ТОП

Сапалы техника үміт-сенімді ақтайды

Егілген астықтың  қамбаға түскенге дейінгі кезеңінің тең жарымы ауа райына, ал қалған бөлігі шаруаның техникалық қамсыздануына байланысты екені бесенеден белгілі. Бүгінде бұл еліміздің ауылшаруашылық-өндірістік кешеніндегі өзекті мәселелердің бірі. Өйткені ескі техниканың шаруа жұмысын мандытпайтыны рас.

Қазір қолмен шөп шауып, бидай дестелейтін заман емес. Дақылдың себіліп, күтіліп, қырманға жеткізілуіне дейінгі жұмыстар бұрынғыдай адам күшімен емес, техниканың арқасында іске асатын болды. Бүгінде ат артып, өгіз тартқан шаруаның емес, қолында қарапайым тракторы бар ауыл азаматының ісі алға басатыны белгілі. Сапалы техника мүмкіндікпен қатар, ертеңгі күнге деген сенімді де арттыратыны рас. Осыны білген шаруалар соңғы жылдары машина-трактор базасын жаңартуды мықтап қолға ала бастаған. Қазірде кейбір шаруашылықтар осы бағытты қаражатпен қолдайтын ұйымдардың көмегін пайдаға жаратып, өздеріндегі техникаларды әжептәуір жаңартып алған.

Осындай шаруашылықтың бірі Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылында орналасқан «Тамирлан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бес жыл бұрын бұрынғы «Киров» колхозының орнында құрылған қожалық соңғы жылдары «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен тұрақты әріптестік орнатқан.  Осылайша, төрт жыл ішінде жалпы құны 625 миллион теңгеге 12 бірлік техниканы лизингке сатып алған. Оған қоса, былтыр қосымша 121 миллион теңгеге қаржылық лизинг келісімшарттары бекітілген.

– Жалпы, бұл қаржы ұйымының шарттары өте тиімді. Өйткені кепілзат ретінде сатып алынған техниканың өзі қойылады. Оған қоса, пайыздық мөлшерлемесі, субсидиялау көлемі, өтінішті қарау мерзімі өте жақсы. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялауға аванстық төлем жасауға болады. Мұның барлығы біз сияқты қарапайым шаруа үшін таптырмайтын мүмкіндік екені рас. Қазіргі уақытта біз осындай қолдаудың арқасында өзіміздегі машина-трактор базамыздағы техникалардың жетпіс пайызын лизингке алып отырмыз, – дейді «Тамирлан и К» шаруашылығының басшысы Рүстем Жанбосинов.

Техникалық базаның заманауи тракторлармен және тұқым сепкіш, жер өңдегіш техникалармен қамтамасыз етілуі еңбек тиімділігін де еселеп арттырған. Шаруашылықтағы жұмыстар бұрынғыдай қолмен емес, көп жағдайда автоматты түрде жүзеге асырылуда. Сөйтіп, механизатор іздеп әуре-сарсаңға түсетін шаруаның бір проблемасы азайды. Яғни, бір ғана жаңа трактор осыған дейін жұмыс істеп келген бес техниканың орнын басқан.

Жұмыс жеңілдей түсті

Бүгінде жер емген шаруалар әулетінің үшінші буыны болып келетін Рүстем жас болса да ірі шаруашылықтың жұмысын иіріп отырған білікті басшы. Кеңес Одағы ыдырап, аумалы-төкпелі заман орнаған кезде атасы Тәйтөк Жанбосинов колхоздан өзіне тиесілі жер телімдерін алып, бөлек шыққан. Кейіннен оның ісін ұлдары жалғастырып, немерелеріне өсиет етті. Осы себепті жер өңдеп, дақыл өсіру бұл отбасына жат кәсіп емес.

– Қазіргі уақытта жастарды ауыл шаруашылығына тарту өте қиын, – деп сөзін жалғады Рүстем Жанбосинов. – Кейде кеңседе қамалып отырып тапқан аз-мұз ақшадан гөрі қарапайым механизатордың бір айда жарты миллион теңге табыс табатынын түсіндіре алмайсың. Оның үстіне жаңа техникаларда жұмыс істеу де жайлы. Кабина ішінде барлық жағдайы жасалған.

Оның бұл сөзін осы шаруашылықта тапжылмай 17 жыл механизатор болып жұмыс істеп келе жатқан Виктор Казанцев те растайды. Егіс алқабына заманауи техникамен тыңайтқыш сеуіп жүрген ол АҚШ-тық өндірістен шыққан «John Deere» тракторына отырғанына алғашқы жыл екенін айтады. Бір ауысымда 60 гектар аумақты еш қиындықсыз өңдеуден өткізіп үлгеретін техникаға қызмет көрсету еш қиындықсыз жүзеге асырылатынын алға тартады.

– Механизаторлық жұмыс өтілім отыз жыл болғандықтан мен қай техниканың жүргізуге ыңғайлы екенін бес саусағымдай жақсы білемін. Соңғы жылдары бізге жеткізіліп жатқан техникалар өте ыңғайлы. Барлығы компьютермен басқарылады. Бастысы қадағалап отыру ғана. Тіптен трактордың өзі белгіленген бағытта өзі қозғалатындықтан тракторшының міндеті оны егіс алқабының шетіне жеткенде бұру ғана болып қалады. Кабинаның ішінде кондиционері бар, жан-жақты бақылауға деген мүмкіндік керемет, тыңайтқыш шашу, тұқым себудің барлығын компьютердің өзі реттейді. Бір сөзбен айтқанда барлығы адамдар үшін істелген, – дейді Виктор Казанцев.

Шаруашылықта 12 механизатор мен осыншама көмекші барын алға тартқан Рүстем Жанбосинов жаңа техникалардың еңбек тиімділігін жақсартып, көктемгі егіс науқанын бірнеше есеге қысқартқанын айтады. 2018 жылдан бері бірнеше астық және жер жырту кешендерін сатып алған шаруашылық өздеріне тиесілі екі мың гектар аумақты жарты айда толық өңдеп, себу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алған. Оның үстіне биыл көктемнің ерте келуі де шаруалардың егіс алаңына ерте шығуына сеп болды. Алайда көктемгі егіс аяқталды деп қол қусырып отыруды жөн көрмейтін шаруалар қазірде егістікті минералды тыңайтқыштармен өңдеуді бастап кетен. Одан ары комбайндарды орақ маусымына дайындау жұмыстары басталмақ. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс көп, демалатын уақыт емес.

Сатып алушылар көп

Ел шаруаларын жаңа техникамен оңтайлы шартта қамтамасыз етіп келе жатқан «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы биылдың өзінде ғана жалпы сомасы 46 миллиард 228 миллион теңге болатын сомаға төрт мың түрлі ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге келісімшарттар жасасқан. Бүгінде аталмыш ұйым арқылы елімізде сатылатын ауыл шаруашылығы техникалары 50-ден 77 пайызға дейінгі аралықты қамтиды. Өткен жылы да аталмыш бағыттағы техникаларға деген сұраныс төмендемеген. Атап айтсақ, өткен жылы ғана 141,6 млрд. теңгеге техникалар лизингке беріліп, 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 28 пайыздан асып жығылған. Нәтижесінде қаржы ұйымы ел шаруаларына жеті мыңнан астам техниканы лизингке берген.

Аталған көрсеткіштерден-ақ шаруалардың жаңа техниканы жүрексінбей сатып ала бастағанын көруімізге болады.  Мұны осы өңірде жиырма бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы филиалының директоры Ержан Жақыпов та растап отыр.

– Ширек ғасырға таяу уақыт бойы біздің ұйым шығысқазақстандық шаруашылықтармен өте жемісті жұмыс істеп келе жатыр, – дейді ол. – Соңғы уақытта шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алуы жиілеп келе жатқан үрдістердің бірі. Солардың ішінде техника сатып алудың жоғары көрсеткішке ие аудандар ретінде Глубокое, Шемонайха, Үржар, Бесқарағай, Бородулиха және Аягөз аудандарын айтуға болады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, аталмыш ұйым арқылы алынған ауыл шаруашылығы техникалары жылдық пайыздық мөлшерлемесі 17 пайызбен берілсе, оның он пайызы мемлекет арқылы субсидиялауға ұшырайтын көрінеді. Осылайша, техника алушыға жеті пайыздың мөлшерлемемен беріледі. Сонымен қатар инвестициялық салымдары да субсидияланады. Яғни, сатып алынған техника құнының 25-30 пайызы бір жолғы төлемақымен мемлекет тарапынан жабылып қалады.

– Шаруалар техниканы бес, жеті және он жылға алып жұмыстарын жүргізе алады. Жылына бір рет негізгі борышты, сонан кейін әр тоқсан сайын пайызды жабуға көмектесіп отырады, – деп қосты Ержан Жақыпов.

Филиал басшысының хабарлауынша, жиырма бір жыл уақыт ішінде шығысқазақстандық шаруаларға 68 миллиард теңгеден астам қаражатқа техникалар табысталған екен. Осыған дейін көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалар салуға, сүт фермаларын салуға және шетелден асыл тұқымды мал сатып алуды да қаржыландырып келген ұйым соңғы жылдары тек ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг арқылы беруге көшкен. Сөйтіп, былтыр ғана 9,3 млрд. теңгеге 625 ауыл шаруашылығы техникасын берген.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button