Қоғам

САНДЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ИГІЛІГІН КӨРЕ БАСТАДЫ

САНДЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ИГІЛІГІН КӨРЕ БАСТАДЫ
Семейде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында «Қызметті өзің ал» акциясы ұйымдастырылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын арттыруға бағытталған акцияны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы өткізді.
«Қызметті өзің ал» – бұл электрондық үкімет порталын насихаттауға бағытталған акция. Аты айтып тұрғандай, оның басты мақсаты – қызмет алушыларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу бойынша ақпараттандыру, электронды цифрлы қолтаңба беру арқылы электронды түрде мемлекеттік қызметтерді алу (мекен жай, соттылықтың бар жоғы туралы анықтамалар, т.б.) дағдыларына үйрету. Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы 400-ден аса мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіліп келеді. Олардың арасында ең кең тарағаны – мекенжай анықтамасы, сотталмағандығын куәландыратын және жылжымайтын мүлікке қатысты жиі берілетін анықтама қағаздары кіреді. Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» тұрғындарға үйден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, қажетті мемлекеттік қызметтерді алуға болатынын жеткізіп отыр. Бұл біржағынан уақытты үнемдеуге септессе, екіншіден азаматтардың сандық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік беруде.
– Егерде кез келген адам электрондық үкімет порталында тіркелген, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбасы бар болса, онда қызмет көрсету орталықтарына сабылудың қажеті шамалы. Барлық мемлекеттік қызмет түрлерін ғаламтордың көмегімен тұрған жеріңізден алуға болады. Сол секілді осы акциямен көлік жүргізу куәлігін ауыстыруды, автокөлікті тіркеуге қою әрі оны шығару сынды құжаттарды осы электрондық үкімет порталынан да алуға болатынын түсіндіргіміз келеді. Акция әзірге аптаның соңына дейін жалғасады. Келер аптада бұл бағыттағы жұмыстар Өскемен қаласында жалғасады. Электрондық цифрлық қолтаңбаны алу аса қиынға соқпайды. Ол үшін www.e.gov.kz сайтына кіріп, толық ақпаратқа қаныға аласыз. Онда тәртібі түсінікті түрде көрсетілген, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес облыстық филиалының HR- менеджері Альмира Шагиева.
Акция аясында тұрғындарға ақпараттық кітапшалар таратылып, көкейкесті сұрақтарға жауап алынды. Сонымен қоса, акция Семейдің өзге аймақтарында жалғаспақ. Қалалықтар бұл бастаманың оң бағалап отыр.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button