Қоғам

Санасы серпіліп қайтты

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада алғаш рет «IQ санаңды серпілт» атты кездесу кеші өтті. Кеш барысында кітапхана қызметкерлері кездесуге келген жастар мен балаларға әр бөлімнің жұмысымен жеке-жеке таныстырып шықты.

Қазіргі күні кітапханада «Балалар алаңы», «Әдеби дастархан», «Шах және Мат», «Тоғызқұмалақ», «Board-games party», «VR-Oskemen» локация, «VR-сурет», «3D – үлгілеу», «Бу-Магия», «Библио – дәмхана» сияқты 10 үйірме жұмыс істеп тұр.

«Балалар алаңы» бөлімінде келген бүлдіршіндер үшін түрлі шаралар ұсынылды. Мысалы сенсорлы үстелдегі дамыту ойындары, LEGO құрылымдарын құрастыру, роботехника, бүлдіршіндерге арналған бұрыш, 3D-қаламмен сурет салу және түрлі шеберлік сыныптарының балаларға берері мол. «Әдеби дастархан» мотивациялық еңбектерден бастап, түрлі көркем-әдеби, спорт, бизнес және өзге де салаға қатысты тақырыптарды қамтиды.

Іс-шара барысында жастар өлең оқып, жеті аталарын жатқа айтып бақ сынасты. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Кешке қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, балаларға ізгі тілегін білдірді. Өскеменнің ең жас жазушы Дарья Цой өзінің «На перекрестке миров» атты кітабын әкімге тарту етті.

– Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде өтті. Кітапханада жастарға жағдай барынша жасалғанына көзіміз жетті. Енді үнемі келіп тұрамыз. Барлығы тегін екен. Баламды жиі әкелуге тырысамын, – дейді қала тұрғыны Әсел Мұратқызы.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button