Сан-салалы тақырып қамтылды

Семейдегі жастар мен балалар шығармашылығы сарайында «Істі қолыңа ал да жаса!» – «Just do it!» атты TEDx форматындағы конференция өтті. Оған қатысушылар түрлі тақырыпта ой өрбітіп, өзара пікір алмасты.
Конференцияның ашылу салтанатында «Қазпошта» АҚ менеджері Манарбек Әбенов сөз алып, жиылған қауымға жылы лебізін білдірді.
– Павлодар қаласындағы қазақ-герман колледжінде банк ісі бойынша білім алдым. Кейін «Қазпошта» АҚ-ның карточкалық бизнесін дамыту бойынша жұмыс істедім. Ал 2014 жылы Қазақстан Интернет банкі қауымдастығының директоры болып тағайындалдым. 2015 жылы «Қазпоштаға» қайта оралып, өзімнің жеке орталығымды аштым. Әлеуметтік желілерде белсендімін, сүйікті ісім – саяхат жасау. Исландия елін тамашалап келдім. Сенсеңіздер, небәрі 100-120 мың теңгеге шетелге барып келуге болады, – деді ол.
Бұдан кейін сахнаға жас кәсіпкер Арман Машимов шықты. Ол балалар мен жасөспірімдер арасындағы спидкубинг спортын дамыту бағытында атқарылуға тиісті жұмыстар жөнінде пікірін білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Арман «Менің мектебім» акциясы аясында Семейдегі №12 мектепке арнайы футбол алаңы, турниктер мен жеңіл атлетика жолағы бар спорт стадионды сыйға тартқан болатын.
– Жоғары білімім бар. Алайда, университетті бітірген соң, сауда агенті болып жұмысқа орналастым. Сол кезде таныстарымның маған таңғалғаны рас. Көбісі: «Мамандығың бойынша неге жұмыс істемедің?» деген сұрақтарды қоятын. Бірақ мен сауда агенті ретінде жұмыс істеп жүріп, нарық заңын бес саусағымдай меңгеріп алдым. Сөйтіп, 2005 жылы республикалық іргелі сауда компаниясына еңбек етуге шақырды. Онда үш жыл сауда саласы бойынша директор болдым. Кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алдым, – дейді Арман Машимов.
Семейдегі Аналар үйінің үйлестірушісі Айнагүл Нұртазина жиынға қатысушыларды жетімдер үйіндегі балаларды қамқорлыққа алуға шақырды.
Конференцияға қатысушылардың бірі, «#Не молчиKZ» жобасының продюсері Дина Смайылованы белсенді де іскер қыздардың бірі деп атауға болады. Ол мамандығы бойынша модельер-құрастырушы. 2003 жылы балаларға арналған «Тансари» атты мюзикл-театр ұйымдастырды. Жалпы, Дина 2016 жылдан бастап зорланған балалар мен қыз-келіншектердің құқығын қорғаумен айналысып келеді. Бүгінде Дина «#Не молчиKZ» және «#Не молчиKZ. дети» атты қоғамдық қорын басқарып отыр. Бір жылдың ішінде оның ұйымы әлемге танымал болды. 2017 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның 72-інші Ассамблеясы аясында Дина Смайылова Нью-Йорктегі халықаралық конференцияда баяндама жасады.
Конференцияда «Ядролық мембраналардың механикалық құрамын зерттеу Қазақстандағы жаңаша жаңалықтарға бастайды» атты тақырыбы бойынша дәріс оқыған жас ғалым Айжан Әубәкірова көрермендерді тың деректермен таныстырды. Ал Бауыржан Серіков «Жоғарғы сыныптарда оқу үдерісіне мобильдік қосымшаларды қолдану» бағытында баяндама оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.