Руханият

Сандығын сағыныштың сан ақтардым

Сандығын сағыныштың сан ақтардым

АНАДАН АЙЫРЫЛУ
(Аяулы анамыз Роза Сейтжанқызы Салықбаеваға
бағыштау)

* * *
Көзімнің нұрын көр алды,
Көңілім тартты қараңғы.
Тамырым болды тораңғы,
Жоқтау жыр болды жоралғы.
Жүректен аққан сорамды,
Жазбасам енді обал-ды.

Адамға мешкей Қаражер,
Алғансың талай, ала бер.
Алдыңа келіп жығылды
Анамыз мінген қарагер.
Анаңды қалай қиярсың,
Ар жақтан жұмақ пана бер.

Пəрмені сусып тірнектен,
Пайғамбар да өткен, пір де өткен,
Паруана ғұмыр күл болып,
Паруайсыз жанды кірлеткен.
Пендеге біткен пешене,
Парығына оның кім жеткен?
Палуанның өзін жығатын,
Пəнидің пысын білмеп пе ең?

Сыналса-дағы сабырың,
Суалса-дағы тамырың,
Сұрасаң бермес екі өмір,
Сығырдай сараң Тəңірім.
Сусыған құмдай саусақтан,
Сыздықтай сөніп жарығым,
Суырып алды қолқамды
Санама құйып сарыуын.

* * *
Қай күні келер екен налалы күн?..
Мұқағали

Маған да келді міне налалы күн,
Анам мен өлді бірге балалығым.
Телміріп суретіңе жалғыз қалдым,
Сейіліп кісі аяғы қарағұрым.

Анажан, бар немерең ержеткесін,
Бесігін қара жердің тербеткесің.
Қайырым, мейірімнің қазынасы
Ортайып қалғандайын сен кеткесін.

Сарғайған суретіңе қарап қалдым,
Сандығын сағыныштың сан ақтардым.
Жанымды жұбатар ма жансыз бейнең,
Жығылсам жазуына жаратқанның.
* * *
Отамалы ойылған қыс өтті ме?
Бес тоғыстың бет жуары жетті ме?
Қырда Қызыр қамшысы ойнап көк тіле,
Өркеш бұлттар өрлеуітке шөкті ме?
Маңдайда – күн, табанда – тоң, дала – сыз,
Бесқонақ та бастан өтті-ау анасыз…
Жетім көңіл қоңылтақси береді,
Бұл заманда жүрек бар ма жарасыз?

Итшуаққа итінеді итмұрын…
Қу жанымды шоққа салып үйттікім?
Көтере алмай кейбіреудің иттігін,
Көңілімде жүгіреді итқырын.

Ұйық су боп ойдым-ойдым көрпешік,
Үйездейді үйеңкі үнсіз сел кешіп.
Кеудемдегі сыздауық пен тілдесер,
Кеңсайдағы қарауытқан төмпешік…

* * *
Анам өтті… Аруланды ақ жаулық…
Қала бердік қайғы-мұңды талғау қып.
Көзін жұмды – ақжаулықты ақсезім,
Ар-ұжданнан жаратылған абзалдық.

Өтті өмірден мəнім менен мағынам…
Патша-пірім құлап түсті тағынан.
Ұясында орнын жылтып біз қалдық,
Ұрпағы едік уызынан жарыған.

Қырқын беріп, бітіргендей бір істі…
Қырға шығып қарсы ап тұрмын Ұлысты…
Беріп кеткен ақ мейірі Анамның
Баршаңызға болса деймін жұғысты.
Беу, Наурыз, ризықты, ырысты!..

ЭПИТАФИЯ ЭСКИЗДЕРІ

Ақ сүтінен қанаттанып, қомдандық,
Ақсүтінен бойға дарып көкжалдық,
Ана атымен ант еттік те, топ жардық,
Ана атымен қарақылды қақ жардық.
* * *
Анажан, өзің едің шырағымыз,
Қайғырып, жұтып жүрміз мұң əлі біз.
Ажалдан арашалап ала алмадық,
Алдыңда мəңгі-бақи кінəліміз.
* * *
Жарымжан болса жараны,
Ер ұйқыдан безінер.
Жарлының мұңын-жаралы,
Қайғының құнын қазалы ғана сезінер.
* * *
Қайран анам, жананам,
Теңеу таппай қысылам.
Кетейінші садағаң
Жаулығыңның ұшынан!..

КЕҢСАЙ. ҚОС ТӨМПЕШІК

Екі қабір – бірі ескі, бірі жаңа,
Бірі – тыртық, біреуі – тірі жара…
Əкеміздің сапары əлей болып,
Шешеміз де шым батты құбылаға.
Шыңдар шөкті…
Таусылып татар нəсіп…
Қос төмпешік томпайды қатарласып.
Бірі – аттанды, қарсы алып екіншісі,
Мəңгілікке беттеді сапарласып.
Ай менен Күн
Шапағын кезеп шығып,
Қарауыл боп, құрады кезекшілік.
Аятынан балқиды құлпытастар,
Аясында Құранның сөзі естіліп.
Қимастарым – шаңырақ шырқы болған,
Қайғы жұтып соңында жұрты қалған.
Оле кеуі – кітаптың қоспарағы,
Тағдыр қолы аяусыз жыртып алған.
Бүгін менің шерім көп, мұңым басым,
Дөңгеленіп келеді ғұмыр жасым.
Тереңіне сыр тұнған сол кітаптың
Менен соңғы парағы жұлынбасын…

ОРАЗБАЙ БАҒЫ

Тағдыр жолы ұқсамайды тақтайға,
Тақтайдай жол табанымда жатпай ма?
Басымдағы бағымды іздеп мен келдім.
Ау, жарандар, əкем еккен бақ қайда?

Гүлдеуші еді əкем еккен бар ағаш,
Алма, өрік, шие, жүзім аралас.
Кеше ғана жеміс берген саябақ,
Мал панаға айналғаны жарамас.
Шал да көшті, көшірген соң мектепті,
Ескібаққа ешкім ағаш екпепті.
Жабайы боп, жүдегені болмаса
Оразбайдың бағы ешқайда кетпепті.

Бағбаны жоқ баптайтұғын аялап,
Көлеңкесін төрт түлік мал саялап,
Əкеміздің көзіндей боп тұр əлі,
Оразбай шал қолдан еккен саябақ.

Қазық қақсаң көктеп кетер кие – жер,
Туған жерім осы менің сүйенер.
Оразбайдың көзіндей боп гүлдеңдер,
Алма, өрік, жүзімдер мен шиелер!

ТАС КІТАП

Ей, көктегі қара кітап…
Мұхамед Салық
Ата-анамның басына
Ал күрең тастан ойғызып,
Ашылған кітап қойғызып,
Алдында кейде отырам,
Аруақтарды ойлап, ой мүжіп.
Аспанның ашық астында,
Айтары бар-аутастың да.
Кітапты келіп оқимын,
Кезіксем құйын, тасқынға.
Жүректі қайғы жұтатты,
Шырағын ойдың тұтатты…
Аспанның өзі оқиды
Ашулы жатқан кітапты.
Түнде бар мейлі, күндіз бар,
Оқиды Ай, Күн, Жұлдыздар.
Түгесу үшін тəпсірін
Жете де қоймас жүз жылдар.
Ары да бері ауатын,
Түнеріп кейде жауатын, –
Ашылған сол бір кітаптан, –
Ақша бұлт ашты-ау сауатын…
Тағдырдан көріп қыспақ көп,
Қабірдің басын қыстап кеп,
Қанатын қағып сол кітап
Талпынып жатыр ұшпақ боп…
* * *
Бір өлеңді қаныммен,
Бір өлеңді – көз жасыммен жаздым,
Күйіп-жанған жаныммен,
Ішімдегі балқыған қорғасынмен жаздым.
Жанартауы атқылай бергесін,
Аласұрған жүрегімді қаздым.
Пешенемнің пердесін
Жұлсам деген тілегімді жаздым.
Қазағымның қайғысын бөліссем,
Қасіретін көміссем дедім.
Ұлтымның уызын ұрпаққа ұрттатып,
У мен зəрін бөле ішсем дедім.
Жаздым… жаздым…

Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Осы айдарда

Back to top button