Қоғам

Самардағы салтанат

      Президент Жарлығымен бірқатар облыстар мен аудандар қайтадан құрылып, кейбірі бұрынғы мәртебесіне қайтадан ие болды. Бұлардың ішінде осыдан ширек ғасыр бұрын Көкпекті ауданына қосылған Самар ауданы да бар.

Өз тізгінін өз қолына алып, жаңадан ту көтерген Самар ауданы халқының көңіліндегі көрікті ойды, жүректеріндегі қуанышты айтпай-ақ түсінуге болады. «Аудан» деген мәртебені қайтадан иеленген жері құтты, ел-жұрты берекелі өңірдің тұрғындары осынау айтулы мерекені есте қаларлықтай етіп атап өтті.

Ауыл жұрты, сондай-ақ  әдейілеп келген той қонақтары барынша көркейтіліп, гүлге оранған Самардағы Абай алаңына жиналды.

–  Президенттің Жарлығымен Абай облысы құрылған соң, ауданымыз бұрынғыдай Көкпекті мен Самар болып екіге  бөлінді, – деді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Теміржанов. – Екі аудан бірлесіп, өткен 25 жылда еліміздің егемендігін нығайтып, нарықтың қыспағынан, өтпелі кезеңнің ауыртпалығынан сүрінбей өттік. Облыста, республикада маңдай алды аудандардың бірі болдық.  Көкпекті ауданының алға қойған  жоспарлары әрдайым орындалып отырды. Бүгінде аудандағы шаруа қожалықтары жоғары аграрлық технология мен жаңа техникаларды пайдалана отырып, істерін өрге бастырып отыр. Облыс бойынша ауданымыз егін егуден, асыл тұкымды ірі қара өсіруден үнемі алдыңғы қатарда. Осы жетістіктерге көкпектілік, самарлық ағайын болып ынтымақтаса қол жеткіздік.

Самар мен Көкпекті аудандары біріккен жиырма бес жылда 350  пәтер, емханасымен 120 орындық аурухана, төрт  жаңа мектеп, үш  балаларды сауықтыру кешені ашылып, Бұқтырма су қоймасының сарыбелдік жағалауы кәдімгідей  туризм ошағына айналды.

Осы ширек ғасыр ішінде аудан спортшылары көкпардан бес рет, волейболдан 10 рет облыстың чемпионы атанып, Көкпекті ауданының қоржынына спорттың әр саласынан әртүрлі деңгейдегі жарыстарда  2,5 мың алтын, 3 мың күміс, 5,5 мың қола медаль салды.  Самар ауылында алдыңғылардың бірі болып денешынықтыру-сауықтыру кешені, бассейн салынды. Бүгінгі күні екі ауданда екі денешынықтыру кешені, бес спортзалы, 17 футбол алаңы, 20 хоккей корты бар.

Осы 25 жылда Самар мен Көкпектінің шаруа қожалықтары ақ бидайдың элита тұқымын, қазақтың ақбас сиырын, жылқының қазанаты мен арғымағын өсіруді  қолға алды. Қалба бойында жатқан көшім, мұғалжар, жабы, қарабайыр жылқысының қостары даламыздың сәнін келтіріп, еліміздің байлығын арттырды. Алдағы уақытта да ағайыншылығымыз, береке-бірлігіміз үзілмесін.

Еспе бойындағы Аққаладан ат қосып, әппақ жеңіл көліктермен шеру бастаған жастар мариногоркалық омарташылар мен Бастаушының көкпаршыларын, Құлынжонның балықшыларын, Сарыбелдің қайықшыларын, Палатцы мен Миролюбовканың диқандарын аудан орталығы – Самарға бастап келді. Самар ауылының орталығындағы  Абай алаңында шоғырланып тұрған қауым «Самар ауданы» деген жазуы бар ала байрақ пен  қасиетті көк туымызды қошеметпен қарсы алды.

Той қызығы орталық алаңда тігілген 12 киіз үйде, сән-салтанаты жарасқан дала сахнасында жалғасты. Сөз кезегі Самарды, кейіннен Көкпекті ауданын 13 жыл  басқарған Баянды Қожамбетов ақсақалға берілді. Бұдан соң Самар ауданының керегесін кең жаюына ат салысқан Баянды Қожамбетов, Виктор Лопаткин, Сайлаухан Күдербаев, Александр Федосов, Ержан Дүсіпов, Самархан Жотабаев, жаңа ауданның мәслихат хатшысы Гүлнар Шаймарданова, Евгений Болде, Есенбек Мәмбетов, Асқар Қажығалиев, Бауыржан Рапеков және басқаларға Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейітхановтың атынан шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.

Өскемен қаласынан келген Самардың тумасы, белгілі кәсіпкер Әлхан Байсақов ел-жұртын құттықтай тұрып, бірқатар адамдарға шапан жауып, сый-сияпат ұсынып, құрмет көрсетті. Осыдан соң ол өзінің тапсырысымен сазгер Қайырбек Оразбеков пен ақын Хасен Зәкәриянің шығармашылық одағынан туған «Самар вальсі» атты әуенді орындауды сұраған еді. Аталған әнді Қайырбек пен өскемендік әнші Зүлфия Дүсіпова нақышына келтіре шырқағанда, алаңда сүйінбеген жан қалған жоқ.

Осы торқалы тойға ең шалғай жерден келіп отырған құрметті қонақ  – Ленинград облысының тұрғыны Адольф Эленберг өзінің іргедегі Екпін ауылында туып-өскенін, әкесінің қазақ отбасында тәрбиеленгенін баяндай келе, мұндағы орыс-қазақ жерлестеріне шын пейілімен тыныштық, молшылық, береке-бірлік тілейтінін ортаға салды.

Дүркіреп өткен  тойда әсем ән шырқалып, күміс күй төгілді.  Самарлық бишілер ырғала билеп, жыршылар жалынды жырларын төкті. Айтыскер ақын Фархат Маратұлы, жас жыраулар Аян Қалымбектегі, Әлібек Әбілғазы ауылдастарын көркем жырларымен тербеді.

Той салтанатын жүргізген Айымгүл  Ықай мен Лариса Вебер бар өнерлерін салып, тыңдаған жұртты тамашаға кенелтті. Осындай өнерпаздардың арқасында Қарт Қалбадағы Жаңа Самардың тойы түн жарымына дейін жалғасып, соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Қайрат Малғаждаров Самар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button