Сапалы азық-түлік сатып алды

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде Глубокое ауданының жиырмадан аса тауар өндірушілері қатысты.
Шаруа қожалықтары өздері өндірген екі тоннаға жуық ет пен шұжық, 0,5 тонна сүт өнімдері мен жарты тоннадай картоп, балық, бал, макарон өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынды.
Бұл күні сапалы әрі экологиялық таза азық-түлік тауарлары базар құнынан 10-15 пайызға төмен саудаланды, ал жаңа сойылған семіз малдың етін молынан алған глубокоелықтар қысқа әжептәуір қамданып алды. Ірі қара етінің бір келісі – 1500, шошқа мен қойдың еті – 1300, картоптың келісі – 80, балдың литрі – 900, бірінші сұрыпты ұнның келісі – 90, он дана жұмыртқа 160 теңгеден саудаға қойылыпты мұнда.
Глубокое кентінің орталық базарында таң сәріден қызған жәрмеңкеде тұрғындар өздеріне қажетті заттардың барлығын сатып ала отырып, мерекелік концертті де тамашалады.
Саудасы жақсы жүрген шаруалардың біразы түс ауа алып келген өнімдерін тып-типыл тауысып үлгерсе, бағасы қалтаға қонымды азық-түлікке қол жеткізген тұрғындар үйлеріне көңілді тарқасты.
Гүлнәр Мусина,
Глубокое ауданы.