САМАРЛЫҚТАРДЫҢ СУСЫЗ ОТЫРҒАНЫНА ҮШІНШІ КҮН
Көкпекті ауданы Самар ауылының тұрғындары, шағын кәсіпорындар, ауылдағы емхана мен аурухана үш күннен бері сусыз қалды.
Редакцияға телефон соққан Көкпекті ауданындағы Самар ауылының тұрғыны Аманғазы Қалиев үш күннен бері сусыз қалған самарлықтардың кір жуатын су түгілі, ішетін ауызсуға зар болып отырғанын айтып, ауылдағы жағдайдың күрделеніп кеткендігін жеткізді.
-Бөшкеге су құйып таратып жүр, бірақ ол су қоғамдық, әлеуметтік, медициналық қызмет көрсетуші мекемелер түгілі, былайғы жұрттың өзіне жұғым бола ма? Сусыз жерде қандай тазалық, қандай қызмет, қандай қауіпсіздік болсын. Судың жоқтығынан ауру туса қайтпекпіз? Ауылдағы жалғыз бастаудың басы қазір шелек ұстап кезекке тұрғандардан көрінбей кетті. Аудан, ауыл әкімдері неше күннен бері сусыз қалған ауылдық округ орталығының ахуалын көрмей, білмей отырған жоқ. Сөйте тұра қол қусырып отыр. Халық судың төлемақысын мерзімінде төлеп келеді, қарызы жоқ,-дейді ауыл тұрғыны Аманғазы Қалиев.
Ол кісінің айтуынша, Самардағы сумен қамту мекемесінің «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы энергия төлемақысының қарызы өсіп кеткендіктен, энергиямен қамтушы мекеме сумен қамтушы кәсіпорынға энергия беруді тоқтатқан.
Бет қатталып жатқанда:
Сонымен самарлықтар неге бір емес, бірнеше күн бойы сусыз қалды? Осы сауалды Көкпекті ауданы әкімдігіндегі жауапты тұлғаларға, аудан әкіміне, оның орынбасарына қоймақ болып таңертеңнен бастап телефон шалғанымызбен, ешкімді орнынан таппадық, қабылдау бөлмесіндегі хатшының айтуынша, басшылар шұғыл жұмыстарымен жүр. Одан соң облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілі Гүлшара Мұхаметжановаға хабарласып, мән-жайды осы жақтан сұрағанбыз. Басқармадағылар Самарда неше күннен бері сусап отырған жұрттың жағдайынан хабарсыз болып шықты. Іле-шала ауданға хабарласып, Самар ауылына кеше кешке су берілгелі жатқандығын жеткізді. Энергия төлемақысына қарыз болған Самар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2 млн. теңге қарызын төлеп, энергия жүйесіне қайтадан қосылғандығын айтты.
Жанаргүл Мұқатай