Сапалы өнімге сұраныс қашанда мол

Біздің өңірдің негізгі бренді болып саналатын қауын-қарбыз биыл да молынан саудаланды. Сапалы әрі экологиялық жағынан таза өнімге сұраныстың жыл өткен сайын артып келе жатқаны айқын байқалуда.
Үстіміздегі жылы аудан бойынша 868 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілді десек, оның ауқымды бөлігі (365 га) Күршім ауылдық округінің еншісінде. Ал Марқа өңірінде 112 га алқаптан өнім алынған болса, Қалғұты ауылдық округінің диқандары 60 гектар жерге бақша салған болатын.
Бұл бағытта биыл алғабастық Асылбек Қалдешовтің «Дастан» шаруа қожалығы мен топтеректік Мейрамбек Ағалиевтың шаруашылығы көш бастап келеді. Олар өнімдерімен ауданды ғана қамтамасыз етіп қоймай, оның 80 пайызын қалаға жөнелтіп отыр. Шілде айынан бастап сөреден орын алған күршімдік қауын-қарбызды облыс түгіл Ресей мемлекетінен арнайы келіп, сатып әкетіп жатқандар да аз емес. Кәсіпкерлік бөлім мамандарының мәліметіне жүгінер болсақ, біздің ауданның бақшашылары облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, гектарынан 400 центнерден өнім алып отыр екен.
Қыркүйекте Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі өткен болатын. Осы жәрмеңкеде біздің аудан апарған 4 тонна ет, 3 тонна балық, 1 тонна бал, 1 тонна қымызбен қатар, «күршімдік» деп жазып қойған 20 тонна қарбызды астаналықтардың аз уақытта талап әкеткенін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Әшіманов мақтанышпен баяндаған болатын.
Қауын-қарбызбен қатар, күршімдіктердің көкөністері де ерекше сұранысқа ие. Жаз шыға сала аудан шаруа қожалықтарының көкөністерін облыс орталығындағы сауда нүктелерінен кездестіре бастайтынымыз рас. Биыл Марқакөл ауылдық округінің бақшашылары 107 гектар жерге көкөніс ексе, бұл көрсеткіш Күршім ауылдық округінде – 85 гектар. Күршімдегі М.Чупеновтың шаруа қожалығы көкөніс егістігінің аумағын жыл өткен сайын ұлғайтып келе жатыр. Осы жазда 15 га алқапқа қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, сәбіз, қызылша еккен қожалық мүшелері көкөністерін Өскемендегі «Дина» базарында тұрақты саудалай отырып, қала жұртшылығының сұранысын да молынан қанағаттандырды.
Дәнді дақылдар өніміне келер болсақ, оның көрсеткіші төмендегідей: аудан диқандары биылғы жазда 1416 гектар алқапқа бидай сеуіп, оның әр гектарынан 15,5 центнерден өнім алуға қол жеткізді. Түскен түсім – 2124 тонна. Ал арпа 2488 га жерге егілген болатын, оның әр гектарынан 20,1 центнерден өнім алынып, 4976 тонна дән қамбаға құйылды. 160 гектарға егілген тарыдан 304 тонна өнім алынса, 100 га жердегі қарақұмықтан 1200 тонна түсім түскен екен.
Сонымен бірге, мал өсірумен айналысатын аудан шаруалары меншіктің үлесін қоса есептегенде барлығы 190 мың тонна пішен даярлап, қаһарлы қыстан қысылмайтындарын мәлімдеп отыр.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.