«Самал» өзгеше саябақ болады

Өскеменде спорттық-табиғи-экологиялық саябақ пайда болады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралау барысында қалада бой көтеретін «Самал» саябағы қандай болуы керектігін айтты.
Естеріңізге салайық, жаңа саябақ бұрындары Октябрь аралы деп аталған жерде салынып жатыр. Оның құрылысына шамамен 680 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат саябақ аумағында заманауи жағажай, түрлі спорттық нысандар, жүгіру жолақтары, велосипед жолы, балалар алаңқайлары сияқты нысандар салуға бағытталмақ. Мұнда тіптен, қайықпен серуендеуді, байдарка, каноэмен ескек есуді ұнататын адамдарға арналған су арнасы да болады. Бүгінде саябақтың сыртында 200 автомобильге шақталған көлік тұрағы да салынып қойыпты. Нысанды аралап көрген облыс әкімі автотұрақты бұдан да үлкейте түсу керектігін айтып, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар мұнда келген халық саябаққа көлікпен кірмеуі тиіс екенін ескертіп, кәуәпханалар мен дәмханалар парктің бір бөлігінде ғана болуы керектігін айтты.
– Бұл саябақты қаладағы басқа парктерден табиғаты ерекшелеп тұруы тиіс. Мұндағы ағаштарды да, қалың қамысты да сол қалпында қалдырыңыздар. Саябақтың ішіне түбегейлі өзгертулер енгізудің еш қажеті жоқ. Тек ең қажеттісін жасасақ болғаны. Ең бастысы, қала тұрғындары үшін бұл саябақтың есігі қысы-жазы ашық болуы шарт, – деген аймақ басшысы төрт айда атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, нысан келесі жылдың мамыр айында қолданысқа берілуі керектігін айтты.
Аймақ басшысы, сонымен қатар Астана көшесіндегі автокөлік жолын кеңейту жұмыстарының барысымен танысты. Айта кетейік, бүгінде аталмыш көшедегі құрылыс жұмыстары бел ортасынан ауып кеткен. Автокөлік жолының ені екі есеге дейін үлкейіп, осы көшенің бойындағы Үлбі өзенінің үстімен өтетін жаңа көпірдің аумағы да біршама ұлғайған. Дәлірек айтсақ, бұрын ені шамамен алты метрді құраған көпірдің бүгінгі жалпақтығы тоғыз метрге дейін жетіп отыр. Көшедегі құрылыс жұмыстарының қарқынын көріп қайтқан облыс әкімі дәл осы жерде журналистерге келер жылы шаһардағы тағы бірнеше көшенің кеңейтілетінін хабарлады.
– Келесі жылы өскемендіктер мен қала қонақтарын бірнеше жақсы жаңалықпен қуантатын боламыз. Мәселен, Астана көшесі сияқты Сәтбаев даңғылын да кеңейтпекпіз. Өздеріңіз де білерсіздер, бұл жұмыстарды бастап та жібердік. Болашақта Сәтбаев даңғылы қаладағы ғана емес, бүкіл республикадағы ең кең даңғылға айналады. Сонымен қатар Ворошилов пен Потанин көшелерін де кеңейтетін боламыз. Атап айтсақ, келер жылы Ворошилов көшесінің Абай даңғылынан Металлургтер көшесіне дейінгі 2,6 шақырымдық бөлігі кеңейіп қана қоймай, екі бағыттық жолға айналады. Осы жұмыстардың арқасында біз қаладағы көлік кептелісіне қатысты ахуалды біршама оңалтамыз, – деді аймақ басшысы.
60 жыл қордаланған мәселе шешілді
Қаланы аралау барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Челюскин көшесіндегі жақында ғана жаңа жылу жүйелері тартылған бірнеше көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесті. Айта кетейік, биыл аймақ басшысының тапсырмасымен аталмыш көшедегі алты екі қабатты тұрғын үйге жылу жүйесі тартылған-ды. Соның арқасында бұған дейін үйлерін от жағып жылытып келген 48 пәтердің тұрғындары орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған.
Жергілікті тұрғындардың бірі, биыл жасы 70-ке толған зейнеткер Нина Щуканың айтуынша, халық бұл қуанышты сәтті 60 жылға жуық уақыт бойы күтіпті.
– Бұрындары үйімізді жылыту үшін жылына алты тоннадай көмір сатып алатынбыз. Енді мұның қажеті жоқ. Соңғы рет келгенінде облыс әкімі біздегі жағдаймен танысып, тұрғындарға міндетті түрде көмектесетінін айтқан болатын. Даниал Кенжетайұлы өз сөзінде тұрды. Сол сапары кезінде облыс әкімі біздің көзімізше құзырлы органдарға тиісті тапсырма берген еді. Ертеңіне-ақ құрылыс жұмыстары басталып, соның арқасында қыс түспей тұрып жаңа жылыту жүйесі тартылып қойды. Біздің мәселемізді шешіп берген ел ағаларына мың алғыс айтқымыз келеді, – деді зейнеткер.
Облыс әкімі жылыту жүйесіне қосылған үйлерге кіріп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Айта кетейік, «Өскемен жылу жүйелері» АҚ жүргізген құрылыс жұмыстарына шамамен 21 миллион теңге жұмсалған-ды.
Сондай-ақ бұл күні аймақ басшысы биыл күрделі абаттандыру жұмыстары жүргізілген Островский және Қазақстан көшелеріндегі бірнеше ауланың жағдайымен танысты, ондағы тұрғындар алғысын білдірді.
Тағы бір қуанышты хабарды облыс әкімі шаһардағы Жамбыл атындағы саябаққа барғанда естідік. Аймақ басшысының айтуынша, келер жылы мұнда жыр алыбының жаңа, еңселі ескерткіші бой көтереді екен. Облыс әкімі сонымен қатар мұнда абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуі керектігін айтып, бұл іске жауапты қала басшылығы мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына тиісті міндеттер жүктеді.
Нұржан Кенжеұлы