COVID-19 

Санитарлық бекеттер қайта қойылды

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен өңірдегі шектеу шаралары 25 қаңтардан 7ақпанға дейін ұзартылды. Бұған қоса 25 қаңтардан Павлодар облысымен шекарада, атап айтсақ,  Курчатов қаласы мен Бесқарағай ауданында екі санитарлық пост орнатылды. Бұл туралы брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Қанат Түрдиев мәлім етті.

 

Санитарлық бекеттерді қоюдың басты себебі – шекаралас Павлодар облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай ушығып, облыс «қызыл» аймаққа енді. Егер көршілес Алматы, Қарағанды облыстарында да эпидемиологиялық жағдай тұрақсызданып, облыстар «қызыл» аймаққа өтіп жатса, онда облысымыздың сыртқы шекараларына тағы да санитарлық бекеттер қойылуы мүмкін, деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Қанат Түрдиев.

Спикердің түсіндіруінше, санитарлық бекеттерден адамдар  індеттің теріс нәтижесін растайтын құжаттарын көрсеткен жағдайда ғана өте алады. Өзге азаматтардың облыс аумағына келіп-кетуіне тыйым салынған. Қажет болған жағдайда, жекелеген санаттағы адамдарға санитарлық бекет арқылы шығуға және келуге рұқсат ауданның немесе қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілуі мүмкін.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы  «Ауыл», «Уба», «Бақты», «Майқапшағай» автоөтпе жолдарындағы өткізу пункттерінде кіруді/шығуды бақылау үшін төрт санитарлық бекеттің жұмысы жалғасады.

Қазір облыстың «жасыл» аймақта болғанына қарамастан, санитарлық шараларды сақтамағанда жағдай кез келген уақытта нашар жаққа қарай өзгеруі мүмкін. Арқаны кеңге салып, салғырттық танытуға болмайды. Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тақпау әлі де байқалады. Сондықтан әлі де болса санитарлық сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн, деп түйіндеді Қанат Түрдиев.

Естеріңізге сала кетейік,коронавирус инфекциясының пандемиясы басталғалы бері өңірде 19 835 жағдай тіркелді. 24 қаңтар күні облыстың 8 аудан мен қаласында 31 адамнан ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады. Облыс бойынша репродуктивтік санның орташа мәні – 1,008.

 

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button