Сандық технологияны меңгергендер жұмыссыз қалмайды

Уақыт жылжыған сайын әлемде түрлі өзгерістер болып жатқаны рас. Заман ағымына орай дәстүрлі құндылықтар да басқа арнаға ауысуда. Мәселен, алдағы 15 жылда жедел ақпараттандыру мен роботтандыру қарқыны еңбек нарығын толықтай ығыстырады деген болжам бар. Тек үлкен сұранысқа ие мамандықтар ғана қалмақ. Осыған байланысты IT саласының білгірлерімен тілдесіп, келешекте аса қажет болатын мамандықтар жөнінде қаузап көрдік.
«Енді бір 20 жылдан кейін қазіргі қолданыстағы мамандықтардың бірқатары жойылып кетуі ықтимал. Бұл ретте адамзатпен ғана емес, миға, жылдамдыққа, жауапкершілік талаптарына сәйкес келетін роботтармен бәсекелесуге тура келеді». Бұл – Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті ақпараттық-коммуникациялық технологиялар факультетінің деканы Айгүл Шайханованың пікірі.
Сарапшының айтып отырғандарының жаны бар. Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумда әлем ғалымдары «Болашақ мамандықтар» турасында сан алуан баяндамалар келтірді. Соған сәйкес адам баласының ең танымал дағдыларына – қиын сәттерде жылдам шешім қабылдау, адамдармен тез тіл табысу, әр іске баға беру, сыни ойлау, сондай-ақ топпен жұмыс істеу және келіссөздер жүргізу қабілеті жатады екен. Бұлар когнитивті икемділік болып табылады.
Сондықтан ғалымдар осы қасиеттерді дамыта түсу қажет деп есептейді.
– Әрине, біз ең танымал мамандықтарды жүз пайыз болжай алмаймыз. Бірақ биофармакологтар, робот дизайнерлері, ұшқышсыз жүретін көлік операторлары, климатологтар, агропониялық фермерлер, IT-медицина, IТ-генетиктер, Е-журналистика, молекулалық диетологтар, уақыт брокерлері (ұйым және қалалық), қалалық кибераналитиктер, жанды жүйелердің экологтары мен сәулетшілері (генетикалық түрлендірілген организмдердің қатысуымен жабық цикл технологиялары) сынды кәсіп иелері сұраныста болады деген жорамал бар, – дейді Айгүл Шайханова.
Өңірдегі жоғары оқу орындарында маман даярлаудың соңғы үлгілеріне жіті көңіл бөлініп келеді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар факультетінде осы бағытта қолға алынған жұмыстар жоқ емес. Атап айтқанда, IТ-генетика және Е-журналистика. IТ-генетик – берілген параметрлер бойынша геномды бағдарламалаумен айналысатын маман. Соңғы он жылдықта медицинадағы қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – гендік терапия. Сол бойынша сырқатпен күресте адамның генетикалық аппаратына өзгерістер енгізіледі. Бұл әдіс негізінен жануарларға сыналса да, адамдар үшін әкелетін пайдасы зор болатыны даусыз.
– 2014 жылы Британияда хородермиямен ауыратын алты науқас осындай жолмен емделген. Нәтижесінде гендік терапияның қорытындысы жақсарды деп хабарланды. Бірақ бұл тек бірінші ғана қадам. Келесі қадам – геномды модификациялау. Бұл тәжірибе маймылдарға қолданылып, екі геннің мақсатты өзгерісі бар екендігі байқалды. Е-журналистика – бұл ең қажетті, елді елең еткізетін материалдарды әзірлеп берудің қалыптасқан дағдылы жолы. Қазіргі рейтинг бойынша интернет журналистика телевизиядан кейін екінші орын алады. Бірақ Алматыда өткен халықаралық медиафорумда журналистиканың бұл түрінің зиянды жағы бар екені де ескертілді. Қоғамға іштей іріткі салып, түрлі діни ағымдар мен террористік топтарды ушықтыруға ықпалы тиіп отырғаны баса айтылды. Сондықтан маман дайындағанда осы жағына ерекше көңіл бөлу керек, – деп нақтылады факультет деканы.
Қалай десек те, журналистика – үлкен сұранысқа ие, болашағы зор әрі келешегі кемел кәсіп. Бүгінде Қазақстан тұтастай цифрлық форматқа көшіп жатқаны мәлім. Сол себепті бұл бағытта журналистердің қосар үлесі зор болмақ. Бұдан басқа сарапшылар жасанды интеллект және мехатроникамен байланысты мамандықтарға сұраныс арта түседі деп топшылап отыр. Түйіндей келгенде, келешектегі еңбек нарығы роботтехникасы және жасанды интеллектпен тығыз байланысты екенін осыдан байқау қиын емес.
Жақсылық Мұратқали
Семей