Қоғам

Самардағы батырлар ауылы абаттанады

Ержан Әбіш

Самар ауданының Подгорное ауылында көшелер жөнделіп, шамдар орнатылады, сондай-ақ жергілікті емхана жөнделіп, мектепте физика және лингафон кабинеттері ашылады. Бұл туралы аталған елді мекенге жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Бұл шағын ауылдан Кеңес одағының үш бірдей батыры – Николай Фонов, Сергей Седнев және Иван Яроцкий шыққан. Ардагерлер туралы естеліктер, олардың наградалары мен фотосуреттері мектеп мұражайында сақтаулы.

– Жергілікті мектеп қаладағы білім мекемелерінен кем түспейді екен. Ғимараты жөнделген, мұғалімдер мен оқушылардың әр сыныпқа ұқыпты қарайтыны байқалады. Жақында мұнда физика және лингафон кабинеттері ашылмақ. Келер жылы бірінші сыныпқа тоғыз бала баруы тиіс, бұл да жаман емес, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудан әкімдігіне қажет болса, ауылға келетін жас мамандарға арнап баспана салуды немесе бар үйлерді жөндеуді тапсырды. Биыл елді мекенге жұмыс істеу үшін үш маман келген.

Халықпен кездесуде Президент Жолдауы, кезектен тыс сайлау және Конституциядағы негізгі өзгерістер талқыланды. Атап өтерлігі, былтыр Миролюбовка ауылдық округінің әкімін тұрғындар өздері таңдаған. Жиында жұрт аудандық газеттің қажет екенін жеткізді. Тиісті шешім қабылданып та қойған екен, басылым алдағы жылдың 1 қаңтарынан шығатын болады. Сондай-ақ жолдар жөнделіп, ауыл көшелеріне шамдар орнатылады, жобасы әзір.

– Мұғалімдер өтініші бойынша Қаракөл ауылының мектебінде лингафон кабинетін ашамыз. Кондитерлік салаға арнап күнбағыс өсіретін «ЛИК» шаруа қожалығы қарқынды дамып келеді. Мұнда топырақты қалпына келтірудің, астық түсімін көбейтудің озық технологиялары қолданылуда, – деп атап өтті басқосуда өңір басшысы.

Сондай-ақ Даниал Ахметов барлық жабдығы бар фельдшерлік-амбулаториялық пункттің жұмысымен танысты, мұнда да жөндеу жүргізу жоспарланған.

Осы айдарда

Back to top button