Қоғам

Сан дарынды самғатқан алтын ұя

Жуырда  Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейіне 30 жыл толуына орай өткізілген мерейтой мектептің тарихын бір ақтарып, өткенге үңіліп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін нағыз оңтайлы сәт болды.

Осыған орай лицейдің педагогикалық ұжымы, оқушылар мен ата-аналары айтулы мерейтойға тыңғылықты дайындалды. Жаңа ақпараттық уақытты ескере отырып, шақыру бейнетүсірілімін ғаламторға жариялап, ата-аналар мен ұстаздарға, мектеп бітіруші түлектерге жіберді. Ашылған сәтінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі мектеп тарихының бай мұрасы жинақталды, безендіру және ұйымдастыру сәттері ойластырылды. Тынымсыз жұмыс көп күш-жігерді, уақытты талап етті, бірақ мектеп басшылығының ұйымдастырушылық қабілеті және ұжымның бірлігі мен шығармашылығының нәтижесінде мектеп-лицей ұстаздардың, оқушылар мен ата-аналардың дарынды арсеналы бар монолитті оқу орны екені тағы да бір дәлелденді.  Мектептің тарихы мен тыныс-тіршілігін қамтыған «Сан дарынды самғатқан алтын ұя» атты кітабына материалдар жинақталып, баспаға жіберілді. Сондай-ақ «30 ашық сабақ», «30 интеллектуалдық ойын», «30 спорттық шара», «30 кітап оқу», «30  түлек», «30 ардагер ұстазды ұлықтау» атты іс-шаралар легі басталып кетті.

2007 жылғы түлектердің бастамасымен қыздар арасында аудандық волейбол турнирі өткізілді. Турнир 2007 жылғы лицей түлектері Ерік Бабашев пен Назым Тұрысбекқызын еске алуға арналды. Осы күні сыныптастары Ерік пен Назымға арнап құран қатым түсірді. Волейбол турнирінің ашылуына марқұмдардың ата-аналары мен туыстары келіп, лицей ұжымына алғыстарын білдірді. Осы іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының маманы Саят Ибраев бастаған 2007 жылғы түлектердің еңбегі ерекше болды.

Сондай-ақ бұл күні аудан көлемінде жас педагогтар арасында мерейтойға орай TEDx конференциясы өтсе, педагог-эксперт М.Райымбекованың ұйымдастыруымен серіктес мектептер арасында дебат өтті. Онда лицей оқушылары Гүлназ Абутова мен Еркежан Тускунованың тобы бас жүлдеге ие болды.

Сонымен бірге лицейдің алғашқы ұлағатты ұстаздардың бірі Сейфолла Жұмағұлов жүлдесіне және лицейдің мерейтойына арналған аудандық кермеде (турник) тартылу жарысы өтті. Жарысқа қатысушылар сайыстың ашылу салтанатында ұлағатты ұстаздың өмір жолымен танысты. Қырық жылға жуық өмірін педагогика саласына арнаған Сейфолла Сүлейменұлының өмірі – жас ұрпаққа өнеге.

Айтулы мерейтойға орай осы мектептің түлегі Қазақстанның, Азияның жауынгерлік самбодан, қоян-қолтық ұрыстан, жекпе-жектен бірнеше дүркін чемпионы, Мәскеу қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан  Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Саметаев атындағы 2009-2010 жылы туған ұлдар арасында шағын футболдан аудандық турнир болды. Осы шараға қатысқан 20 команданың ішінен лицейдің командасы чемпион атанды. Жетекшісі – Саят Тауырбеков.

Мерейтойға келген құрметті қонақтарды, ардагер ұстаздарды,  түлектерді мектеп директоры Назигүл Жарова бастаған ұстаздар қауымы аса зор қуанышпен қарсы алып, кездесудің басынан ерекше атмосфера сезілді. Келген ардагер ұстаздар сағыныш пен қуаныш сезімін бір сәт басынан өткерді.

Заманауи спорт залы ашылды

Ең алдымен, жаңа заман талабына сай жасақталған спорт залының ашылу салтанаты болды. Тұсаукесер рәсімінің құрметі ұлағатты ұстаз А.Қасымжанов пен түлек А.Саметаевқа  ұсынылды. Ары қарай мектеп кабинеттеріне, кітапханаға, Дарын, интеллектум, абайтану, жаңадан жабдықталған Ә.Бөкейханов (тарих), А.Байтұрсынов (қазақ тілі) және басқа оқу кабинеттеріне саяхат ұйымдастырылып, келген қонақтар мектептің заман талабына сай екеніне көз жеткізді. Лицейдің домбырашылар оркестрінің орындауында күмбірлеген күй де тыңдалды.

Сонымен қатар қонақтар «Балалықтың бал дәмі» айдарымен арнайы даярланған мектеп асханасының тағамдарынан дәм татты. Ары қарай мерейтой аудандық Мәдениет үйінде «Сан дарынды самғатқан алтын ұя» атты мерекелік жиында жалғасын тапты. Осы кештің шымылдығын ашқан Дидар Ахтемирова жетекшілік ететін ұстаздар мен оқушылардан құрылған ұлттық аспаптар ансамблі күмбірлетіп күй төкті. «Өткенсіз бүгін жоқ»  дегендей, мектеп өміріне өшпестей із қалдырған ұстаздарды еске алып, рухына тағзым етілді. Мектеп-лицейінің ашылуына үлес қосқан, сол тұстағы Аягөз аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары болған, Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» С.Ещанова, «Құрмет» ордені мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Аягөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұзақ жылдар мектеп-лицейді басқарып, бүгінгідей келбетінің қалыптасуына үлес қосқан ұлағатты ұстаз Айтқазы Қасымжанов, ҚазССР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Ботакөз Әділбаева, Қазақстан «Білім беру ісінің озаты», «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін» медалінің, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Айгүл Нұржанова, ардагер ұстаздар – М.Мұстафина, Р.Дүйсекенов, С.Жұмагұлов, Г.Аяшева, Ғ.Садуақасова, Б.Сахариева, С.Ибраимова, Ж.Ахметова, З.Карипбаева, А.Тілеуова, А.Ахметжанова, Қ.Тлеубердинова,  сондай-ақ мектеп-лицейде еңбек тәжірибесін қалыптастырып, қазіргі таңда еңбек жолын басқа мекемелерде жалғастырып жатқан әріптес ұстаздар – Б.Кәкібаланов, Л.Айнамқұлова, А.Мұқашева, Б.Жақсыбаева құрметпен сахна төріне шақырылды. Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов құттықтау тілек айтып, алғыс хат табыс етті. Көпбалалы үш ұстазға «Алтын құрсақты ана» медалін  тапсырды.

Сонымен қатар бұл күні мектеп-лицейдің шежіресі жайлы сыр шертер «Сан дарынды самғатқан алтын ұя» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Тұсаукесер рәсімі құрметпен аудан әкімі Сейілбек Ысқақовқа, ұлағатты ұстаз Айгүл Нұржановаға және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Абай облысы, Үржар ауданының «Құрметті азаматы» Болат Кәкібалановқа ұсынылды. Ардагер ұстаздарға мектептің алғашқы түлектерінің бірі, Парламент Сенатының депутаты Амангелді Толамисовтың арнайы алғыс хаты табыс етілді.

Ақжарма тілектер ақтарылды

Мерейтойға арнап жолдаған Парламент Сенатының депутаты Б.Байахметовтің құттықтау телеграммасы оқылып, Сенат депутаты А.Толамисовтың бейнеқұттықтауы көпшілік назарына паш етілді. Дәл осындай бейнеқұттықтаулар легі «Аманат» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы С.Жұмаділовадан, Абай облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Ахметқалиевтан, Аягөз аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Әзімбаевтан, лицейде ұстаздық қызмет атқарған Т.Қажығұловадан, Г.Көшербаевадан және мектеп-лицей түлектері – «ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы М.Қасымбаев, Қазақстан инновациялық академиясының ректоры Б.Қадыров, Спорт және мәдениет министрлігінің маманы Е.Сабиханов, «Хабар-24» арнасының тілшісі М.Шохманова, «Altyn Qyran Group» компаниясы құрылтайшысының кеңесшісі Д.Капаев, «Еуразия бірінші арнасының» тележүргізушісі Д.Скатова, ҚМБД-ның халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің меңгерушісі М.Бектазиновтан, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аға прокуроры Е.Айбековтен жолданғаны лицей ұжымын қуанышқа бөледі.

Мерейтойға арнайы келген әнші Мәлік Жамбылұлы әдемі әндерімен мерекелік кешті одан әрі әрлей түсті. Мектептің бұрынғы түлектері сахна төріне шығып, жүрекжарды ыстық лебіздері мен тілектерін, сый-құрметтерін білдірді. Сонымен қатар мектептің жас мамандары шырқаған «Жас ұстаздардың ұраны» әні, республикалық өнер байқауының жеңімпаздары Мұхаммед Бейсен мен Альфинур Бейсенованың орындауындағы «Туған ел» әні, лицей квартетінің орындауындағы «Жақсы адамдарым» әндері мен жас ұландардың орындауындағы құттықтаулар көрерменге ерекше шабыт сыйлады. Мерекелік салтанатты жиын алғашқы түлектердің бірі Талғат Жақияновтың сөзіне, ұлағатты ұстаз Білімжан Омарованың әніне жазылған ұстаздардың Лицей гимнімен аяқталды. Лицей гимнін жеке дауыста директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Нұрқамбаева орындады. Мереке соңы қонақтарға арналған ақ дастарханға ұласып, әдемі әңгіме, есте қаларлық кездесу жалғасын тапты.

Осы шараны ұйымдастыруда ата-аналар, түлектер қарап қалмады. Қолдан келгенше көмектесті. Әсіресе мектеп-лицей ұжымы ерекше алғысын осы салтанатты жиынды өткізуде  раушан гүлдерімен қамтамасыз еткен Әсел Акжігітоваға білдірді.

Мектеп басшысы Н.Жарованың: «Тәуелсіздікпен таласа бой көтерген лицейді 30 жастағы ордабұзар жасқа теңеймін. Ол деген сөз еркіндік пен жастық жалынның символы. Лицейдің алар асуы әлі алда», – дегеніндей, аудан айнасы болған білім ордасының шығар шыңы бұдан да биік екені сөзсіз. Отыз жылда талай бел-белесті бағындырған лицей ұжымы ел игілігі жолында еңбек етер еліміздің жаңа тұлғаларын тәрбиелеп, үлкен өмір жолына жолдама беруден шаршамасын, талмасын!

 Н.Дүйсенбаева,

 Аягөз мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Осы айдарда

Back to top button