ТОП

Сан терезе – сан тағдыр

Абажадай ақ сұр үй тұрғындарының басы қосылмайтындай көрінетін. Таң алакеуімнен басталатын күнделікті күйбең тірлікпен қорек іздеген құмырсқадай кәсіп еткен жұмыстарына аттанып, қас қарайғанда ғана артынып-тартынып, бала-шағасын жетектеп от басына оралып, тас бекініп  алатын. Сонда бұл үй емес, құдды құмырсқаның илеуіндей елес беретін. Кей-кейде самаладай жарқыраған сан терезенің ар жағында кімдер, қандай адамдар тұрады деп ынтық көңілден шыққан сан сұрақтардың соңыңа түсері де аян. Бір-біріне ағынан жарылып, шүйіркелесе алмай бездеңдеген жұрттың өзімен-өзі болып, томаға тұйық, томырық мінезінен суық леп ессе, қаланың бір шетінде аяқ астынан кездесіп жылы ұшырасқанда, жаның жадырап сала беретін. Қала тірлігі деген осы. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ.

Иә, былтырғы Жылқы жылы олардың басын екі рет қосып, тарының қауызына сиғызғандай болды. Жер-ана тосын мінез танытып, оңтүстікті сілкіп-сілкіп алғанда, оның дүмпуі қаланың астымен де өте шыққан. Бірінші рет маусымда, одан кейін қыркүйекте қайталағанда тоғыз қабатты абажадай үй теңселіп, оның тұрғындары жандарын қоярға жер таппай, далаға үдере қашқан. «Кемедегінің жаны бір» деген емес пе, қиын сәтте адамдар бауырмал болып кетеді екен. Біреудің баласы жыласа, бәрі бәйек болып, қолдарындағы нан, суларын ұсынған. Тікелерінен тік тұрып, елдің, жердің амандығын тілеген. Үркердей болған жұрт өздерінің көршілері облыстық азаматтық қорғаныс штабының бастығы Виктор Дмитриевич Алиновтың соңынан ергенде, басу айтып, бәйек болған дембелше келген жігіт ағасы жеті қат жер астынан хабар алар саққұлақтай елестеген. Табиғаттың тосын мінезі сол үй тұрғындарының тәубесін келтіріп қана қоймай, бір-біріне жақындастырып жібергендей. Содан бері жыға танымаса да, аман-сәлем түзелді.

Бірде ауылдан келген шопан досым осы үйдің табалдырығын аттап тұрып, басын шайқаған. Сонан соң сыртқа тепсінген балконға қарап тұрып: «Әй, қара торғайдың ұясындай үйде қалай тұрасыңдар? Түтін түтетпей пісірген ас бойға қона ма, тәйірі. Бір-бірімізбен арқа-жарқа араласып жататын ауылға не жетсін, шіркін! Өзі қанша түтін тұрады, бұл үйде?» – деп сұрақ-сауалдың астында қалдырғаны бар. «Жүз қырық тоғыз отбасы тұрады» деген маған сеніңкіремей қараған ол: «Сонда біздің ауылдың адамдары түгел сиып кеткені ме?» – деп күбірлеген де қойған. Екеуіміз де ойланып қалдық.

Иә, достым, бұл үйің жатқан бір ауыл. Сан тағдырдың басын қосқан құтты мекен. Көпті көрген шежіре қарттары, ақ жаулықты аналары, балалық базары бар ауыл.

Бұл ауылымыз Пермитин көшесіндегі 29-шы үй. Бесінші пәтердің есігін қаққанымызда, осы үйдің ең үлкені, 84 жастағы ақсақал Степан Дмитриевич Аксенов қарсы алды…

– Бүгін түс көрдім, – дейді дел-сал күйде отырған Степан Дмитриевич. – Марқұм әкем Дмитрий мен шешем Матренаны, сүйегі қурап қалған ағам Трофимді, алдыңғы жылы көз жұмған кемпірім Аннаны көрдім. Менің жер басып жүргеніме өкпелі сияқты. Ата-баба аруақ жебеп жүр ме? Сөйтсе де биыл айналдырып жүр. Әй, уақыт та болды ғой.

…1921 жылы әкесі, төрт бауыры, екі қарындасы және өзі аш-жалаңаш, жаяу-жалпылы сонау Көкшеден Шығысқа қарай бет алғандары әлі есінде. Азамат соғысынан кейінгі ел жағдайының жетісіп тұрғаны шамалы. Жаңа Шүлбіге құр сүлдері жеткен олар жарым жолда сүзектен баудай түскен туғандарын жоқтауға да шамалары келмеген. Мұнда келісімен олар бай-кулактардың есігін сағалады. Әкесі мен үлкен ағасы Трофим кәсіп іздеп Кабановоға кетті. Степан екі қарындасымен Евстафий Санаровқа барып жалданды. Ол өзінің он бес жасар батырағын аямады. Таң бозынан қас қарайғанға дейін екі қолы жұмыстан босамайды. Күнұзақ байдың ат шаптырым тары алқабынан шықпайды. Суарады, арам шөбін жұлады, бейсауыт малдан қориды. Желкілдеген тарыға торғай мен шегіртке де маза бермейді. Әредік бел жазып, демалайын десе, тұщы етіне тиер ащы таяқтан қорқады.

Иә, бір күні Евстафийдің туған інісі Иванның бір үйір қазы алқапқа түсіп, пісіп қалған тарыны жапырып кетіпті. Булығып жылап жүріп екі-үш қаздың қанатын қайырып, аяғын сындырған. Тарысы үшін Евстафийден, қазы үшін Иваннан естен кетпестей таяқ жеген. Иванның шоқпарының ізі оң шекесінде тыртық болып әлі тұр.

Степан одан кейін де Колмагоров, Черепанов, Коротков сынды бай-кулактардың күлімен кіріп, суымен шықты. Жалшы болып жүріп кедей қызы Анямен тағдыр қосты. Оның жер кепесіне кіріп, іні-қарындастарын қолына алған. Жалшы кедейдің күні туып, айдарынан жел ескен бұрынғы бай-манаптарды кәмпескелеу басталғанда, Степан бұл іске бірінші болып кірісті. Колхозға да алғашқылардың бірі болып қабылданды. 1931 жылдың көктемінде міндетті әскер қатарына шақырылып, Хабаровскіні бетке алып бара жатты…

Шар еткен есік қоңырауы әңгімемізді кілт үзді.

– Кіре бер, Валя, кіре бер. Есік ашық тұр, – деп айқайлады Степан Дмитриевич қызына төр үйден.

– Папа, Сіз қызықсыз. Есікті неге жауып отырмайсыз. Қалай деп бола ма? – дейді қызы.

Бөгде дауысты сезді ме, қарсы есіктен маңқ-маңқ үрген төбеттің үні қабатты басына көтерді. «Білесіз бе, папа, Борисовтардың пәтеріне ұрылар түсуге екі рет әрекет жасапты. Тамараның айтуына қарағанда, оларда жапондық бейнемагнитофонның, аппаратуралардың барлығын білсе керек. Славаның достарынан да сезіктенетін көрінеді. Содан дәу төбет асырап алыпты». «Бізде ұрлайтын ештеңе жоқ» – деп шал қызының жаңалығына қырсыға қалды.

– Иә, содан қойшы, әскерде екі жыл болып, Шемонаихаға оралдым, – деп әңгімесін жалғастырды Степан Дмитриевич. – Әуелі Кабаново-Разин селолық Советін басқардым. «Михайлов» совхозының іргесін қаластым. Отыз төртінші жылғы астықтың молшылығын ауызбен айтып жеткізе алмассың. 1930 жылы Шемонаиха ауатком қызметіне ауыстым. Елдің тойынып, жағдайы түзеліп қалған кез. Астымызға ат, аузымызға ас тосқан қазақ жерінің дархандығына қайранмын. Исі қазақ баласы сол дархандықтан қалада тұрса да айырылмаған. Қазақ көршім өмірі қонақсыз болмайды. Қаланың тар тірлігінде оларды немен тамақтандырасың деп те сұрап қоямын. Қонақтың да өз несібесі бар дейді ол.

Соғыс басталған күні Степан Дмитриевич Қызыл Шемонаихада өкіл болып жүрген. Ертеңінде-ақ әскери комиссариаттан шақыру қағаз келді. «Броньмен алып қалайық, ойлан, тылға да керексің», – дейді комиссар. «Жоқ, мен майданға керекпін», – деп отыз бестегі жалындаған жігіт алған бетінен қайтпады. Сөйтіп, Степанның майдан жолдары басталды. Забайкальеден Рязаньға, одан Белгородқа, одан Киевке барып, Карпат тауынан асты. Күрск иініндегі қиян-кескі шайқасқа қатысты. Жараланды, аман қалды. Жеңіске жеткендерін Берлиннің түбінде рота командирі рязаньдық Петр Саушевтің аузынан естіді.

– Соғыс салған жара сыздап, сыр бере бастады, – дейді қолдары қалтыраған қарт жауынгер. – Бұл үйде қайырымды адамдар көп. Анау он бірінші пәтердегі дәрігер Виктор Константиновичтен, он алтыншыдағы Раушан Қасымқызынан дәрі-дәрмек, ем-дом алып тұрамын.

…Виктор Константинович деп жедел жәрдем ауруханасындағы хирург Уфимцевті айтып отыр. Алдыңғы жылғы мына оқиға еске түседі. Жүз үшінші пәтердегі Оразалиевтердің екі жасар қызы Әсел бала бақшада жүріп, есікке саусағын қысып алыпты. Арнайы шақырумен келген дәрігерлер шешесі Марияш пен шырқыраған қызын жедел жәрдем ауруханасынан бір-ақ шығарды. Тексеріп, қарағанша біраз уақыт өтті. Жеме жемге келгенде, ондағылар қан саулаған баланың бас бармағын тігу керек, КШТ-дағы балалар ауруханасына барыңдар дейді. Тығырыққа тірелген Марияш кабинетке тосыннан бас сұққан қара сұр жігітті жыға танымаса да 29-үйге күн сайын кіріп-шығып жүрген оған жата келіп жабысты. «Сіз біздің көршімізсіз, көмектесіңізші», – дейді. Бала мен ананың жанын түсінген жігіт сөзге келмеді. Баланың терісі жалбыраған бас бармағын тігіп, таңып берді. Марияш бұл хирургтың аты-жөні Виктор Уфимцев екенін артынан білді.

– Соғыстан кейін біраз уақыт ауаткомда қызмет атқардым, – деп әңгімесін жалғады Степан Дмитриевич. – Он сегіз жыл Ленин атындағы колхозды басқардым. Шаруашылық миллионер болды. Орден-медальдарды кеудеме тақтым. Мәселе онда емес, ең бастысы адал еңбек еттім. 1967 жылы құрметті демалысқа шығып, балалардың соңынан Өскеменге келдім. Мынаған қараңыз, мен Коммунистік партияға өткен жылы Бас хатшы, Президентіміз дүниеге келіпті. Еліміздің қазіргі жағдайы ауыр. Демократияның даурықпаға ұласуы, тәртіптің төмендеуі, екісөзділік осыған әкеліп соқтырды. Халықтың етек-жеңін жиып барып, саясатпен айналысқан дұрыс қой. Адамдар ұлтына, сеніміне қарамай бірге болса ғана, ағайын ала болмаса ғана қиындықты жеңеміз.

– Осы ойды 36-шы пәтердің тұрғыны Болат Кәкімов те қайталады. Толықша келген қара торы жігіт ағасын «Бірлік» атты интернационалдық қозғалыстың мәжілістерінен жиі көретінмін. Болат негізі семейлік. Мамандығы – инженер-механик. Астанадан оқу бітіріп, туған жерге келгенде партиялық жұмысқа шақырылды. Үш рет жоғары партия мектебіне оқуға ұсынылып, қолдаушысы болмай, орнына басқа адамдардың қабылданып, жігері құм болған кездері де болған. Ақыры тағдыр айдап әйелі Рәуияның туған жері Өскеменнен бір-ақ шықты. Бөкең – принциптің адамы. Мұнда келгенде де бәрі ойдағыдай болған жоқ. Алғашында техникалық қамту станциясына инженер болып орналасып, алым-берім саудамен айналысып кеткен басшылармен сыйыспады. Он екі жыл үй-күйсіз жүрді. Енді қазір қорғасын-мырыш комбинатындағы автотранспорт цехында пайдалану бөлімінің бастығы. Жұмыста беделді.

Осы үйде тұрғанымызға бес жыл болды, – дейді Бөкең. – Көршілеріміздің дені әскери адамдар. Бірі келіп, бірі кетіп жатады. Танысып та үлгере алмаймыз. Ондаған ұлттың өкілдерінен, қазақша айтсақ, қырық рудан құралған ауыл ғой. Бәрінің достығын қалаймын. Облысқа аты мәлім депутаттар елді, жерді бөлеміз дегенде, интернационалдық қозғалысқа қосылып едім.

– Осында тұратындардың жүзіне көзіміз қанық. Аман-сәлеміміз түзу, – деп Рәуия әңгімеге араласты.

– Менің кластастарым да көп тұрады, – дейді Бөкеңнің қызы Индира. – Өткен жылы кластасым, елу тоғызыншы пәтердегі Амангелді ағайдың қызы Динара мектепті алтын медальмен бітіріп, жол құрылысы институтына түсті.

Міне, көрдіңіз бе, бір отбасындағы үш жанның өз ойы, ізгі тілегі бар. Бөкең айтпақшы, бұл үйде неміс Роберт Шмидтің, мордва Николай Ганиннің, татар Аслам Кашкуновтың, қазақ Орал Бітібаевтың, украин Борис Маруничтің,корей Октябрь Ханның, орыс Николай Егоровтың семьясы тұрады. Бұл ауылда Архангельскіден келген Гагариндер, пермьдік Викулинколар, кемеровтік Шестаковтар, читалық Третьяковтар тұрады. Олар әр мамандық иелері. Қазақтың дархан жеріндей бұл шағын ауыл да ешкімді келімсексің деп шетке қақпай, бауырмалдылықпен бауырына тартқан шаңырақ. «Сырттан келгендердің жолы болғыш. Осы қалада туып-өссем де, он екі жыл пәтер ала алмай сергелдеңге түстім», – деген Рәуия жеңгеміздің ренішіне тағдыр айдап келген жандарға баспана болған қазақтың аңғал мәрттігін алға тартқанбыз да қойғанбыз. Иә, қай қазақ «шаңыраққа қара» деп басқа бауырларға сес көрсетіп жатыр. Қазір тыныш өмір қажет.

Биылғы Жаңа жылды осы үйдің тұрғындары Бутырлакиндер Кубада, Запорожецтер Якутияда, Куприяновтар Тюменьде қарсы алмақ. Бірінікі –қызмет бабы, бірінікі – ақша табу. Бұл да тағдырдың жазғаны шығар. Бір шаңырақтың астындағы олар да қайда жүрсе аман болсын.

…Далада қапалақтап қар жауып тұр. Үй ауласында – балалар. Біреулері аққала соғып жатыр, біреулері сырғанақтың қызығына түскен. Анда-санда «қызып жүретін» сантехник Валера ұл-қызын үйіне қуып тықты. Ойынның қызығына түскен балалар бұған да мән берер емес. Үй ауласында сәбидің күміс күлкісі қалып барады.

Тағы бір жыл кетті тарих қойнауына. Кешқұрым бәрі отбасына жиналып, Жаңа Жылды қарсы алу қамына кіріскен. Самаладай жарқыраған сан терезенің ар жағынан сан тағдыр жаңа бақыт, қуаныш тілеп отыр. Әуе толқынында облыстық радионың дикторы Евдокия Христичтің сыңғырлаған үні естілді. «Жаңа Жылдарыңызбен, достар! Бақыт жылы болсын!» – дейді ол. Евдокия Христичтің де осы үйдің тұрғыны екенін былайғы жұрт қайдан білсін!

Уәлихан Тоқпатаев

1 қаңтар 1991 жыл

Осы айдарда

Back to top button