Қоғам

Самал саябағы саз емес

«Вагондар тоқтаусыз зулап өте береді, өте береді… сонда да жақсылықтан күдерің үзілмесін!» дейтұғын мағыналы сөз бар. Өскемендегі Самал және Жамбыл саябақтарын аралап шыққан облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді.

Түсіндіріп өтейік, «Хабар 24» телеарнасында 28 сәуір күні «Өскеменде былтыр ашылған саябақ іші саз батпақ» деген жаңалық шықты. «Бүлдіршіндердің шомылуы үшін арнайы салынған бассейн суы борсып кеткен. Ал саябақты салған құрылысшылар әлі күнге бас мердігер компаниядан еңбекақыларын ала алмай жүр. Бұл жерге екі шлюз салынуы керек еді. Алайда олар салынбады», – деп айтылған телеарна хабарында.

Осы жаңалық шыққан күннің ертеңінде  Самал саябағына аймақ басшысы келді. Сол жерде болған қала әкімі Жақсылық Омар бүлдіршіндер бассейніндегі су «кеше жағалаудағы орындыққа дейін ғана көтеріліп жатты» деді. Бүгін ондағы су азайтылған.

– Міне, «Самалды» арнайы келіп аралап шықтым. Ешқандай басып жатқан суды, саз батпақты көріп тұрған жоқпын. Ал қосалқы құрылыс компанияларының «еңбекақы алмадық» деуі – бас компания екеуінің арасындағы мәселе. Біз өз тарапымыздан тиесілі соманы бас компанияға бергенбіз. Олардың ісін сот қарайды. Жалпы адам баласы өмірде оптимист болуы керек қой. Жақсы дүниелерді көре білген абзал. «Вагондар тоқтаусыз зулап өте береді, өте береді… сонда да жақсылықтан күдерің үзілмесін!» дейтұғын мағыналы сөз бар. Бұл сөзде біздің өміріміз жайлы айтылған. Вагондар – біздің өміріміз. Ештеңеден қорықпайық. Бәрі өтеді. Бәрі жақсы болатынына сенейік, – деген Даниал Ахметов елде таралған індет те өтетінін айтады.

 

– Коронавирус та өтеді, кетеді… Мамырдың басында шектеу шаралары жеңілдейді. Төртінші жұлдызынан бастап Өскемен мен Семейден Нұр-Сұлтан мен Алматыға әуе қатынасы жанданады, – деді Даниал Ахметов.

Өскемен әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанованың айтуынша, алдағы уақытта бүлдіршіндер бассейнінің екі жағынан бөген қойылады.

Даниал Ахметов орталықтағы Жамбыл саябағына да барып, еріктілермен бірге шырша отырғызды.

– Мұнда орнатылған Жамбыл Жабаевтың ескерткіші басқасынан ерекше. Әдемі мүсінделген. Менің ойымша, енді бұған қарсы беттегі саябақта әйгілі ақын Александр Пушкиннің ескерткіші тұруға тиіс. Солайша екі мүсін, екі ақынның арасын Бейбітшілік көшесі жалғап тұрады, – деді аймақ басшысы.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button