Қоғам

Самар жағалауында интернет қашан болады?

Бұқтырма су қоймасының Самар жақ жағалауында интернеттің, ұялы байланыстың жоқтығы, тұрмыстық қалдықтарды шығару, электр эенергиясымен қамту мәселелерінің шешілмеуі бұл жақта туризмді дамытуға кері әсерін тигізіп келеді.

Жағалау бойындағы демалыс базаларының иелері, кәсіпкерлер көлденеңдеп жатқан көп мәселелерді көктем басталмай жатып тағы да көтергенімен, биыл да «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалғанын көріп отырмыз. Самар ауданы әкімдігіндегілердің айтуынша, келер жылы жағалаудағы  интернет, полигон ашу, электр энергиясымен қамту мәселелері шешімін таппақ, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Жуықта  «Кар-Тел» ұялы байланыс операторы Самар жағалауындағы демалыс орындарына ұялы байланыс, интернет желісін қойып беруге келісімдерін берген. Қазіргі күні аталған операторға жағалау жақтан  интернет тартуға қажетті антенна құрылғыларын орнатуға жер учаскесі бөлінген.

– Новостройка ауылы мен жағалаудың ортасындағы биік дөңеске орнатылатын антенна мұнаралары демалыс базаларын да, ауылды да интернетпен қамтитын болады. Новостройка ауылында да әлі күнге дейін интернет байланысы жоқ. Желі құрылысын жүргізу жобасының техникалық шарттары мерзімінде шешіліп, қажетті құжаттары дайындалып бітсе, антенна құрылғылары құрылып, көктемнен бастап жағалауда интернет байланысы орнатылып, келесі жылы демалыс маусымында Бұқтырма жағалауына демалуға барғандар интернет байланысын пайдалана алатын болады, -деп жауап берді сауалымызға Самар ауданы әкімдігінің энергетика, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Жүрсінов.

Әкімдік қазір тек «Кар-Тел» ұялы байланыс операторына тоқталып отырған жоқ. «Аltel» операторымен де келісім жүргізіп жатыр. Бірлесе қамтамасыз ету келісім шарты бойынша тұрғындар мен туристерге бірлесе, сапалы қызмет көрсететіндей, жағалаудағы демалыс орындарына неғұрлым барлық ұялы байланыс опеараторларын енгізу көзделініп отыр. Ойластырылып отырған шаралар облыстың цифрландыру басқармасымен бірге шешілуде.

Интернет байланысы Новостройка ауылында ғана емес, ауданның Шұбарқайың, Қайыңды ауылдарында да  жоқ. Алдағы уақытта ол ауылдарға да  антенналар қойылып, желілер тартылмақ. Жобалары әзірленіп, құрылғылар орнатылып, 1 шақырым 700 метрлік ұзындыққа желілер де тартыла бастаған. Сондай – ақ, келешекте  интернеті бар ауылдардағы үшінші буын желісін төртінші буынға алмастыру көзделініп отыр. Қазір Сарыбел, Көкжыра сияқты көпшілік ауылдарға  жылдамдығы баяу  3G -мобильді интернет желілері ғана тартылған, енді олар 4G, 5G -ға көшірілмек. Төртінші буынды байланыс технологиясымен ауыл тұрғындары ұялы байланыс желілері арқылы интернет желісіне кең жолақты қатынау мүмкіндігіне ие болады.

Болашақта Самар жағалауындағы Миролюбовка, Новостройка, Сарыбел ауылдарының инфрақұрылымдары одан әрі жөнделіп, жаңаланбақ. Биыл жағалау бойында 40 мыңнан астам адам демалып қайтса, келешекте демалыс маусымында 70 мыңға тарта турист келеді деп күтілуде. Өткен жылы демалыс орындары орналасқан жағалау жанындағы Сарыбел ауылына апаратын жол орта жөндеуден өткен. Келер жылы «Самар -Васильев өткелі» бағытындағы трассадан Новостройка ауылына дейінгі үш шақырымдық жолға орта  жөндеу жүргізіледі. Қазір бұл жолмен жүру тіпті мүмкін емес. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, облыстық бюджетке өтінім берілген.

Осы уақытқа дейін Самар жағалауында  демалыс базаларының тұрмыстық қалдықтарын төгетін полигон жоқ.  «Жабайы демалысқа» келгендердің артынан шашылып қалатын тау – тау қалдықта да есеп жоқ. Қазіргі күні демалыс базаларының иелері Самар коммуналдық шаруашылығымен тұрмыстық қалдықтарды жинап алу қызметін көрсетуге орай келісім – шартқа отырыпты. Бұдан былай қалдықтар жағалау жақтағы қоршалған, екі гектарды алып жатқан ашық полигонға апарып төгілмек. Кейін бас жоспар жасалып, жағалаудағы демалыс орындары  Новостройка ауылына қосылған соң ол жаққа жабық полигон салынбақшы.

Жағалаудағы демалыс базалары  үш елді мекеннің ешқайсының аумағына кіргізілмеген. Оларды елді мекендер аумағына енгізіп, ауылдардың аумақтық шекарасын белгілеп, инженерлік инфрақұрылымдарын салудың, дамытудың бас жоспарын жасау қажет. Көп шаруа басты мәселенің бірі болып отырған осы бас жоспарға тіреліп тұр. Оған қомақты қаржы қажет. Бүгінде жағалаудағы демалыс орындары электр қуатын «КазТрансАвиа» және «Баты» серіктестіктерінің электр желілері арқылы алып отыр. Біріншісі 455 демалыс үйін, екіншісі 1063 демалыс үйін энергиямен  қамтамасыз етіп келеді. Екеуінің де желілік қуаты осыншама нысанды қажетті энергиямен қамтуға жетпейді. Сондықтан, демалыс үйлерінің дұрыс жұмыс істеп, сапалы қызмет көрсетуі үшін қосалқы станциясымен бірге электрмен жабдықтау желісі құрылысын жүргізу қажет.

Новостройка ауылының жағалауында Алакөлдегідей медициналық пункт, полиция пунктін, депо ғимараттарын салу да жоспарланып отыр. Жағалаудағы тартымды, тиімді деген жер учаскелерін жаңа демалыс нысандарын салу үшін инвесторларға бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Автор: Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button