Қоғам

Санға емес, сапаға мән беретін уақыт

Санға емес, сапаға мән беретін уақыт


Абай ауданына арнайы жұмыс сапармен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына сыртқы талдау және жүзеге асырылуын бағалау үшін құрылған республикалық және облыстық арнайы мониторингтік топтардың мүшелері келді. Республикалық арнайы мониторингтік топ төрайымы Айгүл Соловьева бастаған мүшелері сондай-ақ, облыстық арнайы мониторингтік топтың төрағасы Олег Чернышов және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы әуелі аудандық орталық ауруханада көрсетілетін қызметтер қатарымен танысты. Мұнда олар ем алушыларды тіркеу, дәрі-дәрмектерді тарату тәртібі секілді қызмет түрлеріне мән берді. Осыдан кейін мониторингтік топ Халыққа қызмет көрсету орталығы Абай аудандық бөлімінің қызметіне қанықты.

Электронды портал арқылы толтырылатын өтінімдер мен Е-қызметі туралы мағлұматтардың берілуі, «электрондық үкімет» арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу негіздері туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар, мониторингтік топ мүшелері мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Халықпен жүздесу барысында республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері мониторингтік топтардың міндеті, ішкі бақылау, талдау жұмыстары, халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар турасында айтып берді.

Республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері Бесқарағай ауданына да жұмыс сапарымен келді.

Бұл сапардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету бойынша ресми органдардың жұмысын бағалау, сондай-ақ, аудан тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтың алдын алудағы ауданда қабылданып жатқан шараларды анықтау. Алдымен арнайы топ мүшелері аудандық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету бойынша аумақтық орталығының жұмысына қанықты. Сол сияқты топ мүшелері Бесқарағай колледжіне соғып, мұнда аудандық арнайы мониторингтік топ өкілдерімен, тұрғындармен әрі жергілікті активпен кездесті. Ал арнайы топты бастап келген Айгүл Соловьева мемлекеттік қызмет негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топ жұмыс істейтінін бесқарағайлықтарға түсіндіріп берді. Ол қоғамдық індетке айналған жемқорлықпен күресте тек жұмыла ғана нәтижеге жетуге болатынын нақтылады.

– Біздің елімізде 2025 жылға дейін әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық жоспарымыз бар. Осыған үлкен үміт артылып отыр. Бұл құжат ашық зайырлы қоғамды өркендетуге бағытталған. Осы арқылы әлемдік қауымдастыққа Қазақстанда жемқорлық терең жайылмағанын жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл бағытта бірлесе әрекет етсек қана жетістіскке жетуге болады, – дейді арнайы мониторингтік топтың төрайымы Айгүл Соловьева.

Басқосу барысында қарағайлы өңірдің тұрғындары елордадан келген меймандарға көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, өзара пікірлерімен бөлісті. Бұдан кейін олардың іссапары Жыланды орта мектебінде жалғасты. Жұмыс кестесіне сәйкес, орман шаруашылығы ұжымдарымен, сонымен қатар ауыл халқымен кездесу ұйымдастырылды.

Өткен жылғы кемшіліктер жойылған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылуын бағалау және оған сыртқы сараптама жасау жөніндегі республикалық Арнайы мониторингтік топтың мүшелері облыстық әкімдікте өткен отырыста сапарларының қорытындысымен таныстырды. Қоғамдық топты Айгүл Соловьева бастап келген болатын.

Өткен жылы осындай топ анықтаған кемшіліктер облыс орталығындағы және аудандардағы халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынатын мекемелердің жұмысына, кейбір ғимараттарға мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына жағдай жасалмағанына қатысты болған-ды. Жиында 2017 жылы берілген 94 нұсқаулықтың 55 орындалғаны, қалған 39-ы аяқталуға жақын екені айтылды. Мысалы, облыстық ішкі істер департаментінің тіркеу-сынақ бөлімінің ғимараты жөнделіп, тұрғындарға ашық қызмет көрсетуге лайықталып жасалды, жуықта іске қосылмақ. Өскемен қалалық көші-қон полициясының бөлімінің жұмысы да ширай түскен. Бөлім қызметімен танысқан арнайы мониторингтік топтың мүшелері келушілермен сөйлесіп, пікірлерін білді. Тұрғындар көрсетілетін қызметтерге оң бағасын берді.

-Бұрын берілген барлық хаттамалар бойынша, атап айтсақ, көші-қон полициясы, ХҚҚО бойынша кемшіліктер жойылған. Біз Абай ауданынан келе жатқанда, жолдың нашарлығын көрдік. Жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінген, енді азаматтардың міндеті – жөндеу жұмыстарының дұрыс өткенін қадағалау, – деді Айгүл Соловьева.

Топ жетекшісі Семей қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта белгілі болған кемшілікпен бөлісті. Интернатқа ата-аналардың бірінен түскен «интернат ғимараты суық деген» дабылмен барған қоғамдық белсенділер тәрбиеленушілердің 1983-87 жылдары шыққан кеңестік оқулықтармен білім алып жатқандарын анықтаған.

-Бұл тіпті ақылға сыймайтын нәрсе. Астанаға барған соң тікелей Білім және ғылым министріне шығып, бұл сорақылықты жоюды қолға аламыз, – деген пікірін айтты Мемлекеттік қызмет агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Облыс орталығында қоғамдық белсенділер А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың жұмысымен танысты. Топ мүшелеріне егде адамдардың компьютерлік сауатылығын ашатын IT-киіз үйдің қызметі ұнады. Сол күні келушілер мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу жүйесімен танысып жатты. Сонымен қатар зейнеткерлерге электронды әмиян жүйесін қолдануды, коммуналдық төлемақыларды интернет арқылы төлеуді үйретеді.

Арнайы республикалық мониторингтік топтың мүшелері сондай-ақ Ұлан аудандық жұмыспен қамту орталығының, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, тұрғындардың пікірлеріне құлақ салды.

Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық арнайы мониторингтік топтың төрағасы Олег Чернышов азаматтарды қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың қатерлерімен күресуге шақырды.

– Бүгін жемқорлық індетін ауыздықтауға мүмкіндіктер туып тұр. Электронды технологиялардың мүмкіндігі шексіз. Егер сізден пара дәметсе, немесе қызметтің бір түрін сапасыз көрсетсе, сіз осының барлығын бейнетаспаға түсіріп, арнайы мониторингтік топтың мүшелеріне немесе облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолдауыңызға болады. Түскен шағымдар, фактілер бірден қаралады, – деді Олег Чернышов.

Жақсылық Мұратқали,
Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button