ҚоғамТОП

Сапалы үйлер салып берді

Глубокое кентінде  «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 12 отбасына жаңа тұрғын үйлердің кілті табысталды.

2020 жылдан бері Глубокое ауданында бірнеше жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 44 қоспәтерлі 88 тұрғын үй көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға беріледі.

– Көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. 2015 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, қуанышымызда шек жоқ. Төрт баланың анасымын. Мемлекеттен көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан жергілікті әкімдікке ризашылығымды жеткізгім келеді, –  деп ыстық лебізін білдірді Абай шағын ауданының тұрғыны Әйгерім Намазбаева.

Былтыр осы жоба аясында 20 үй салынған. Оның ішінде жеті үй Глубокое ауданына қарасты Белоусовка, Бобровка, Веселовка, Прапорщиково және Черемшанка елді мекендеріндегі көпбалалы отбасыларға табыс етілген.

Бұл үйлердің әрқайсында шаруашылық жүргізуге арналған 20 сотық жер учаскесі бар.

– Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында ауданымызда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бұл үйлердің құрылысы жергілікті биліктің, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің, сондай-ақ Amanat партиясы өкілдерінің қатаң бақылауында. Үйлердің сапалы салынуы маңызды. Сонымен қатар ауданда абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – деді  Глубокое аудандық мәслихатының төрағасы Алтай Қалигожин.

«Бір қабатты Шығыс»  мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының механизмі өте ыңғайлы. Мердігер өз қаражатына баспана салып, мемлекетке ұсынады. Барлық тексеруден өткен соң мемлекет қаражат бөліп, баспаналарды сатып алады. Кезекте тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органдар арқылы ол үйлерге ие болады.

– Үй газоблоктан салынған, сапалы. Терезелеріне пластик әйнек қойылса, еденіне линолеум төселген. «Ақылды» пеш орнатылған. Қысқасы, барлық жағдай жасалған. Қоныстанып жатқан тұрғындарға амандық тілеймін. Үйлері жанға толсын. Салған үйіміз қуаныш алып келсін, – деген тілегін жеткізді «КТБ» құрылыс компаниясының директоры Тілек Қоңыров.

Осы айдарда

Back to top button