Сан тағдырлар тоғысқан үй
Ана үйі…Шыны керек, әу баста осы жобаны қолдамайтындардың қатарында едім. Қаракөз сіңлілерімнің ойнап жүріп от басып, ақыры сәбиімен далада қалуы салдарынан осындай баспаналардың әр өңірде ашылуы елдігімізге сын деп есептейтінмін. Өскемендегі «Ана үйінің» бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныса келе бұл ойымды өзгерткендей болдым. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деп бекер айтылмаса керек. «Біздің қоғамда мұндай дерт жоқ» деп жылы жауып қойғанмен, тастанды балалар үйі азаяр емес. Ал, ең сорақысы сол, қоқыстан, дәретханадан тірі нәресте табылды деген жағымсыз хабардың жиі таралуы сондай, үйреншікті нәрседей селт етпейтін болдық. Қоғамның, туған-туыстың талқысына шыдай алмай, өзіне қол жұмсайтын жағдайлар да аз емес.
Баладан бас тарту азайды
Қазір еліміздің 19 қаласында ана мен баланың бірге болуын қамтамасыз ету мақсатында 25 «Ана үйі» ашылды. Өскемендегі «Ана үйінің» үйлестірушісі Наиля Оңғарбаеваның айтуынша, бұл жобаның тиімділігі мамандармен дәлелденген. Ауғанстан, Америка, Украина, тағы басқа елдерден еріктілер келіп тәжірибе алмасып отырады.
– Әдетте, тұрмыста қиындыққа ұшырап, барар жер, басар тауы болмай, далада қалған жас аналар шарасыздықтан балаларын тастап кетуге мәжбүр болады. Ал «Ана үйінің» арқасында мыңдаған бала тастандылар қатарына қосылмай, анасының құшағында қалады. Біздің негізгі мақсатымыз да сол, -дейді Наиля Тулевканқызы.
Ашылғанына төрт жыл болған «Ана үйінде» қазірге дейін 120-дан астам жас ана нәрестесін бауырына баса жүріп, колледж немесе жоғары оқу орнындағы білімін жалғастырып, жұмысқа орналасып, басындағы қиыншылығын еңсеріп шыққан.
Бір қуанарлығы, қайырымдылық жобасының нәтижесі де жоқ емес. «Ана үйі» еліміздің әр өңірінде ашылғаннан бері перзентханаларда баладан бас тарту жағдайы 70 пайызға азайған. Бұл дегеніміз 100 баланың 70-сі жетімдіктің ащы дәмін татпай, анасының бауырында қалды деген сөз. Сонымен қатар, сәбиді көрген соң әкелік сезімі оянып, өз ісіне өкініп, балалы жас ананы алып кетіп, отбасылы болып кеткендері де бар екен. Елімізде «Ана үйі» ашылғаннан бергі уақытта 465 ананың құжаттары жөнделіп, 232 балаға арнайы медициналық көмек көрсетілген. 199 ана баспана алуға кезекке тұрып, 198 жағдайда әкесі өз баласын мойындап, қамқорлығына алған. 108 бала мемлекет есебінен балабақшаға орналасса, 52 жас ана (балалар үйінің түлектері) мемлекет қорынан баспаналы болды. 903 ана жұмысқа орналасып, 2312 ана отбасылы болды.
Еңбек нарығына қажетті кәсіпті меңгеріп жүр
Мұнда жалғызбасты аналар үшін барлық жағдай жасалыпты. Демеушілердің арқасында жас аналар баспанамен, тамақпен, сәбиге қажетті барлық заттармен толық қамтылған. Үй шаруашылығын меңгеруден бастап бала күтімі, қолөнер шеберлігі сияқты түрлі бағыттағы курстар өтеді. Мамандар аналардың, балаларының құжаттарын жөндеп, әрі қарай баласын өзі асырауға мүмкіндігі болуы үшін оларды қандай да бір кәсіп түріне үйретеді. Мәселен, заманауи тігін машинкаларының көмегімен балаларына қажетті жаялық, көрпе, жастық, жұмсақ ойыншықтар тігеді. Компьютерлік бағдарламаларды меңгеруде арнайы мамандар келіп, дәріс берсе, кондитерлер шеберлік сағаттарын өткізу арқылы аспаздық өнердің қыр-сырына үйретеді. «Ана үйінің» өз жылыжайы мен бау-бақшасы бар. Түрлі көкөністерден қысқы азықтарын өздері дайындап алады.
Қайырымдылық үйінің кеңесшілері жас аналардың өмірден өз орнын табуына қол ұшын береді. Бір жарым жыл осында уақытша паналаған кезде жәрдемақылары да жинала береді. Бірақ ол өкінішке қарай ауыз толтырып айтарлықтай сома емес. Баланың ай сайынғы жәрдемақысы 14 мың теңге, әлеуметтік адрестік көмек 10 мың теңге, сонда жиыны 24 мың теңге. Баланың бір жасына дейін төленетін осы қаражатты жинасып, «Ана үйінен» шыққан соң баспана жалдап, жұмысқа орналасады.
Адасқанға жөн сілтейтін аталмыш мекеме жақындарынан қолдау таппай, күйзеліске түскен жас аналардың аяқтан тік тұрып кетуіне мүмкіндігінше жағдай жасап отыр. Жағдай демекші, Өскемендегі «Ана үйінің» үш қабатты зәулім ғимаратының материалдық шығындарынан бастап сәбилердің алаңсыз өсуіне қажетті барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етіп отырған меценат – «BI Group» холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы, «Ана үйі» жобасының бастамашысы Айдын Рахымбаев.
Әлеуметтік балабақша жобасы іске асады
Елімізде жетімдіктің алдын алуға бағытталған «Ана үйі» қорының қызметі ана мен баланың қажеттіліктеріне сай жылдан-жылға дамып келеді. Мәселен, «Ана үйін» паналап жүргендердің қатарында жетімдер үйінің түлектері де аз емес. Олардың бұралаң жолды тағдыры тек осы уақытша баспанадағы бір жарым жылда ғана емес, ұдайы қолдауды қажет етеді. Сондықтан биыл жас аналардың уақытша баспанадан шыққан соң алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін әлеуметтік балабақша ашу жобасы жасалып жатыр. Мұндай балабақшаның қызмет ақысы әдеттегі балабақшалардан арзан болады. Бұл жоба қор бюджетіне байланысты біртіндеп іске асырылмақ.
«Ана үйінің» мейірбикесі Сағила Іргебаеваның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаңа туған нәрестені емізу, күтім жасау, жуындырып, дұрыс жөргектеу сияқты шаруалардың барлығын жас анаға үйретіп, ақыл-кеңесін беріп отырады. Бала болған соң ауырмай тұрмайды. Ондай жағдайда жас ана мен баланы емханаға апарып, үйде қажетті дәрі-дәрмегін береді.
Тағы бір атап өтерлігі, ұлттық нақышта безендірілген қазақ бөлмесінде Достық үйіндегі «Ақ ниет» шығармашылық клубының ақ жаулықты әжелері сәбилерді бесікке бөлеп, тұсау кесу рәсімдерін өткізеді. «Ана үйінің» тұрақты меценаттары бар болғанымен, әр мерекеде аналар мен балаларды қуантуға тырысып, мүмкіндігінше көмек қолын созып жүрген мекеме-ұжымдар, жекелеген кәсіпкерлер де бар. «Ана үйіне» үнемі қолдау көрсетіп отыратын Қазақстан-Америка еркін университеті, «Niet Woman» іскер әйелдер қауымдастығы мен Халықаралық бақытты отбасы институты ұжымдарына алғыстары шексіз.
Р.S. Ешқандай жауапкершіліктің жоқтығынан бар ауыртпашылықты қызға арта салу жігіттің жүгенсіздігінен. Сондықтан ұлттық салт-дәстүр, отбасы құндылықтарының маңызы жайлы әңгімелер әр жанұяда айтылғаны абзал. Қоғам болып мәселенің салдарымен емес, себебімен күресетін болсақ, елімізде бақытты отбасылар анағұрлым көп болар еді.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ