Сан қырлы Сахан
Шығысқазақстандық театрсүйер қауым Сахан Әкелеевті актер, режиссер ретінде жақсы біледі. Оның сомдаған әрбір рөлі, сахналаған қойылымдары көрерменнің көкейінде сайрап тұр. Сөйтсек, Сахан Әкелеев – актер, режиссер ғана емес, тамаша әнші, сырлы әндерімен жүректі тербейтін сазгер де екен. Осылайша, Сахан Долдиұлының «Өнерпаз болсаң арқалан…» атты 60 жылдық мерейтойлық бенефисіне барған көрермен қауым талант иесінің өзге де қырларына куә болды. [/b
Бойына түрлі өнерді тоғыстырған талант иесінің шығармашылық кешіне облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова да қатысты.
Сахнада бірде Керей ханның, бірде Кенесарының рөлін сомдайтын Сахан Әкелеев бұл жолы өзінің рөлін ойнады. Жүріп өткен жолына ғұмырының алпыс жылдық биігінен көз салды. Қарап тұрса, оның бар байлығы – өнермен өрілген өмірі екен. Жиған-тергені – актер ретінде сомдаған рөлдері мен режиссер ретінде сахналаған қойылымдары, жүрегінің тереңінен шымырлап шыққан әндері… Осынау шығармашылық кешінде ол сол өмір бойы жинап-терген қазынасын көрерменге барынша жарқыратып көрсетуге тырысты.
Иә, сан қырлы талант иесі Сахан Әкелеев – Тарбағатай ауданындағы Тасбастау ауылының төл перзенті. Шілікті орта мектебін бітіріп, әскери борышын өтеген соң, ол 1979-1980 жылдары Өскемендегі ағарту училищесінде режиссер мамандығы бойынша білім алады. 1980-1984 жылдары Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын профессор Асқар Тоқпановтың шеберханасында драма және киноактер мамандығы бойынша бітірсе, 1984-1991 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын Жылысбаевтың жетекшілігімен тәмамдайды. Сөйтіп, ол өнердегі еңбек жолын Абай атындағы опера және балет театрында бастайды. Әр жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында, «Ақсарай» мюзикл театрында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жұмат Шанин атындағы музыкалық драма театрында еңбек етеді. 1993-2003 жылдары Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінің жетекшісі болады. 1994 жылы осы аталған әскери ансамбльде «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрады. 2010-2014 жылдары еліне оралып, облыстық Жамбыл атындағы драма театрына басшылық етеді. Кәсіби режиссер ретінде ол Б.Рамазанның «Шырмауық», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Болат Ұзақовтың «Жандауа», Ақыт Үлімжіұлының «Шолаққол келіншек» пьесаларын сахналады.
– Бұл өнер екінің біріне қона бермейді. Алла тағала талантты сыйласа ғана адам өнерге барады. Сол Алланың сыйын иеленген азаматымыздың бірі әрі бірегейі – осы Сахан бауырымыз. Ол 40 жыл бойы қасиетті өнерді ұлықтап, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Төрде отырған Тұңғышбай секілді өнер жанашырларынан тәлім-тәрбие алған Сахан қандай болуға тиіс? Әрине, Сахан тек мықты актер, мықты композитор, мықты әнші ғана бола алады. Сондықтан оның өнер саласындағы 40 жылғы еңбегі зая кеткен жоқ деп ойлаймын. Шығысқазақстандықтар, жалпы қазақ біздің Саханды мақтан етуі тиіс, – деді шығармашылық кеште алғашқы болып сөз алған салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбекұлы. Сондай-ақ өнер майталманын мерейтойымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Күлжәмила Белжанова да құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ал кеш иесі Сахан Долдиұлының досы, өнердегі ағасы, кештің қадірлі қонағы, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сахнаға көтерілгенде, зал толы көрермен орнынан тік тұрып, құрмет көрсетті.
– Біз – өнерпазын алқалаған елміз, арқасынан қаға білген елміз, өнердің қадірін білген елміз. Қаншама заман өтсе де, осы бір игі қасиетімізден айырылған жоқпыз. Бүгін – сондай бір қасиетімізді ардақтаған ерекше мереке, ерекше сәт. Бүгін – Сахан деген менің досымның мерейлі күні. Бүгін – Сахан деген өнерде жүрген адуынды, өз мінезі бар, өзінің жүріс-тұрысы бар, өзгеге ұқсамайтын шабысы, бәйге құмарлығы бар азаматтың туған күні. Сіз болып, біз болып бүгін мерейтойды тойлап отырмыз. Мен бұл мерейтойға Қазақстандағы 54 театрдың атынан келіп отырмын. Өйткені мен – Қазақстан театр қайраткерлері деген одақтың төрағасымын. Осы 54 театрда қызмет істейтін актерлердің барлығы Саханды жақсы біледі. Бәрі де Саханды құрметтейді, өнерін бағалайды және мен арқылы дұғай-дұғай сәлемін жеткізіп отыр, – деген Тұңғышбай Жаманқұлов өнерсүйер қауымға «Біздер, біздер», «Достарым» атты екі ән орындап берді.
Бұл жолғы бенефисінде көрермен Саханды әнші, сазгер ретінде жақын танығандай болды. Саханның өзі Абайдың «Көзімнің қарасы», Шәмшінің «Әнім сен едің», халық әні «Дедім ай-ау», Болат Әшірбаевтың «Тарбағатай таулары» секілді әндерін нақышына келтіре орындады. Ал Сахан Долдиұлының сазгерлігі өз алдына бір төбе. Халықаралық конкурстардың лауреаты Айжан Мазкенова сазгер Саханның «Жастық дәурен», «Мөлдір сезім» атты екі әнін орындаса, республикалық ән байқауларының лауреаты, дәстүрлі әнші Қуаныш Оралбаев Сахан Долдиұлының ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ұлыма» атты әнін құйқылжытты. Ал тарбағатайлық ақын Жанат Әскербекқызының сөзіне жазылған Сахан Долиұлының «Атақонысым» атты әні облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаеваның орындауында тым әсерлі шықты.
Жалпы, Сахан Әкелеев – өнер адамы ғана емес, мықты ұйымдастырушы. Ол – 2009 жылы Алматы қаласындағы Республика сарайында өткен «Шығыс жұлдыздары» жобасының авторы әрі продюсері. 2010 жылы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Батыр Бауыржан» атты үлкен кештің ұйымдастырушысы болған әрі сценарийін жазған да осы Сахан Долдиұлы. Ол – көптеген республикалық және халықаралық байқаудың жүлдегері. Ұлттық кино өнерінде де оның өзіндік өрнегі бар.
Осылайша, сан қырлы өнер иесінің мерейтойлық кеші өз мәресіне жетті. Құттықтаулар мен ізгі тілектерде шек болған жоқ. Өз кезегінде, Сахан Долдиұлы осынау кештің мәнді де мағыналы, биік деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызына үлкен ризашылығын білдірді.
Мейрамтай Иманғали