысы той екені белгілі. Сіздерді тойларға шақыра ма?
Сапарбай: – Осы уақытқа дейін бірнеше шақыртулар болған. «Бес мың доллар береміз» дегендер де болды. Продюсеріміз Нұржан аға біздің оқушы екендігімізді айтып әрі халықтың көзқарасы басқаша болады деп тойға жіберген жоқ. Биылдан бастап өзіміздің өтінішіміз бойынша бірнеше тойға арнап жаңа әндер жаздық. Естай Әлекеев ағамыздың «Той-той» деген керемет әнін жарыққа шығардық. Жалпы, әрбір қазақтың қуанышына ортақтасуға біз әркез дайынбыз.
– Алдағы уақыттағы гастрольдік сапарларыңыз жайында айтып өтсеңіздер?
Азат: – Әрине, жоспарымыз көп. Алла сәтін салса, гастрольдік сапарымызды киелі Шығыс өңірінен бастағалы жатырмыз. Бастап кеттік десек те болады. Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ағамыздың қолдауымен кеше Семей қаласында концертімізді бердік. Семейден кейін аудандарға барып, концертімізді беріп, тыңдармандарымызды қуантсақ деген ойымыз бар. Одан кейін наурыз айының 25-ші жұлдызында Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында \”Қош, махаббат\” атты жеке ән кешімізді өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Әңгімелеріңізге рақмет, «Сәт» тобы әлемге танымал топ болсын деген тілек айтамыз. Армандарыңызға жете беріңіздер.
Сапарбай: – «Сәт» тобының атынан сіздерге үлкен алғыс айтамыз. «Дидар» газетінің оқырмандары көбейе берсін, қаламдарыңыз мұқалмасын дегіміз келеді.
Сұхбаттасқан – Алтай Таңат
Керек дерек
«Сәт» тобының мүшелері 2008 жылы Астанада өткен республикалық «Жұлдызай» байқауында, Санкт-Петербургте өткен халықаралық «Кастальский ключ» байқауында бас жүлдегер атанса, 2009 жылы Шымкентте өткен «Балауса», Көкшетау қаласында өткен «Балдәурен» байқауларында топ жарды. Ал 2010 жылы «Сәттің» «Көнеміз ғой» әні қазақ эстрадасындағы үздік туындылардың бірі атанса, топ мүшелері 2011-2014 жылдары «ең үздік әншілер» атағын иеленді.
«Сәт» тобының «Қош, махаббат» атты жеке концерті 25-ші наурызда Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында өтеді.