БілімТОП

Самар ауданында елде жоқ ерекше мектеп бар

Самар ауданының Құлынжон ауылындағы бұл мектепте бастауыш сыныптың оқушыларынан бастап, жоғарғы сыныптың оқушыларына дейін екі уақ тегін тамақтанады. Мектепте ауылдың барлық тұрғындары келіп кино көре алатын, спортпен шұғылданып, кітап оқып, бос уақытын тиімді өткізетін, басқа да іс – шараларға қатысатын кинотеатр, хореографиялық зал, қолданбалы өнер, музыка кабинеттері, балалар және ересектерге арналған ойын алаңдары қамтылған кешенді «комьюнити орталығы» бар.

«Ybyrai mektebi» атты жіксіз оқытудың қанатқақты моделі бойынша оқытып жатқан бұл мектепте оқушылардың дұрыс демалып, терең білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалып отыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

«Көрші ауылдан келдім»

Қазақстанға белгілі кәсіпкер, меценат, BI Group-тің басшысы, Құлынжон ауылының тумасы Айдын Рахымбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ybyrai mektebi» жобасы «Aidyn & Anar Rakhimbayev Foundation» қорының қаражатымен жүзеге асырылуда.

Құлынжон ауылының мектебі 1966 жылы салынған екен. 2016- жылы кәсіпкер туған ауылындағы  ескі мектепке күрделі жөндеу жүргізген. Мектептің қабырғаларынан басқа жердің бәрі қайтадан салынып шығады. Жаңа коммуналдық жүйе орталығының құрылысы жүргізіліп, мектеп толықтай қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталады.

Кірсе шыққысыз етіп қайта салынған  елде жоқ бұл ерекше мектепте  қазір 185 бала оқып жатыр.  Бір кездері мектепте 90- 100 бала көлемінде білім алса қазір оқушы саны екі есеге өскен.  Бүгінде Құлынжон ауылындағы мектепке көршілес Самар, Көкжыра, Бастаушы тағы да басқа ауылдардан келіп оқып жатқан балалар өте көп.

– Мен мектепке көрші ауылдан келдім, күн сайын аудан орталығынан келіп оқып жүрмін. Ауылда тұрсақ та осындай жарқыраған білім ордасында, заманауи мектепте білікті ұстаздардан тәлім – тәрбие, білім алуға үлкен мүмкіндік туғызылып отыр, – дейді мектеп оқушысы  Мәлика Ахметзәки.

Құлынжол ауылы мектебінің директоры білім ордасы басшылығына республика бойынша жарияланған конкурс негізінде тағайындалған болатын. Біз барғанда мектеп басшысы Аралбек Берікұлы іссапарда жүруіне байланысты мектеп өмірімен ұстаздардың өздері таныстырды.

Астаналық математиктер оқытып жатыр

– Мектебіміздегі «Ybyrai mektebi» атты жіксіз оқытудың қанатқақты моделі үздіксіз оқу процесін, баланың балабақшадан бастауышқа, бастауыштан орта буынға, орта буыннан жоғары буынға күйзеліссіз өтуін және одан әрі оқытудың бірыңғай тәсілін қамтиды. Яғни, бастық бағыт: бала – ата-ана – мұғалім үштігінің арасында  өзара байланыстың болуы. Біздің  шағын жинақты мектебіміз 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған бөбекжай, бастауыш мектеп, орта және жоғары мектеп, сондай-ақ ауылдың барлық тұрғындарына арналған «комьюнити орталығы» кешені бар үлкен білім ордасы,- деп түсіндірді  бізге Құлынжон ауылындағы мектептің өзіндік оқыту жүйесін мектеп ұстазы Гүлмира Дауылбаева.

Құлынжонда туып, өскен Гүлмира да осы мектептің түлегі. Педагог бір кездегі өзі оқыған білім шаңырағы мен қазіргі замануи білім ордасының арасы жер мен көктей екенін, осынау бірегей мектептен білім алған  түлектерінің жыл сайын грантқа түсіп жатқандығын жеткізді.

Оқушылар түстен кейін мектептегі гимнастика, би, домбыра, күрес сияқты түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылықтарын шыңдайды.

Сапалы білім алу үшін, сапалы білім беру үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді ұстаздар да, оқушылар да тиімді пайдалануда.  Сыныпқа кіре берістен «Телефондар станциясы» деген көп қалташалардан тұратын  үлкен төртбұрыш тақтайшаны көрдік.  Қалташалардан қылтиып телефондар көрініп тұр.  Сабақ үстінде ойын бөлінбес үшін сыныпқа кірерде балалардың бәрі өз смартфондарын осы қалташаларда қалдырады екен. Бала  алаңдамай, өз ойын жинақтап айтуы үшін, берілген жаттығуды жалтақтамай орындауы үшін сабақтың бәрі телефонсыз өтеді. Ғаламторға, барлық цифрлық  технологияларға қатысты дүниенің бәрі сыныптағы аудио- бейне мультимедиалық жабдықтардың ішінде.

Мектепте  математика пәнінен Астанадан  келген білікті, тәжірибелі ұстаздар да сабақ беріп жатыр. Өзге өңірлерден келген мұндай тапшы мамандарға арналып мектеп жанынан жатақхана салынған.

Мектеп басшылығы болашақта өзге ауылдардан келіп, кетіп оқып жатқан оқушыларға арнап интернат салуды ойластырып отыр.

Әлемнің барлық жақсысын, білім берудің озық үлгісін алақандай ауыл мектебіне алып келген жандарға құлынжондықтардың құрметі  шексіз.

 

Автор: Жамал Ермен

Суреттер автордыкі

Осы айдарда

Back to top button